Жарты ғасыр



– Сол күні қатты толқыдық, өйткені еліміздің тарихында біздің домнада тұңғыш Қазақстан шойыны қорытылатын еді. Әрбіріміз өзіміз іргетасын қалап, тоқтаусыз жұмыс жүргізуіне үлес қосқан №1 домна пешінің алауы жағылып, бейбіт еңбек ырғағы еселене түсті. Сөйтіп, 1960 жылдың 2-шілдесінде сол кездегі завод директоры В.О.Куликовтың басшылығымен Ш.Жылқыайдаров пен Н.Тимохин домнаның отын жақты, ал ертесіне, яғни, 3-шілде күні шойын селі ақты. Осыған орай ұйымдастырылған салтанатты жиын да жақсы өтті, соңынан ескі қаладағы Мәдениет сарайында өткен басқосуда Дінмұхамед Қонаев біздің әрбіріміздің қолымызды алып, ізгі тілегі мен ризашылығын білдірді, – деп өткен күндерді ерекше ыстық ықыласпен еске алады комбинат ардагері Әділбек Жақсыбаев.
Қарағанды өңірінің тумасы, нақты айтқанда 1935 жылы қазіргі Бұқар жырау ауданында өмірге келген Әділбек Жүнісбекұлы 1953 жылы он жылдықты бітірген соң, бір жыл аудандық комсомол комитетінде нұсқаушы болып қызмет атқарыпты. Сосын әскер қатарына аттанып, үш жыл Отан алдындағы борышын өтеген. Әскер қатарынан 1958 жылдың желтоқсан айында оралып, жұмыс істеу үшін Теміртауға келеді, орыс орта мектебін бітірген, әскерде жүргенде партия қатарына өткен елгезек жігіт жаңа 1959 жылдың қаңтар айында Магнитогорск қаласына өзі секілді бір топ жастармен оқуға аттанады. Ол жақта домнаға су жіберуші мамандығын меңгеріп, тәжірибеден өтіп, Теміртауға қайта оралады. Бұл кезде №1 домна пешінің құрылысы әлі аяқталмағандықтан, біршама уақыт маңайдағы колхоз-совхоздардың шөбін шауып, көмірін түсіріп дегендей көмек көрсетеді. Ал 1960 жылы алып домна құрылысы аяқталған соң, өз мамандығы бойынша пешке су жіберуші болып жұмысқа тұрады.
– Домнаның өз мәнінде жұмыс істеуі үшін бұл мамандықтың қосатын үлесі мол, өйткені домна пешінің құрастырылуында аса жоғары қызуды дер кезінде суытып отыру үшін арнайы тоңазытқыштар орнатылады, біздің міндетіміз соны сумен қамтып, бақылау жасауды жүзеге асыру. Осылайша, мен №1 домнаның №4 бригадасында кезекші су жіберуші мамандығы бойынша еңбек еттім,–дейді Әділбек аға мән-жайды баяндап.
Өмірдің талаптыны өрге бастайтын сан-салалы баспалдақтарымен Әділбек аға да биіктерге көтерілген жан. Өзіне тапсырылған міндетті мінсіз атқарып, білмегенін білуге, үйренуге ұмтылған ол кейін ҚазМУ-ды заңгер мамандығы бойынша сырттай оқып бітіреді. Сылдыр сөздің емес, нағыз істің адамы екендігін дөп басып білген басшылық оны қалалық партия комитетіне қызметке шақырып, 1966 жылдан нұсқаушы болады. Кейін Теміртау қалалық милиция мектебі бастығының орынбасары қызметін де атқарады. Мұнан кейін комбинатқа қайта оралады, бұл жолы завод басқармасында бір жыл әлеуметтанушы болады.
– Өмірімнің жарқын шақтары қатарында осы комбинаттың партия комитетінде Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге қызмет атқарған жылдарын атар едім. Ол завод партия комитетінің хатшысы, мен нұсқаушысы болып, қоян-қолтық араласып, бірге жұмыс істедік. Нұрекең өте кең пейілді, ақжарқын адам. Оның бойындағы тамаша ұйымдастырушылық, көрегендік, басшылық қабілеттерін сол жылдары-ақ анық аңғарып, мойындаған едік, – дейді ол.
– Бұл имандай шынымыз, Нұрсұлтан Әбішұлының қай ортада болмасын өзін ұстай білуі, сөйлей білуі, әншілігі, анекдоттар айтқыштығы, шешендігі тәнті ететін. Ол кезде не көп – завод көп еді, есептік жиындарда өзге партия комитеттерінің хатшылары мінберде көптің алдында сөйлей алмай, қолындағы қағазға жазылған сөзді оқи да алмай, тұтығып, асып-сасып жататын. Ал Нұрекең қағазға қарамай-ақ көсіле жөнелетін, әрбір сөзі нық, салмақты болатын. Сонда залда отырып, ішімізден қуанып, кеудемізді мақтаныш билейтін,–деп әңгімеге қосылды Әділбек ағаның бәйбішесі Жәмила жеңгей.
Бұл көлгірсу емес, көзімен көргені, жан-жүрегімен сезінгені, марқайғаны.
Комбинаттың ардагері атанған ағаның отбасындағы қос шырағы – ұлдары Марат пен Болаты ержетіп, өз алдына отау құрды, бүгінде үш немере сүйіп отыр. Халқымызда «Қосағыңмен қоса ағар» деген жақсы сөз бар, сонау Магнитогорскіде жүргенде Теміртауда туып-өскен Жәмила деген қызбен хат алысып тұрған ол келген соң кездесіп, үйленеді. Содан бері елу жыл тату-тәтті өмір сүріп келеді. Жәмила жеңгейдің әкесі теміртаулықтарға жақсы таныс – Нұрғали молда. Оның қолынан дәм татпаған игі жақсылар жоққа тән. 1997 жылы 99 жасында өмірден өткен екен. Кезінде завод басшылары ақсақалға арнайы сәлем бере барып, бал татыған қымызын ішіп тұрады екен. Солардың қатарында Нұрсұлтан Әбішұлы да бар. «Нұрсұлтан үлкенді үлкендей, кішіні кішідей сыйлай білетін адам ғой, үлкен ұлымыз үш-төрт жасында әкемнің үйінде жүргенде Нұрағаң бара қалса болды, мойнына мінгізіп алып, ойната кететін. Мұндай қарапайымдылық бүгінгі басшылардан байқалмайды», - деп тағы бір жайды баяндап берді.
– Бір күні баланы тамақтандырып отыр едім, үйге Нұрсұлтан келді, ұмытпасам 1966 жыл болса керек. Отағасының қалалық партия комитетінде нұсқаушы болып істейтін кезі.
– Әдеке, мені қалалық комсомол комитетіне қызметке шақыруда, аздап жүрексінемін. Менің ойымша, біраз тәжірибе жинап, комбинатта жүре тұрғаным жөн секілді,–деді ол кеңесіп.
– Неге жүрексінесің, сенің басыңмен «далеко пойдешь» деді жолдасым. Біраз әңгімелескен соң, ертеңіне кездесуге келісіп, оқуға бір-екі кітаптар алып кетті.
Ерлі-зайыпты қос ардагер жастық шақтарын еске алып, Елбасы туралы естеліктерін айтып, көңілдері бір көтеріліп қалды.
Еңбек жолын заводтағы ЛЦП-3 цехтың слесарі қызметімен аяқтап, зейнетке шыққан. Ал құдай қосқан жары Жәмила Нұрғалиқызы ВТУЗ-ды тәмамдап, «Казметаллургстрой» тресінде экономист болып еңбек етіпті. Биылғы жыл жарасты жұп үшін ерекше, себебі, біріншіден–қанаттарын қатайтып, біліктерін шыңдаған, сосын тағдырларын тоғыстырған Қазақстан Магниткасына елу жыл толса, екіншіден жүрек қалауларымен үйленгендеріне де жарты ғасыр болып отыр.
Руза АЛДАШЕВА,
журналист.
ТЕМІРТАУ қаласы.
 

Сіз мемлекеттік қызметтерді алу кезінде ҚР «Электрондық үкіметінің» порталын қолданасыз бе?
Мұрағат
16 Қазан 2012
Караганда Другие города
+13 °C
без осадков,ясно
Ю-З, 4 м/с
16 Қазан 2012
Доллар США   150.62
Евро   195.16
Российский рубль   4.86
 
Послание Президента РК
 
Қазақстан Республикасы Президентінің алдыңғы Жолдаулары
Индустриально-инновационное развитие
Государственные закупки
           
 
           
 
           
 
         
 
         
Online конференциялар және баннерлердiң архивы      Сайт картасы
© 2005-2012Қарағанды облысы әкімдігінің ақпараттық порталы
Сайт материалдарын пайдаланғанда ақпарат алған көзге сілтеме жасау міндетті
Әзірлеуші және қолдаушы: «Creatida» интернет-компаниясы
Вверх