ЖАСАМПАЗ МАГНИТКА ЖЫЛНАМАСЫ
Жуырда жаңа кітап жарық көрді. Басылымда Қазақстан Магниткасы өткенінен сыр шертіліп, құнды деректер, маңызды даталар легі топтастырылған. Атауы да ұқсас, мұқаба сыртында «Теміртау қаласы мен Қазақстан Магниткасының жылнамасы» деп тайға таңба басқандай етіп жазылған. Мерейтойға тағы да бір тамаша тарту ұсынылған.
Көне суреттер өндірісті мекеннің өміршең сәттерін сақтап қалған. Тарихты жасайтын адамдар ғой... Бұнда да болат балқыту мен шойын қорытуда құрыштай шыныққан тұғырлы тұлғалардың, қарапайым еңбек адамдарының қарымды һәм қажырлы қимылы, жанкешті ерлігі бейнеленген. Заңғар жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Оянған өлке» романындағы Қарағанды көмір кеніштерінің құрылуы сияқты металлургтер майданы да оңай болмаған...
Бірақ жасампаз жандар бәрін жеңген, асқар биіктерге ұмтылудан тынбаған. «Оянған өлкедегідей» қазақ жұмысшылары мен өзге бауырлас халықтар қиындықты бірге бастан кешіп, ақыры біте қайнасып, ортақ мақсат-мүддені терең түсінген.
Қазақстан Магниткасына 50 жыл толса, Теміртау қаласының бой көтергеніне 65 жыл екен. Соны дер кезінде байқаған облыстың мұрағаттар және құжаттама басқармасының ғылыми-әдістемелік кеңесі құнды құжаттарды қопарып, мерзімді басылымдардың сарғайған парақтарын ақтарып, фотоқұжаттарға көз майын тауыса үңіліп, нәтижесінде елеулі оқиғалар хронологиялық тәртіпте баяндалған. Ө.Амантаев жетекшілік еткен редакциялық алқаның төккен терін қалың оқырман қауым тиісінше бағалар.
Екі тілде әзірленген баспа өнімінің кіріспесінде облыс әкімі Серік Ахметовтің сөзі берілген. «...1960 жылдың 3 шілдесінде мыңдаған құрылысшы мен металлург тарихи оқиға куәгері болды – алғашқы қазақстандық шойын шығарылды! Дәл осы оқиғамен Қазақстан Магниткасының өмірі басталды. Осы сәт Теміртау мен Қазақстан Республикасының бірінші Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тағдырын мәңгілік байланыстырды, - деп ой өрбіткен Серік Нығметұлы, - Теміртау уақыттың сынағына, қайта құруларға, нарық заңдылықтарына төтеп берді. Оның өткені – ерлікке толы, бүгіні – тұрақты, ертеңге деген сенімі мен бағыт-бағдары айқын. Бұған Елбасымыз Н.Назарбаевтың: «Қаланың өсуі, дамуы, әлі көптеген қазақстандық жас буынның Теміртаудан кепілдікті жұмыс орындарын тауып, жоғары жалақы алатыны және лайықты әрі шынайы еңбекті өмір үшін барлық жағдай жасалатыны күмәнсіз!» деген сөзі дәлел бола алады, - деп толғанысын түйіндейді.
«Теміртау – менің жастығым, менің өмірім» деген бөлімінің бірінші бетінде киіз телпекті баса киген сол кездегі албырт жас, қазіргі мемлекет басшысының қайратты кескіні бейнеленген. Тегеуріні тас уатқан, тепсе темір үзген қайран жастық шақ... Домна пешінің анау-мынау әлсіз, жігерсізді шыдатпас мың градустық ыстық жалынын көсеген Елбасының әріптес-замандастарының да қажырлы келбетінен нұр таймаған.
«Мен сенемін қаланың ертеңіне...». Әлбетте, бастапқыда зауыттардың жанында шатыр-лашықтар тігіп, «өз үйін, өлең төсегін» жұмақтай сезінген қарапайым жұмысшылардың ерен еңбегі бүгінгі гүл жайнаған, соны келбетте құлпырған өркениет орталығының алғашқы іргетасын, кірпішін қалады.
Дәйекті дәлелдер таразыланған басылымда атағы алысқа жайылған, даңқы төрткүл дүниенің назарын өзіне аударған Магнитканың тарихы барынша қамтылып, кенді өлке тұрғындары, тумалары қал-қадірінше үн қатқан, үлес қосқан.
Алдаберген КЕМПІРБАЕВ.
 |