Шойын селі
1960 жылы 3-шілдеде Қарағанды металлургия комбинатында алғашқы шойын қорытылды. Шойын алушылардың ішінде Елбасымыз Н.Назарбаев та бар еді. Сол жылдан бері бұл күнді металлургтер мекені ерекше атап өтеді. Бүгінде осынау Қазақстан Магниткасына - 50 жыл. Сондықтан да біз «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнының домна цехына арнайы бардық. Шойынның қалай алынатынын, тарихи маңызы зор бұл домна цехындағы қайнаған еңбекті көзімізбен көргіміз келді.
Домна цехының құрамында 4 домна пеші, шлакты қайта өңдейтін учаске, құю машиналарының учаскелері, шөміштерді (ковш) жөндейтін депо бар. Домна пештерінің көлемі №1 – 1719 мі, №2 – 2035 мі, №3 – 3200 мі, №4 – 3200 мі қамтиды. Ал өндірістік қуаты жылына 5700 мың тонна шойынды құрайды. Бұл цех негізінде болат балқытатын өндірісте өңделетін ГОСТ 805-95, сонымен бірге ГОСТ 4832-65 стандартты құйылған шойын өндіреді.
Домна пештерінде балқытылып алынатын шойын шахтасы Атасу, Кентөбе, Атансордың темір, Жәйремнің темір-марганец кенінен, Соколов-Сарыбай және Лисаков кен-байыту комбинаттарының окатыштары аглофабрикада қыздырылған агломератқа айналады. Ал агломерат конвейерлер арқылы домна цехына беріледі. Содан барып шойын қорытылып, құйылады.
Қазіргі уақытта кәсіпорынның қолда бар технологиялары жоғарыда аталған шойындардан басқа халықаралық стандарт ИСО 9147-87 сай, Pig-P2 аббревиатурасы бойынша құрамындағы фосфоры төмен болат алуға арналған шойын балқытады.
Сонымен бірге домна цехында қосымша өнім ретінде отты сұйық шлак алынады. Оның жылдық мөлшері 900 мың тонна және түйіршіктелген шлак 1700 мың тонна екен. Сөйтіп, сұрыптау кешенінде скардовиннен (ұсақталған тас) түрлі сортты тастар шығарылады, олар жол құрылысында, бетон құюға және т.б. пайдаланылады. 
2000-жылы Елбасы Қазақстан Магниткасының 40 жылдығына арнайы келгені де есімізде. Онда Елбасының қатысуымен шойын балқыту рәсімі де өткен-ді. Алла қаласа, бұл үрдіс тағы қайталанбақшы. Металлургтер мерейтойға әзірлік үстінде. Осыдан-ақ Теміртаудың ел өміріндегі алар орнын бағамдауға болатындай.
Майталман металлургтер туралы әңгіме де таусылмақ емес. Домна цехының шебері болып еңбек ететін Уатай Смағұлұлы Құдашев бізбен әңгімесінде жастық шағының металлургияда өткенін мақтан етті. 23 жасында келген жас жігіт бүгінде алпыстың асқарында. Нағыз металлургке тән нар тұлға. Домна пешінің қасында шойынмен қатар қайнап, шыныққаны көрініп тұр-ақ.
Сонымен біз шойынның селдей аққанын көрдік. Бұлақтай қайнап, балқығанын көрдік. Көріп тұрып, Отанымызда осынша байлық барына масаттанып, марқайдық. Кеудемізді мақтаныш кернеді.
Қ.АЙТЖАНОВА.
ТЕМІРТАУ қаласы.
 |