Балабақшамен толықты
Әмбеге аян. Елбасы халыққа арнаған биылғы Жолдауында мектеп жасына дейінгі балалардың балабақша және шағын орталықтармен қамтылуын баса айтты. Осыған орай Теміртау қаласында 320 балаға, 16 топқа арналған балабақша мерейтой қарсаңында балдырғандардың игілігіне тапсырылады.
Теміртау қаласының 9 шағын ауданында бой көтерген балабақша тойға арналған тарту-таралғының бірі. Дұрысы – балаларға базарлық.
Санаулы ғана уақыттың ішінде қабырғасы қаланып, әрленіп, сырланып, әзір болған. Өзіндік артықшылықтары да бар. Атап айтсақ, мұнда жылы бассейн, мултьтимедиялық кабинет және т.б. заманға лайық озық жаңалықтар қарастырылған. 430 млн.теңгеге тұрғызылған балабақшаға тапсырыс беруші - қалалық құрылыс бөлімі. Қаржыландырушы – республикалық бюджет.
Құрылысты жүргізген «Парасатсервис» ЖШС-нің балабақша құрылысындағы бұл алғашқысы емес. Олар бұдан бұрын «Гүлдер» шағын ауданындағы балабақшаны тұрғызған болатын. Сонымен бірге Бұқар жырау ауданында тағы бір балабақшаның құрылысын қолға алған.
Кесте бойынша балабақша қараша айында тапсырылуы тиіс. Әйткенмен, аталған компания бұл арада ширақтық танытты. Мерзімінен 5 ай бұрын тәмамдап отыр. Бұл болса, Қазақстан Магниткасының 50 жылдығына тұспа-тұс. Сөйтіп, Теміртау қаласы тағы бір балабақшамен толықты. «Бітер істің басына жақсы келер қасына» дейтін қанатты сөз осындайда айтылған болса керек.
Өз тілшімізден.
|