|
КӨКШЕТАУ. Қыркүйектің 25-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ -Ақмола облыстық ішкі істер департаменті облыстық жол полициясы басқармасының ұйытқы болуымен «Абалаңыз, балалар» республикалық іс- шара аясында жол қозғалыс ережесінің білгілері анықталып, жүзден жүйрік шыққандар сый-құрметке бөленді. Облыстық жол полициясы басқармасы бастығының орынбасары Мұрат Ағзамовтың айтуынша, бірінші рет өткізілген мұндай байқауға Көкшетау қаласындағы жолаушылар тасымалдаушылар арасынан іріктеліп алынған автобус жүргізушілері қатыстырылды. Бұл жолы мұндай сайысқа «Сейнұр» және «Автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінен 8 адам бақтарын сынады. Алдын ала белгіленгендей, үміткерлер 20 сауалға жазбаша, электронды емтиханның 40 сауалына жауап беру керек болатын. Айналасы бір жарым сағат ішінде ең аз қате жіберген жеңімпаз аталды. Автобус паркінің байырғы жүргізушісі Виктор Правнюк осындай құрметке бөленді. Іс-шара аясында жергілікті 6-шы орта мектептің жас инспекторлары жол қозғалыс ережесі турасында театрландырылған қойылымын ұсынып, балаларды қорғауға әркімде жауапты екендігін жеткізді. Бұл шара алдағы күнде жалғасын таппақ.
Басқармадан алынған деректерге сәйкес ағымдағы жылдың сегіз айында өңір жол бойларында балаларға қатысты 31 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, онда 6-уы өмірден өтіп, 28-і әртүрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілген. |