28-Мамыр-2012 - Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күнімен!!!
Құрметті облыс тұрғындары!
Бүгін біз айтулы мереке - Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күнін атап өтудеміз.
Бүкіл елімізбен бірге біздің облысымыздың экономикасы да қарқынды дамып келе жатқандықтан байланысшылар күннен күнге өсіп келе жатқан экономика мен облыс тұрғындарының байланыс қызметіне деген қажеттілігін толық қамтамасыз ету үшін телекоммуикацияның тиімділігін арттыра түсудің тың жолдарын іздестіруде.
Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында белгіленген міндеттерді, оның ішінде үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқандығын ескеретін болсақ, мұның маңызы тіпті еселеп арта түсері сөзсіз.
Байланыс жүйесінде алдыңғы қатарлы техникалық шешімдер енгізіліп, өндірістік және қаржылық көрсеткіштер жақсарып келеді, ірі жобалар іске асырылуда.
Заманауи әлемді ақпаратсыз елестету мүмкін емес, сондықтан бүгінгі күні біз телевидение мен радио, мерзімді басылым мен полиграфия саласының қызметкерлеріне, біздің ақпараттық әлемімізді қызықты әрі бай етуге еңбек сіңіріп жүрген барлық жандарға құрмет көрсетеміз.
Қарағандылық журналистиканың қалыптасқан бай дәстүрлері бар. Ол есімдері елге мәшһүр талай-талай қарымды қаламгерлер буынын тәрбиелеп шығарды. Бұл дәстүрді журналистердің бүгінгі толқыны да лайықты жалғастырып, тәуелсіз Қазақстанның, оның ірі индустриалдық орталығы Қарағанды облысының өсіп-өркендеуіне еселі үлес қосып келеді.
Байланыс және ақпарат саласының барша қызметкерлеріне адал еңбегі мен толағай табыстары үшін алғысымызды білдіреміз. Сала қызметкерлері алдағы уақытта да қол жеткен биігінде қалып қоймай, әр жетістігін еселей арттырып, алдағы міндеттерді жемісті шешуге үлес қоса береді деген сенімдеміз.
Қымбатты достар!
Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға бірлік пен береке, шаңырақтарыңызға шаттық, ырыс-несібе және еңбекте табыс тілейміз.
Қарағанды облысының әкімі
Әбілғазы Құсайынов
Облыстық мәслихат хатшысы
Бейсембай Жұмабеков