КРАНШЫ НИНА
Орталық Қазақстанның сайын дала-сына Нина Стрижнева Ресейдің Курскі облысынан 1953 жылы келді. Соғыстан кейін ерте есейіп, халық шаруашылығын қалпына келтіруге араласқан бүлдіршін-дей жас қыз ол кезде мамандық та, жұмыс орнын да таңдаған жоқ. Бүкіл болмы-сымен, жан-тәнімен еңбекке араласты. Сол кезде жастардың басылымдары Қазақстанда үлкен комбинат құрылысы басталғанын және оған кеңестер одағының барлық халқы үлес қосуы қажеттігін жарыса жазып жатты. Нинаның өзінен үлкен апасы Татьяна қазақ жеріне алғашқылардың қатарында 1951 жылы аттанған еді. «Мұнда тым көңілді, жан-жақтан келген жастар көп, әрі жұмыс та жетерлік» деген хаттарын оқығанда өзі де қызығып, жаңа құрылысы басталған қалаға барсам деп армандайтын. Ақыры, 1953 жылы кәмелеттік жасқа жетіп, қолына төлқұжатын алысымен Қазақстанға жол тартты. Қарағанды вокзалына табан тірегенде өзінің туып өскен жеріне қарағанда орманы жоқ жазық дала ұнамай қалғаны да бар. Жаратылысындағы бірбеткей мінезіне басып, не де болса осында еңбек етуге шешім қабылдады. Теміртауға келгенде сол кездегі «Казметаллургстрой» тресінің Промстрой құрылыс басқармасы кеңсесі дәл алдынан шықты.Оны іштей жолым болды деп жорамалдаған жас қыз кадрлар бөлімі инспекторының «бетоншы болғың келе ме?» дегеніне «Әрине» деп қуана жауап қатты.
–Ол кезде кейін үлкен басшы дәрежесіне көтерілген А.Г.Коркин үнемі құрылысшылардың қасынан табылатын. Менің біржола бетоншы, одан кейін, сылақ араластыру құрылғысының моторисі болып еңбек етуіме сол кісінің көмегі көп болды,–дейді Нина Никитична алғашқы жылдары туралы еске алғанда.
Нина өзінің өмірлік жарымен де сол құрылыс басында танысыпты. Григорий Петрович Стрижнев қалаға танымал механизатор болды. Ол осы қаладағы көптеген құрылыстардың ең алғашқы қадасын қағып, жерін тегістеп, іргетасын қалау сияқты үлкен техникаларды жүргізді. Ерлі-зайыпты Стрижневтер мерекелерде, кәсіптік атаулы күндерде үнемі озаттар тізімінде болып, сый-сыяпатқа кенелетін. Сонымен бірге Нина да, оның өмірлік жары Григорий де өздері еңбек еткен жылдары үнемі кәсіподақтың белсенділері болды. «Промстрой басқармасында еңбеккерлерге үй бөлу, бала бақшаға орын беру немесе демалыс орындарына кезекті белгілеу біздің қатысуымызсыз өткен емес» дейді бүгінде шашын ақ шалған ардагер сол бір кездерді аса ықыласпен еске алып.
Стрижневтер әулеті қазір де комбинатқа өздерінің қолтаңбасын қалдыруда. Қызы Людмила осындағы ВТУЗ-ды бітірген, қазір заводта жоғары технология аспаптарын жөндейтін маман. Ұлы да біраз жыл токорь болып еңбек етті. Ана бір жылдары Сібірдегі аса ірі жылу электр орталығы Саян-Шушен ГЭС-інде апат болғанда Теміртау комбинаты атынан көмек беруге аттанғандардың қатарында болды.
–Балалар өскен кезде құрылысты қоя тұрып, комбинатқа ауыстым, сөйтіп краншы мамандығын игеріп, он бес жылдай отқа төзімді айналмалы пештердің шаңын тазалайтын кранда жұмыс істедім. Осылайша менің жалпы Теміртаудағы жұмыс өтілім қырық жыл болды,–дейді Нина Никитична өзінің бүкіл өмірі осы арқа төрінде өткенін үлкен бір мақтанышпен әңгімелеп.
Қартайса да қайғысы жоқ қарттардың бірі Теміртаудың құрылыс, металлургия саласы ардагері Нина Никитична Стрижнева Қазақстан Магниткасының 50 жылдығы тойланған күндері де елеусіз қалған емес, ол ақсақалдар алқасы ұйымдастырған Астана сапарына барып қайтты. Бүгінде ол өзінің ұзақ жылғы табысты еңбегінің зейнетін көруде.
Серікгүл АЛТАЙБАЕВА
«Теміртау» 30.06.10г.
|