ТЕМІРТАУ – МЕНІҢ ТАҒДЫРЫМ



1958 жыл, маусым айы. Семейдің Аягөз ауданындағы Мыңбұлақ аулында орта мектепті бітірген он жастың ішінен үшеумізге, жалпы осы өңір бойынша он үш жігітке Арқада салына бастаған жаңа заводқа – Қарағанды металлургия комбинатына жол түсті. Сол жылы Қазақстан Үкіметі басшылығының ұйғарымымен жаңа алыпқа үш мыңдай қазақ жігіттерін жіберуге шешім қабылданған екен. Алдымен Ресейге - Горький облысына техникалық училищеге жіберілдік, онда теориялық білімге қоса кәдімгі кәсіби жұмысшы мамандығын меңгердік. Келер жылы осы топтағы 25 оқушы Ангарск қаласындағы үлкен тресте алты ай монтаж жұмысынан тәжірибе алдық. Кейін мемлекеттік емтихан тапсырып, куәлік алғаннан кейін он үшіміз де жұбымызды жазбай Теміртауға келіп, үлкен заводқа жұмысқа орналастық. Училищені бесінші разрядты жұмысшы деген мамандық бойынша бітірдім. Бұл сол заманда ең жоғарғы разряд еді. Әу баста ауылдан оқуға жібергенде бізді сол уақыттағы бүкілодақтық комсомолдық екпінді құрылыс – Қазақстан Магниткасында жұмыс істеуге дайындаған екен. Міне, осылайша тағдырдың бұйрығымен ауылда мектепті ана тілінде бітірген біз техникалық мамандық алып, жұмысшы болдық.
Болат қорыту цехы – №1 мартен цехы негізінен күрделі, өзіне тән технологиясы бар ауыр цехқа жатады. Мұнда тек бір пештің сыйымдылығы 600 тонна, ол балқыманы сегіз сағатта қорытып, жоғары сапалы құрыш құйылады. Бұл цехта осындай екі пеш жұмыс істеді. Ол 1964 жылы 3-қазан күні алғашқы рет іске қосылды. Алып цехтың жабдықтары да алып, балқыманы құятын ожаудың сұйық болатпен қосқандағы салмағы 400 тонна. Ал осы кереметті көтеретін кранның жүк көтеру мүмкіндігі 420 тонна еді.
1974 жылы институт бітірген соң мен комбинаттың күрделі құрылыс басқармасына ауыстым. Бұл төртінші домна пеші құрылысының қарқын ала бастаған кезі. Шойын қорытатын агрегаттың қуаты яки көлемі 3200 текше метр, сол кезде одақ бойынша ең ірі пеш. Осы алып домнаның темір конструкциясын монтаждауды техникалық талаптарға сай қадағалау инспекторы қызметін атқардым. Домна құрылысының кешенінде әр күн сайын жедел лездеме өткізілетін, онда жұмыстың сапасы сарапталып, құрылыстың кестеге сай жүруі бақыланады. Мұны қалалық партия комитетінің хатшысы Анатолий Михайлович Анохин мен комбинат партия ұйымының хатшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екеуі кезек өткізетін.
Біз, күрделі құрылыс инспекторлары жұмыстың сапасындағы кемшіліктерді, жобадан ауытқу болса соларды жазба түрде лездемені жүргізушінің қолына беріп отырушы едік. Бірде сапаны тексеруге байланысты орын алған келеңсіз жағдай болды. «Союзтеплострой» басқармасы домнаның сұйық шойын құйылатын тұсында конструкцияларды тіреп тұратын болат діңгектерді отқа төзімді кірпіштермен өріп, қалауды хаттамаға сай бітіруі керек еді. Жұмыс аяғына қарай тексеріп, тиісті ескерту жасадым. Ертеңінде әлгі жұмысқа күмәнданып, бір бағанның сыртынан өрілген кірпіштердің астын қазып көрдік, қаланған кірпіштер сырғып төмен түсіп кетті. Өйткені, кірпіштердің асты әбден жеріне дейін тазаланбаған екен, бос топырақты бульдозермен үйіп, соның үстінен қалай берген. Ал мұның өзі сапаға да, уақытқа да кері әсерін тигізді. Бірінші мамыр күні домнаны мемлекеттік комиссия қабылдау қажет. Ол кезде белгіленген жоспарды орындамау деген болмайтын жағдай. Жоғары лауазымды адам ол үшін не партиядан жаза алады, не қызметінен кетеді. Кезекті лездемеде А.М.Анохин құрылыс бастығына «Ертең партбилетті өткізесің» деп үстелді ұрып, айқай салды. Ал әлгі бригада және оларға қосымша күш беріліп, бір тәуліктің ішінде жіберілген кемшіліктерді түгел түзеп, маған хаттамамен өткізді. Мен де олардың қасында бірге жүріп, қадағаладым. Ал ертеңінде Нұрсұлтан Әбішұлы әлгі басшыға алғыс жариялап, өзінің жіберген кемшілігін толық қалпына келтіргені үшін көптің алдында мәртебесін өсірді.
Сол күні лездемеден кейін Нұрсұлтан біздің қасымызға келіп, аса ірі апатқа соғуы мүмкін мұндай ауытқуларды жібермей, мұқият тиянақтылық көрсеткеніміз үшін ілтипат білдірді. Ол кісі сөйлегенде құлаққа жағымды, бірқалыпты дауыспен және сөйлесіп тұрған адамына ерекше ізгілікпен қарап, ықылас білдіретіні есімде сақталды. Адамдармен сөйлесе білу, лауазымына қарамай сыйласу және ұйымдастыра білу қабілетін танытты.
Мамыр айында №4 домна пешін мемлекеттік комиссия қабылдап алған минингіде символикалық кілтті трест басшысы комбинат партия ұйымының хатшысы Нұрсұлтан Әбішұлына тапсырды, міне осылайша алып пеш қара шойынның өнімін еселеуге кірісті. Бұл жылдар комбинат өміріндегі үлкен бір қарқынды, дәуірлеу, өрлеу жылдары болды. Домна іске қосылғаннан кейін маған тапсырылған жұмыстар автоцех–ол алғашқы қада қағудан басталды, механикалық цехта ұсташылық-престеу бөлімшесі, темір құрылғылар цехын кеңейту, жаңадан пролеттар қосып, ұлғайту еді. Сол уақыттағы жабдықтардың ірілігін мына бір мысалдан көруге болады. Домнаның конусын жонып, өңдейтін теңдесі жоқ КУ-104 маркалы станогін 100 тонналық кранмен жинап, орнаттық. Бұл айтып отырғандарымның бәрі де тек өзім ғана жауапты болып, хаттамамен қол қойып қабылдаған жұмыстар.
Сол кез білім мен тәжірибе бірге қайнап, ел игілігі–болат пен темірге айналып жатқан жылдар еді. Арада бірер жыл өткенде №3 қаңылтыр қақтау цехына ауыстым. Оның құрылысы 1973 жылы басталып, тоқтап тұрған еді. Партияның Орталық Комитетінің, Министрлер кеңесінің арнайы қаулысы шығып, Қарағанды металлургия комбинатында ақ қаңылтыр өнімін екі есе көбейту тапсырылды. Енді одақтық жобалау институттарының және өзіміздің комбинаттың барлық техникалық күші осы мақсатқа жұмылдырылды. Тіпті, Чехославакия елінен монтаждаушы мамандар да қатысты. Комбинаттың өнімін молайтып, экономикасын күрт жоғарылататын алып цехтың құрылысы қарқын алды. Он төрт пролеттан тұратын темір құрылғылардың монтаждалуын қадағалау маған жүктелді. «Казстальконструкция» монтаждау басқармасының төрт учаскесінің жұмысын техникалық нормативке сай сапалы болуын қадағалап, қабылдадық. Бұған дейін бұрынғы істеп тұрған сығымдау - слябинг 1150 және №1 қаңылтыр қақтау цехтарының төбелері ортасына құлап, апатты жағдайлар болған. Оның себебі белгілі: бес жылдық жоспарды мерзімінен бұрын орындау ұранының нәтижесі. Мені осы жауапты жұмысқа тағайындағанда партком әлгіндей шалағайлықтарға жол бермеуді қадап тапсырды. Оның бәрін абыроймен атқардық, Аллаға шүкір.
Біздің ортамыздан мұзжарғыш кемедей жарқырап алып тұлға, келешек ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев шыққанын әрдайым мақтан етеміз.

Серікқали РАЕВ,
комбинат ардагері.

Теміртау қаласы
 

Сіз мемлекеттік қызметтерді алу кезінде ҚР «Электрондық үкіметінің» порталын қолданасыз бе?
Мұрағат
16 Қазан 2012
Караганда Другие города
+6 °C
без осадков,ясно
Ю, 2 м/с
16 Қазан 2012
Доллар США   150.62
Евро   195.16
Российский рубль   4.86
 
Послание Президента РК
 
Қазақстан Республикасы Президентінің алдыңғы Жолдаулары
Индустриально-инновационное развитие
Государственные закупки
           
 
           
 
           
 
         
 
         
Online конференциялар және баннерлердiң архивы      Сайт картасы
Лазерная эпиляция бикини доходчиво на volosa.net.
© 2005-2012Қарағанды облысы әкімдігінің ақпараттық порталы
Сайт материалдарын пайдаланғанда ақпарат алған көзге сілтеме жасау міндетті
Әзірлеуші және қолдаушы: «Creatida» интернет-компаниясы
Вверх