Отыз жыл шойынқұйған



1959 жылы наурыз айында Қазақстан үкіметі мен жастар одағы Теміртауға екі мың қазақ жігіттерін жіберуге шешім етті. «Қазақ жастары – Қазақстан Магниткасына!» деген үндеу кең байтақ даламыздың түкпір-түкпіріне жетті. Тамыз айында Теміртауға 663 бозбаланың келгені туралы деректер бар. Олар мұнда тас қалаушылар, бетоншылар, ағаш ұсталары сияқты құрылыс жұмысына кірісіп кетті. Басқа ұлт өкілдерімен қол ұстаса жүріп берік достық, ұлы бірлік рухын қалыптастырды. Сол тұста «Кім металлург болғысы келеді»деген тағы бір үндеу тасталды. Бұл жолы да жігіттер үлкен табандылық, ерлік көрсетіп ең бірінші қатардан табылды. Болат Кәрімов, Рақымжан Мырзахметов, Болат Сыздықов отты мамандықты игеруге бірінші болып үн қатты. Сол алдыңғылардың сапында Сатқанқұл Ботантаев та болды. Қарағанды шахта жабдықтарын жөндеу заводында слесарь-монтаждаушы болып істеп жүрген бозбала дәл іргеде алып құрылыс бой көтеріп жатқанын естіп, сонда баруға асықты. Оның бұл мақсатының тездетіп орындалуына жоғарыда аталған шақыру себеп болды. Мамыр айында комсомолдық жолдаманы қолына алған жас жігіт аглофабриканың құрылысынан бір-ақ шықты. Ал металлург мамандығын игеруге Ресейдің Магнитогорск комбинатына оқуға баруы да оның өзінің нағыз жүрек қалауы еді.
-Магнитогорск кен металлургия комбинатында төрт ай оқып, шойын құюшы, орысша айтқанда разливщик мамандығын игеріп шықтым, түске дейін теория, түстен кейін кәдімгі құю цехында кәнігі металлуртермен бірге жұмыс істедік. Шойынның 1500 градус ыстықта қорытылатынын көрдік, оттың ыстық лебіне, көз қарықтыратын жарқылына шыдау мүмкін еместей, бірақ жаңа істі игеруге деген құштарлық басым еді, оның үстіне өндірістік ұстаздарымыз намысымызды қайрап, «сендер қазақ шойынының нағыз қожайынысыңдар» деп төзімділікке үйретті. Міне содан шойын құюшы болып отыз жыл бір орында жұмыс істеп, зейнетке шықтым. Еңбек кітапшамда «Қарағанды металлургия комбинаты №1 домна пешінің шойын құюшысы болып қабылданды, 1990 жылы зейнетке шықты деген екі ғана жазу бар»,- дейді Сатқанқұл Ботантаев өзінің отыз жылдық металлургтік  жұмысы туралы қысқа қайырып.
Елу жасында зейнетке шыққан ардагер сол бір қиын да қызықты жылдары туралы әңгімелегенде күні кеше болғандай аса бір қызғылықты сәттерді де еске алады. Бір аусымда бірнеше шөміш сұйық шойынды бөліп-бөліп құйып, қатырады екен, әрқайсысы қырық-қырық бес келі тартатын бұдыр-бұдыр, өркеш-өркеш темір қатпа, металлургия тілімен айтсақ – чушка делінеді. Шөміш дегенде көз алдымызға асүйде тамақ құятын ожау келеді, ал бірақ шойын құятың шөмішті онымен салыстыруға да келмейді. Бір ожауға сексен- тоқсан тонна шойын сияды, цехтағы төрт машина күндіз-түні дамылсыз домна пешінен шыққан шойынды бөлшектеп құйып, жартылай фабрикаттарды темір жол вагондарына тиейтін орынға, ал енді біразын мартен, конвертер сияқты пештерге жіберіп жатады.
-Сіз қазақ шойынының бастауында тұрдыңыз, бұл тарихи оқиға, оның үстіне Қазақстанның тұңғыш Президенті де дәл сол кезде №1 домнада жұмыс істеді, таныстығыңыз болды ма,- деп сұраған едік. Ардагер металлург кейбір тұстастары сияқты «мен Нұрсұлтанды өте жақсы білемін» деп мақтанған жоқ.
-Ол кісі шойын қорытатын пештің нағыз өзінде оттың аузында тұратын горновой болды. Ал мен ол кісінің шығарған шойынын құятын разливкада істедім, кейін әр түрлі өндірістік және партия жиналыстарында көріп, өте терең, мағыналы ойлы сөздерін тыңдап, қазақ жігіттері бәрі осындай болса екен,- деп сырттай мақтанатынмын.
С.Ботантаев жиырма жылға жуық уақыттан бері зейнеткер, өзінің туған ауылы- Жарық станциясында тұрады, бірақ өзі айтқандай бар көңілі де, жүрегі де әрдайым Теміртаумен бірге. Магниткада не жаңалық болып жатыр деп алаңдап отырады. Темірбек Сейітқалиев, Жанғали Қақабаев сияқты әріптестерімен хабарласып, бір-бірінің жағдайларын біліседі.
- Менің еңбек жолымды балаларым жалғастыруда, ұлым Болат домнада электриктер бригадирі, келінім Ғазиза да сонда жұмыс істейді. Енді әскери міндетін өтеп келген немерем Ербол да заводқа бармақшы. Қарағанды металлургия комбинатында Ботантаевтардың домнашылар әулеті бар екенін айтып мақтаныш етемін,- дейді ардагер.
Өзінің саналы ғұмырын қазақ шойынының селін құюға арнаған Сатқанқұл Ботантаев сый-сияпаттан кенде емес, ол Қазақстанның еңбек сіңірген металлургі, Карметкомбинаттың ардагері деген құрметті атақтарға ие.
-Шіркін жастық шақта шаршау дегенді білмедік, ауысымнан бос уақытта сенбілікке шығып, ағаш отырғызу, оны суару сияқты жұмыстардың бәрінен калмайтынбыз. Қазіргі достық қыраты бойында достық саябағын салдық , сонда украин, орыс, болгар, татар, тағы басқа ұлт өкілдерімен бір жағадан бас, бір жеңі нен қол шығарып, өте тату еңбек еттік. Ал қазақ жастарына келсек бәріміз бір әкеден, бір шешеден туғандай болып кеткендігіміз сондай, тіпті ру, келген жерін сұрау деген болмапты. Басында екі мыңдай қазақ бозбалалары басқосқан едік, көбі кейін елдеріне қайтып кетті. Ал қазір Магнитканың әр түрлі мерекелері кезінде бәріміз де жан-жақтан Теміртауға жиналамыз. Сол бір жалынды жастық шақта қалыптасқан ұлы достықтың қуаты бізді әлі де қанаттандырып келеді,¬¬— дейді ардагер металлург С. Ботантаев. Қазақстан Магниткасының елу жылдығы аталып өтетін мереке күндері Сатқанқұл ағамыз да Теміртаудағы достарының арасынан табылуда. 

Серікгүл АЛТАЙБАЕВА

«Теміртау» 30.06.10г.
 

Сіз мемлекеттік қызметтерді алу кезінде ҚР «Электрондық үкіметінің» порталын қолданасыз бе?
Мұрағат
15 Қазан 2012
Караганда Другие города
+10 °C
без осадков,малооблачно
Ю, 2 м/с
15 Қазан 2012
Доллар США   150.62
Евро   195.16
Российский рубль   4.86
 
Послание Президента РК
 
Қазақстан Республикасы Президентінің алдыңғы Жолдаулары
Индустриально-инновационное развитие
Государственные закупки
           
 
           
 
           
 
         
 
         
Online конференциялар және баннерлердiң архивы      Сайт картасы
© 2005-2012Қарағанды облысы әкімдігінің ақпараттық порталы
Сайт материалдарын пайдаланғанда ақпарат алған көзге сілтеме жасау міндетті
Әзірлеуші және қолдаушы: «Creatida» интернет-компаниясы
Вверх