01-Қыркүйек-2011 - Білім күнімен!
Құрметті облыс тұрғындары!
Бүгін еліміздің мектептері, лицейлері мен колледждері, жоғары оқу орындары есіктерін айқара ашып, жүз мыңдаған оқушылар мен студенттер, оның ішінде Қарағанды облысының да білім қуған шәкірттері жалпыхалықтық мереке – Білім күнін атап өтуде.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тұрақты қамқорлығының арқасында тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде елімізде оқушылардың сапалы білім алулары үшін барлық қажетті жағдайлар жасалды. Экономикалық және қоғамдық жаңғырту қажеттіліктеріне сай келетін пәрменді, замануаи білім жүйесі әзірленіп, нақты жүзеге асырылып жатыр.
Осы жүйені жүзеге асырудың нақты нәтижелерін біздің аймағымыздан да көруге болады.
Соңғы жылдары 25 жаңа мектеп іске қосылды. Үш ауысымда оқыту мәселесі түбегейлі шешілді.
12 жаңа балабақша мен 293 шағын орталық ашылып, мектепалды білім мен тәрбие беру деңгейін 85% жеткізуге мүмкіндік берді. Білім мекемелері жай ғана заманауи құралдармен емес, әлемдік стандартарға сәйкес келетін зертханалар мен шеберханалармен жабдықталуда. Ал мұндай құралдар қолжетімді болуы үшін республикада тұңғыш рет Қарағанды политехникалық колледжі базасында оңтүстіккореялық «АХА» фирмасымен бірлесе отырып, соңғы үлгідегі оқу құралының өндірісі басталды.
Біздің аймағымыз қарқынды дамып келе жатқан республикамыздың өнеркәсіптік орталықтарының бірі болып табылады. Сондықтан да бізге бәсекеге қабілетті, кәсіби шебер мамандар қажет. Көптеген қарағандылық жастар ел Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы, облыс әкімінің, жүйеқұраушы кәсіпорындардың гранттары негізінде жетекші шетелдік оқу орындарында білім алып жатыр. Бірақ біздің міндетіміз – осындай мамандарды өзімізде тәрбиелеп шығару. Елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен дарынды балаларды оқытатын бірегей білім жүйесі жасалынды. Тек Қарағанды облысында дарынды балаларға арналған 7 мектеп, 40-тан аса гимназиялар мен лицейлер жоғарылатылған деңгейде білім беру жұмысын жүзеге асырып келеді. «Назарбаевтың зияткерлік мектептері» бағдарламасының шеңберінде биылғы жылы Қарағанды қаласында да химия-биология бағытындағы жаңа мектептің құрылысы басталды.
Жақында өткен білім беру саласы қызметкерлерінің тамыз мәслихаты бізде ізденгіш, шығармашылық тұрғыда ойлайтын ұстаздардың аз емес екендігін көрсетті. Олардың әзірлеген бірқатар инновациялық жобалары, атап айтқанда «Көптілділік», «Ресурстық орталық» сынды жобалары бүгінде республика көлемінде кеңінен тарап жатыр.
Осы айтулы мереке күні қиын да қызықты ағартушылық жолдағы ұстаздар қауымына сәттілік пен шығармашылық табыс, ал шәкірттерге неғұрлым көбірек білуге деген ұмтылыс, ынта-ықылас тілейміз.
Мерекелеріңізбен, қымбатты достар! Білім күнімен, жаңа оқу жылымен!
Қарағанды облысының әкімі
Серік Ахметов
Облыстық мәслихат хатшысы
Бейсембай Жұмабеков