Тұңғыш балқыма
Өткендегі әңгімелерімізде Қазақстан Магниткасының туған күні деп тұңғыш шойын алынған 1960 жылғы 3 шілде аталып жүр деген болатынбыз. Сондай-ақ, 1944 жылдың 31 желтоқсаны да айтулы күн – бұл күні Қазақ қайта қорыту металлургия заводынан (кейін Қарағанды металлургия комбинатының құрамына енді) тұңғыш Қазақстан болаты балқытылды.
Соғыстың қызған шағында Самарқан поселкесінде металл сынықтарын қорытатын завод салу туралы шешім қабылданған болатын. Іргесінде Қарағанды көмір бассейні тұр. Сонымен қатар, Нұра өзенінен бөген салынып, қуатты электр станциясы – КарГРЭС-1 электр тоғын бере бастаған. Қазақ металлургия заводын алғашқы қадамы туралы кезінде Қарағанды политехника институтының профессоры, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты осы заводтың іргетасын қалағандардың бірі Евгений Иванович Шевцов былай еске алады:
– Ұлы Отан соғысының отты жылдарында Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті елдің шығыс ауданында қара металлургияны дамыту және оның шикізат базасын кеңейту жөнінде шешім қабылдады. Алайда, соғыс кезінің қиындығы Орталық Қазақстанда ірі металлургия заводын салуға мүмкіндік бермеді. Гипроземнің Свердлов бөлімшесі дайындаған болашақ заводтың жобасында 35 тонналық үш мартен пешінің құрамында жылына 105 мың тонна болат және 119,5 мың тонна прокат өндіру белгіленген. Соның негізінде, 1943 жылы қазанда «Казметаллургстрой» тресі құрылған. Шығыстағы металлургия кәсіпорынның құрылысына Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті тарапынан баса назар аударылды. Соған байланысты Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Республика Үкіметі де тұрақты көңіл бөліп, барлық күш пен резервті Қазақ металлургия заводының құрылысына төгіп отырды.
Мұрағат құжаттарында завод құрылысын жеделдету үшін Қазақ КСР ХКК 1943 жылғы 24 қазандағы шешімімен Самарқан поселкесіне 3 мың адамның шоғырланғандығы туралы дерек бар. Құрылыс бүкілхалықтық деп жарияланды. Құрылысшылардың жанқиярлықпен, адал еңбек еткендігін сол кездегі одақтық бас газет - «Правда» атап өткен. «Тас қалаушы коммунист Үкен Тұрмағамбетов бір ауысымда 18 норма берді. Қазір ол еңбектің стахановтық әдісінің нұсқаушысы болып табылады», деп жазды газет.
1944 жылы завод құрылысында комсомол жастардың 38 бригадасы еңбек еткен. Завод құрылысын жеделдету үшін құрылыста жауынгерлік жексенбіліктер өткізіліп тұрды.
Сонымен, алғашқы мартен пеші іске қосылыр күні тақап қалды. Бұл оқиға туралы облыстық «Советтік Қарағанды» газеті 1945 жылғы 1 қаңтардағы санында былай деп жазды: «Кеше күндізгі сағат 2-де қазақтың тұңғыш қара металл заводы іске кірісті. Мартен цехының корпусына құрылысшылар, монтажшылар, тағы басқа жұмысшылар лық толды. Үлкен мастер Дремлюга мен болат қорытушы Гусев жолдастар бірінші болып вахтаға тұрды. Алғашқы болат құйылып шықты. Құрылысшылар бұл қуанышты сағатты асқан шаттықпен қарсы алды. Қазақ ССР Үкіметі мен ҚК (б) П Орталық Комитетінің атынан Қазақ ССР Халық комиссарлары советі председателінің орынбасары Қонаев жолдас сөйледі».
Мемлекеттік қабылдау комиссиясының төрағасы, Қазақ КСР Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары Д.А.Қонаев самарқандықтарды еңбектегі үлкен табыстармен құттықтады:
– Елбасына күн туған қиын кездерде Сіздердің осы атқарған істеріңізді келер ұрпақ мәңгілік есте сақтайтын болады,- деді Дінмұхаммед Ахметұлы.
Миттингке қатысушылар ҚК (б) П Орталық Комитетінің хатшысы Скворцовқа, Қазақ КСР Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Оңдасыновқа, Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Президиумның председателі Қазақбаевқа телеграмма жолдады. Телеграммаға завод басшылары мен озат жұмысшылар Белов, Бакст, Теплов, Ысқақов, Тұрмағамбетов, Смағұлов қол қойған.
Көп ұзамай Мәскеуден де самарқандықтар атына үкімет жеделхаты жетті. Оған Бас қолбасшы Иосиф Сталин қол қойған еді. «Советтік Қарағанды» газетінің 24.01.1945 ж. номерінде басылған осы жеделхатты сол қалпында беріп отырмыз.
«Қазақ ССР-інің Самарқан поселкасы
Қазақ металлургия құрылысы
Қазақ металлургия заводы
Белов, Бакст, Гарбер, Герардов, Теплов, Ысқақов, Тұрмағамбетов, Смағұлов, Балғымбаев, Хасенов жолдастарға Қазақ металлургия құрылысының құрысшыларын және монтажшыларын, Қазақ металлургия заводы қызметкерлерін №1 мартен пешінің құрылысын бітіріп, пайдалануға берулеріңізбен құттықтаймын.
Соғыс уақытының қиын жағдайларында құрылысшылар мен металшылардың қажырлы еңбегі арқасында Қазақ ССР-ындағы тұңғыш металлургия заводының құрылысы ойдағыдай іске асырылуда. Қазақ республикасындағы индустриясын өркендете берудің базасы болған Қазақ металлургия заводының құрылысын тез аяқтап, көрнекті табыстарға жетулеріңізді тілеймін.
И.Сталин».
Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Президиумның Жарлығымен 64 адам Грамотамен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Солардың арасында «Қазметаллургқұрылыс» тресінің бас инженері Г.Гарбер, Қарағанды қалалық партия комитетінің хатшысы Әукебай Кенжин, Қазақ КСР Халық комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары Д.Қонаев, облыстық атқару комитетінің төрағасы Бейсен Серікбаев, қалау жұмысының нұсқаушысы Үкен Тұрмағамбетов, металлургия заводы құю цехының бастығы Е.Шевцов, «Қазметаллургқұрылыс» тресі бастығының орынбасары Шаяхмет Ярмұхамедов, Қарағанды облыстық партия комитеті ұйымдастыру-нұсқау бөлімі бастығы Г.Юровский бар. Бір жылдан кейін құрылыста көзге түскен азаматтар КСРО-ның да Мемлекеттік наградаларына ие болды (трест басқарушысы В.Белов, В.Бакст, құрылысшылар Ү.Тұрмағамбетов, Д.Әбдиев – Ленин орденімен, тас қалаушылар Г.Алдыкенова, болат балқытушы А.Дәрібаев – Еңбек Қызыл Ту орденімен). Сөйтіп, Нұра жағасындағы құрыш қаланың жаңа өмірбаяны басталды.
Қазақ металлургиясының қара шаңырағы аталған мартен цехының болатшылары еңбекке төселгеннен кейін бірінен соң бірі бірнеше рекорд жасап, одақтық және республикалық газеттердің беттерінен түспейтін болды. Осыны дәлелдейтін мына жолдар «Правда» газетінің 1950 жылғы 4 қазандағы номерінен: «Қазақ металлургия заводының коллективі мерзімінен бірнеше күн бұрын үшінші тоқсанның жоспарын орындап шықты. Биыл Теміртау болатшылары мыңнан астам ауыр салмақты балқыма өткізді. Таңдаулы болат балқытушы Танабай Кәрімов 130-ға жуық шапшаң балқыма жасады. Алтынбек Дәрібаев 110-нан астам шапшаң балқыма берді. Мартен цехын тұтастай ауыр салмақты шапшаң балқымалар цехына айналдыру мақсаты қойылып отыр». Сол жылы бүкілодақтық «Огонек» журналының № 44 санында Танабай Кәрімов, Қынаш Сәденов, Еламан Байғазиев, Алтынбек Дәрібаев сияқты қазақ жастарынан шыққан тұңғыш металлургтер туралы мақала басылған екен.
«Менің тұңғыш шәкірттерім ғой, көзіме оттай басылады», - деп еске алады сол жылдардағы мартен цехының бастығы Е.Шевцов. Евгений Ивановичтің тікелей басшылығымен мартенде көптеген өзгерістер жасалды, шапшаң балқыма алудың тиімді жолдары табылды. Пеш қуатын арттыру бағытындағы ізденістерін ол «Мартен өндірісіндегі процестерді жетілдіру» деген кандидаттық диссертацияда баяндап, оны 1952 жылы ойдағыдай қорғап шықты. Екі жылдан кейін Шевцов Қарағанды политехникалық институтына шақырылса да, өндіріспен байланысын үзген жоқ. 1967 жылы оның бір топ мамандармен бірге мартен пешінің түбін жөндеу жөніндегі ізденісі КСРО Мемлекеттік сыйлығымен атанып өтті. Ал жоғарыда аталған Алтынбек Дәрібаев, Еламан Байғазиев сияқты болатшылар Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды.
Өрлеу
баспалдақтары
1960 жылдың 3 шілдесі Теміртау қаласы мен еліміздің тарихына елеулі оқиға ретінде енді. Осы күні сағат 17-ден 7 минут кеткенде инженер Владимир Романовтың ауысымында Ахат Набиулиннің горновойлар бригадасы жаңа ғана іске қосылған №1 домна пешінен Қазақстанның тұңғыш шойынын алды. Осы оқиғаға байланысты домна маңында салтанатты митинг өткізіліп, онда Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаев сөз сөйледі. Заводтың формовщиктері Тілеужан Базарбеков, Сабатай Байтілеуов, Нұрмолда Мұсағалиев алғашқы шойыннан алған ескерткіш плитасын құйып шығарды. Бұл ескерткіште былай деп жазылған: «Қазақ ССР, Қарағанды металлургия заводы, Қазақстанның алғашқы шойыны. 1963 жылдың 3 июлі».
Магнитканың бұдан кейінгі тарихы, өсіп-өркендеу жолдары біздің бәріміз үшін қымбат. Ендеше, оның 50 жылдық тарихын кейбір жарқын беттерін еске алайық.
Қарағанды металлургия заводының құрылысы туралы жоғары органдардың қаулысы 1957 жылдың наурызында қабылданды. Халқымыз оған мақтанышпен Қазақстан Магниткасы деген ат берді. Қазақстан Магниткасы бүкілодақтық комсомолдық екпінді құрылыс болып жарияланды. Сондықтан, алғашқы домнаға «Комсомолка» деген ат беріліп, айдар тағылды. Оның іске қосылуына бүкіл еліміз көз тігіп, үкімет органдары бақылауға алды. Әсіресе, маман кадрлар жетіспейтін. Жергілікті жастар Магнитогорск, Нижний Тагиль, Днепродзержинск, Череповецтің металлургия заводтарына оқуға жіберілді. Олардың арасынан болашақ Елбасы Н.Назарбаев, Социалистік Еңбек Ері Төлеген Адам-Юсупов, білікті домнашылар - Болат Кәрімов, Қайролла Беков, Темірхан Қуатов, Темірбек Сейтқалиев, Есенгелді Сарыбасов, Зейнұр Мұрсалимов, Комбайхан Қапанов, Айша Шалымбаев сынды мамандар шықты.
Бұдан кейін Қазақстан Магниткасында үш домна пеші, жеті кокс батареясы, екі агломерат фабрикасы, мартен, конвертер цехтары, прокат стандары іске қосылды. 70 жылдардың басында комбинаттың жұмысы тұралап, еңбек өнімділігі төмендеді, жұмыс және өндіріс тәртібі босаңсыды. Жағдайды түзеу үшін комбинат басшылығы жаңартылды. Директорлыққа Челябіден О.И.Тищенко тағайындалды, партком хатшылығына өзін комсомол және партия жұмысында жақсы қырынан көрсете білген Н.Назарбаев сайланды. Мәселе КПСС Орталық Комитетінің секретариатында қаралды. Осы жолы Нұрсұлтан Әбішұлы өзін білгір маман, жақсы ұйымдастырушы, жан-жақты білімді азамат ретінде көрсетті. Жоғары партия органының арнаулы қаулысы қабылданды. Н.Назарбаевтың есепті баяндамасында айтылып, проблема ретінде қойылған көптеген мәселелер шешілді. Тұрғын үй құрылысы жедел өркендеді, өндіріс мәселелері шешімін тапты.
80-90 жылдар аралығында комбинат өндірістік тапсырмаларды ойдағыдай орындаумен қатар жаңа қуатты іске қосу және озық технологияларды игеру ісінде де алға жылжи берді. Комбинат директоры О.Тищенко, бас инженері М.Ақбиев, бас прокатшысы В.Марков ауыр салмақты КамАЗ автомобильдеріне арналған болаттың берік маркасын шығару өндірісін игеру үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болды. 80-ші жылдар ортасында комбинат директоры, білікті инженер Махмут Ақбиевтің білгір басшылығымен Лисаковтың фосфорлы кенін игеру сияқты аса маңызды халық шаруашылық проблемасы шешілді. Осы жұмыс үшін М.Ақбиевпен бірге комбинаттың жетекші мамандары В.Бургов, В.Мирко, В.Емущинцев, В.Цимбал КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. 1985 жылы қазіргі ТМД елдеріндегі ең ірі ақ қаңылтыр цехы толық іске қосылды. Сөйтіп, комбинат металлургия өнімдерін шығарудың жаңа сатысына көтерілді. Кейіннен осы цехтың жалғасы ретінде ыстықтай алюминдеу және мырыштау цехының құрылысы қолға алынды.
Қарағанды металлургия комбинатының тарихындағы кейінгі 15 жыл нарықты қатынастарға ену, экономикалық басқару, әлеуметтік-психологиялық қарым-қатынастардың жаңа сапасына көшу жөніндегі түбірлі өзгерістер кезеңі болды. Қазақстан Магниткасын «Испат Интернешнл» компаниясы басқаруға алып, «Испат-Кармет» ААҚ (қазіргі «АрселорМиттал Теміртау») құрылғаннан соң өндірісті жаңғыртуға батыл бетбұрыс жасалды.
Компания елімізде де, комбинатта да күрделі өзгерістер қолға алынған кезде келді. Елбасы Н.Назарбаевтың бұл шешімі комбинатты тығырықтан шығуына көмектесіп қана қоймай, ТМД елдеріндегі жетекші кәсіпорындардың бірі болуға мүмкіндік берді.
Компания басшылығы болашаққа зор үмітпен қарайды. Өндіріске миллиондаған доллар инвестиция салынуда. Қаржы және жоспарлау қызметтері тереңнен есептеп, талдаумен айналысады. Алдағы жылдары комбинаттың екінші кезеңнің құрылысын бастау жөнінде жоба жасалған.
Елбасы Н.Назарбаев Карметкомбинаттың, бүкіл облыстың дамуын ерекше ықыласпен қадағалап отырады. Қарағандылықтар да Елбасының әрбір сапарына тарту-таралғы әзірлеуді дәстүр еткен. Міне, осы жолы да Қазақстан Магниткасының 50 жылдық торқалы тойына Металлургтердің Мәдениет сарайы күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңа балабақша мен мұсылмандар мешіті, православие мешіті іске қосылды. Неке сарайы да сән-салтанат өткізуге әзір. Бүкіл қала тотыдайын таранып, мерекені жаңарған, жасарған қалыппен қарсы алмақ.
Өзінің еңбек жолын бастаған домна цехында байырғы горновой Н.Назарбаев бұдан он жыл бұрынғыдай достық вахтасын өткізіп, жалынды жастық шағын еске түсірмек. Халқының, туған елінің, Елбасының өміріне тығыз байланысты Қазақстан Магниткасының Еңбек, Ерлік шежіресі жалғаса береді.
Аман ЖАНҒОЖИН.
| |