Жарқын өмір иесі
Сонау жылдары Қазақстан Магниткасының екпінді құрылысына атсалысып, комсомолдық жолдамамен Теміртауға келіп табан тіреген, бұған дейін ауылдағы қарапайым қазақ баласына беймәлім техникалық мамандық–метталургтік кәсіпті игерген жандардың арасында Әділ Ысқақұлы Үсеев те бар. Ол саналы ғұмырын қазіргі комбинаттың, бұрынғы заводтың домна цехына арнаған ардагер.
–Тепсе темір үзетін жап-жас бозбаланың тағдырын Арқамен байланыстырған осы Магнитка ғой?–деген сұрағымызға тосылмастан:
–Иә, солай. Тағдырыма, сүрген өміріме дән ризамын,–деп жауап қайтарды Әділ аға.
Бұл бір ауыз сөздің аясында оның бүкіл ғұмыры жатыр. Әскери комиссардың отбасына туып өскен ол әкенің аялы алақанын сезіне алған жоқ, өйткені Түркістан әскери округінде комиссар болып жүрген әкесі Ысқақ Ұлы Отан соғысы басталған сәтте-ақ майданға аттанып, Отан үшін опат болған арда боздақ. Алматыда туып, сонда 1958 жылы он жылдықты тәмамдаған Әділ жоғары оқу орнына түсе алмай, бір жыл жұмыс істейді. Келесі жылы Қазақстан Магниткасының құрылысы туралы жолдастарынан естіп, біліп, осында келуге бел буады. Сөйтіп аудандық комсомол комитетіне келеді. Осылайша Хаурулла Беков, Комбайхан Какенов, Жөкен Сүлейменов сынды достарымен бірге 1959 жылдың жаз айында Теміртаудан бір-ақ шығады. Бұдан арғысы белгілі, бір топ жас жігіттер Магнитогорск қаласына аттанып, бір жыл бойы жаңа мамандықтың қыры-мен сырын үйренді.Теміртауға қайта оралысымен домна пешінің шөмішінде жұмыс істейді.
–1960 жылдың үшінші шілдесінде алғашқы шойын қорытылғанда сол домна цехында жұмыс істегендіктен барлық салтанаттарға қатыстым,–деп еске алады сол бір ел тарихындағы маңызды оқиғаны көз алдына елестетіп.
Әділ Ысқақұлының үлкен өмірі жолындағы тағы бір маңызды кезең оның әскер қатарында болған жылдары екен. Ол осы 1960 жылдың күз айында әскер қатарына алынып, Мәскеуде Ішкі әскер қатарында үш жыл Отан алдындағы азаматтық әскери борышын өтейді. Сол жылдары Қызыл алаңда өткен барлық салтанатты шерулерде күзетте болып, ел билеген талай басшыларды көзімен көріпті. Тіпті Кеңес одағының алғашқы ғарышкері Юрий Гагаринді де бір емес бірнеше рет көргенін тұшына әңгімелейді. Бұл өз алдына ұзақ әңгіме.
Әскер қатарынан оралысымен, яғни 1963 жылдан сол домна цехына горновой болып жұмысқа орналасады. Міне, осы жылдары тағдыр оны Нұрсұлтан Назарбаевпен таныстырады. «Екеуміз алғашында бір цехта, бір ауысымда бірге жұмыс істедік. Оның жанындағы жолдастарына деген адал көңілі, ақ ниеті, ашық жарқын мінезі, болмыс-бітімі сол кезде-ақ өзгелерден ерекшеленетін» дейді ол жайында көңіл түкпіріндегі ризашылығын ақтарып.
–Ұмытпасам, 1967 жыл ма екен, Нұрсұлтан заводтың партия комитетінің хатшысы болған еді. Бір күні бәріміз Беков Хаурулла деген досмыздың үйіне жиналдық. Сонда Нұрсұлтан «Жігіттер, мен қайда жүрсем де сендерді, өздеріңмен бірге жұмыс істеген кездерімді ешқашан есімнен шығармаймын. Әрқайсысың мен үшін айнымас адал доссыңдар» деген еді. Оның осы сөзі сол кезде-ақ оның қарапайымдылығын, жанындағы жолдастарына деген адалдығын аңғартқан еді. Кейін, Нұрсұлтанның әкесі қайтыс болған кезде әлгі бір топ жолдастары көңіл айтуға үйіне бардық. Ол кезде қазіргі қала әкімдігінің артындағы екі қабатты үйлердің бірінде тұратын. Біздің барғанымызға қуанып қалды, Сара дереу дастарқан жайып, шай дайындады. Сыртқа бірге шықтық, ол қызметіне, біз жұмысқа асықтық,–деп әңгіме арқауын жалғай түсті Әділ аға.
1988 жылға дейін горновой болып жемісті еңбек еткен Әділ Үсеев бүгінде зейнетте, ұлдары ұяға, қызы қияға қонған ардагер. Кіші ұлы әке жолын жалғастырып, Мәскеуден жоғары білім алып келіп, қазір комбинатта инженер болып жұмыс істейді.
–Елбасымен кездесіп тұрасыз ба?–деп сұрадық.
–Президентіміз Теміртауға келген әрбір сапарында міндетті түрде осындағы достарымен кездеседі. Соңғы рет бұрнағы жылы «Металлург» стадионы күрделі жөндеуден өтіп, тұрғындар игілігіне тапсырылған салтанатта кездестік. Теміртаудағы барлық дсотары жиналып, мейрамханада дәмдес болдық,. Біз бүгінде қарапайым зейнеткер болсақ та, ел жаңалықтарына құлағымыз түрік жүреді. Қазақ елінің жыл өткен сайын дамып, гүлденіп жатқанын көзімізбен көріп, көңіліміз марқаямыз. Бұл ретте біздің досмыз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елеулі үлесін барын мақтаныш тұтамыз. Оның бойындағы биік адамгершілік парасаты мен болашақты бағамдай білетін басшылық көрегендік қасиеттеріне тәнтіміз,–дейді ол.
Өмірінің жарқын белестерін әңгімеге арқау етіп отырған ардагер металлург кенет көз-жанарын бір нүктеге қадады да, тұңғиық ойға батты. Арада үнсіздік орнады. Сәлден соң ғана «Шет елде болып көріп пе едің, қарағым?» деп сұрады. Жат жұртта туып-өссем де Атажұртқа деген сағыныш киелі Сарыарқаға әкелді ғой, сондықтан өзім жайлы айтудан гөрі бұл сұрағының мәнін білмек боп «Әрине, Отанға деген сағыныштың қандай болатынын дәл сіздей түсінемін, айта беріңіз аға» дедім. Содан бір таңға арқау боларлық әңгіме тиегі ағытылды да кетті. Қысқасы, Әділ ағаның Алина есімді қызы Ресейде оқып, сонда тұрақтап қалыпты, қазір Мәскеудегі «НТВ» телеарнасында ақпараттық технология жағынан қызмет етеді екен. Сол перзентінің қолқа салуымен 2000 жылы Ресейге қоныс аударып, сол елдің азаматтығын да алған екен. Бірақ туған жерге деген шексіз сүйіспеншілік, құрышшылар қаласына деген ыстық ықылас бар болғаны төрт-ақ жылдан соң Теміртауға қайта алып келіпті.
–Бабаларымыз «Өзге елдің сұлтаны болғанша, өз еліңнің ұлтаны бол» дегенді қалай тауып айтқан десеңізші, мен тәуелсіз қазақ елінсіз, тектілерге тұрғыр болған Теміртауымсыз өмір сүре алмасымды елден іргем ажырағанда ғана білім. Төрт жыл бойы сағыныштан сарғайып, жапан далада жалғыз қалғандай сезіндім өзімді,–деді иығынан ауыр жүк түскендей терең тыныс алып.
Бірер күннен соң еліміз Қазақстан Магниткасның 50 жылдық торқалы тойын кең көлемде атап өтетіні мәлім. Осыған орай ардагер металлургтер даңқы тағы да арта түседі. Олардың еліміздің өркендеуіне қосқан салмақты үлесі ешқашан елеусіз қалмайды. Олай болса, еңбегімен еленген даңғайыр металлургтерге мықты денсаулық, отбасытарына құт-береке тілейік.
Руза АЛДАШЕВА
ТЕМІРТАУДЫҢ ТҰЛҒАЛЫ БӘЙТЕРЕГІ
(Арғын Жүнісовке)
Мерекеде, думанды шақта нағыз,
Еңбегіңді елейді ел жатқан аңыз.
Болат селін ағызған өзіңменен–
Біз дәйім мақтанамыз!
Ынтымақты ұйытып ырыспенен,
Із қалдырдың соңыңда ұлы іспенен.
Қазағымның қайыспас қара нары–
Шынықтың құрышпенен!
| |