ПРЕЗИДЕНТ ШЫҚҚАН ШАҢЫРАҚ
1 шілде 2010 жылы. № 12
Қазақстан Магниткасына 50 жыл
Біз бүгінгі ақ түйенің қарыны жарылған үлкен мерекенің қарсаңында Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының иегері, техника ғылымдарының кандидаты Махмұт Ақбиевтің Қазақстан Магиткасында өткізген жылдары жайлы естелігін ықшамдап беріп отырмыз. Қазақ инженерлерінің арасынан суырылып шыққан білікті кәсіпорын басшысы Мақаңның бұл естелігінде тек өз басынан кешкен оқиғалар мен Елбасына қатысты лебіздер ғана емес ірі өндіріс орындарына жергілікті кадрларды көптеп тарту мәселесі де үлкен ыждағаттылықпен, жанашырлық сезіммен әңгімеленеді.
Махмұт Ақбиев:
ПРЕЗИДЕНТ ШЫҚҚАН ШАҢЫРАҚ
Уақыт шіркінде іркілу, тоқтау болған ба?! Көзіңді ашып-жұмғаныңша ай артынан ай, жыл артынан жыл ілесіп өмір атты мынау ұлы көштегі сапарыңның едәуір ұзара түскенін аңғармай да қаласың.
...Көп ретте мен өткен жолыма ой жүгірткен сәтте қазақ даласының омырауындағы бойтұмардай болған, атағы айдай әлемге әйгілі Теміртау топырағында өткізген 35 жылдық өмірімді еске аламын. Қарап отырсам, азамат болғаннан бері қарай Теміртаумен бірге болған екенмін. Жалынды жылдар еді ол кездер. Бойымызда жастықтың таусылмас қуат-кернеуі бар, алдағы өмірдің қызығына жетсем, тезірек жетсем деген құлшыныс бар, соның арқасында мойынға түскен қиындықтың өзін өмірдің қызығына балайтын ғажап бір шақ еді ол. Ол кезде біз де жаспыз. Теміртау да аяғын тәй-тәй басқан бүлдіршіннің жасында. Содан бергі уақыттағы Теміртау қаласының да, Қарағанды металлургия комбинатының да қалай қадам басып, қалай өскеніне куәгер екенмін. Шын мәнінде бір ұрпақтың ғұмырына жетпейтіндей аз уақыт ішінде Арқа төсінде алып шаңырақ бой көтергеніне қалай таңданбайсың.
Өзім комбинатқа 1952 жылы келдім. Москваның Болат институтын бітіріп келген жас маманмын. Соның алдында институт түлектерін сан тарапқа жолдамамен аттандырып жатқанда мен «Амурстальға» жіберілмек едім, бірақ өзім тіленіп жолдамамды Теміртауға алмастырдым. Ол кезде Теміртаудың атағы аса кең жайыла қоймаған. Бірақ қазақ даласындағы оның жүрек соғысы, алып тынысы күн өткен сайын айқын сезіле бастағанды. Қазіргі алып комбинаттың орнында ол кезде ескі завод деп аталатын шағын кәсіпорын болатын.
Бір қуаныштысы, алғашқы күннен бастап-ақ мен мартен цехында кейінірек омырауларына алтын жұлдыз қадаған Алтынбек Дәрібаев, Арғын Жүнісовтердің (Алла тағалам Мақаңның ауызына алтын жұлдызды тегін салмағанына бүгін ертең көзіміз жететін тәрізді, бұйыртса ред.) қатарына қосылдым. Олар соғыс жылдары қазақ ауылдарынан жинап алынған алғашқы қазақ мамандары екен. Олармен бірге Танабай Кәрімов, Еламан Байғазиев сияқты азаматтар да болды.
Жас маман ретінде табалдырығын аттаған мартен цехы ә дегеннен-ақ мен үшін үлкен өмір мектебіне айналды. Болат балқытушының көмекшісі, қарапайым құюшыдан бастап келе-келе цех бастығының орынбасарлығына жеттім. Ол кезде ескі заводты қазақ металлургия цехы деп те атайтын. 1958 жылы міне осы цехтың партия ұйымының жетекшілігіне сайландым. Арада бір жыл өткенде металлургия комбинатының партия комитетін басқаруға жіберілдім. Тікелей өндірістен былайырақ қызмет болып көрінгенімен, партком хатшысы комбинат цехтарында адамдармен қоян-қолтық жүруге тиісті еді. Кейінірек 1960-62 жылдары қалалық партия комитетінің өнеркәсіп жөніндегі екінші хатшысы болған кезімде бұл тіршілігіме көп өзгеріс ене қойған жоқ.
Бұл кезде Теміртаудың алып тынысы әлемге әйгілі бола бастаған. 1960 жылдың шілде айының 3-ші жұлдызында мұнда тұңғыш домна пеші іске қосылды. Бұл күн Қазақстан Магниткасының туған күні болып саналады. Сол жылы мұнда 250 тонналық конвертордың құрылысы басталды. Бұл болат балқыту жұмысын едәуір жеңілдетіп, қыруар уақыт үнемдеуге мүмкіндік беретін жаңа тәсіл еді. Теміртауға жан-жақтан тың күштер ағылып келе бастады. 1959 жылы комсомолдық жолдамамен 3 мыңдай қазақ жігіттері келді. Рас, олардың бәрі бірдей мұнда тұрақтап қалған жоқ. Өз істеріне ынта танытқан шынайы патриоттар ғана қалды да, шыдамағандары келген жолдарымен кері қайтты. Шамамен 600-700-дей ғана жігіт тұрақтаған болу керек. Солардың ішінде бүгінде халқымыздың тұңғыш президенті болып отырған Нұрсұлтан Назарбаев та болды.
Мен Нұрсұлтан Әбішұлымен осы жылдары таныстым. Онда мен партия қызметінде жүрдім. Келіп жатқан мамандардың жағдайы, оларды орналастыру, жалпы металлургтердің мұң-мүддесі деген жұмыстардың бәрі саяси жетекшінің мойынында болады ғой. Нұрсұлтан ол кезде жиырмаға енді аяқ басқан қылшылдаған бозбала. Қағылез, іс-қимылы ширақ, мінезі ашық осынау жігіт, әрине, ә дегеннен-ақ ертеңгі болашағынан белгі берді десек тым артықтау болар. Дегенмен іс үстінде де, жастардың әртүрлі басқосуларында да, жиналыс-жиындарда да ол белсенді жігіт ретінде көрінді, көпшілікке ұйтқы бола аларлық қабылетінің бар екенін байқатты. Украинаға барып, арнайы білім алып келгеннен кейін «Доменстрой» басқармасында жұмысшы болып еңбек жолын бастады. Одан соң газшы, көрікші тәрізді жұмыстарды атқарып, нағыз оттың ортасында шыңдалып өсті. Өз ісіне тиянақты, ұқыпты да ширақ ақжарқын жігіт көп ұзамай-ақ көпшіліктің, әкімшіліктің көзіне түсе бастады. Басшылар жағы, әсіресе мен тәрізді саяси жетекшілер ең алдымен осындай белсенді жастарға арқа сүйейтінбіз.
Ұмытпасам, 1963-64 жылдар шамасы болу керек. Бір күні маған Нұрсұлтан келді. Әдеттегідей ашық мінезді қалпы. Бірақ әлденеге мазасызданып жүргені байқалғандай ма, қалай? Екеуміз біраз әңгімелестік. Әңгіме соңына қарай ол өзінің бір жағдай төңірегінде ойланып жүргенін, сол жайында ақылдасуға келгенін айтты. Сөйтсем оны бір қызметке шақырыпты. Бір жағынан өзі өндірістен қол үзгісі келмейтін сияқты. Ақылдаса келе мен оның әлі де болса біраз уақыт өндірістен қол үзбеуі керектігін, мұнда қазақ жастарының саусақпен санарлықтай ғана екенін, металлург мектебінің барлық сатыларынан өтіп барып қана өзге қызметке барғаны жөн екенін айттым. Оның өзі де осы шешімге ден қойды. Сөйтіп Нұрсұлтан металлургтер ортасында қала берді.
Шынында да ол уақытта комбинат маманға аса зәру еді. Оның үстіне қазақ жұмысшылары тіпті жоқ десе де болғандай. Өкінішке орай, комбинаттың дүрілдеп тұрған жылдарының өзінде мұндағы жұмысшылардың бар-жоғы үш-ақ проценті қазақ жігіттері болды. Қазір де одан жақсарып кеткені шамалы. Бүгінде қарап отырсам, мұның бәрі басшылықтың іс-қимылына, ниет-пиғылына байланысты екен ғой. Басшы солақай саясаттың жетегінде кеткен коллективте әділетсіздіктің орын алуы оп-оңай.
Мақтанғаным емес, 1964 жылы мен еліміздегі ең ірі конверторға бастық болып тағайындалдым. Онда болатты конверторлық тәсілмен балқыту бұрын-соңды біздің елімізде болмаған іс еді. Францияға арнайы барып, бұл тәсілдің қыр-сырын біліп қайтуымызға тура келді. Жаңа істі жолға қою үшін білікті мамандар жинауға тырыстық. Айтқалы отырғаным – сол кезде конверторда еңбек еткен жұмысшылардың арасындағы қазақ жастары 30 процентке жеткен екен. Әрине, біз ол кезде қазақ жастарын жер жерден арнайы жинаған жоқпыз, бірақ тілек білдірушілерге кесе-көлденең де тұрмадық. Сайдың тасындай жігіттердің жиналуы соның нәтижесі болу керек. Кезінде оған іштей қуанып жүрдік. Ықылас болған жерде бәрі де болады екен. Кейінірек комбинаттың директоры қызметінде жүрген кезімде де қазақ жұмысшыларының қатарын көбейтуді назардан шығарған емеспін. Рас, онымен тікелей өзің айналыса алмайсың. Бірақ кадр ісімен айналысатын орындарға жанашыр азаматтар отырды.
Бүгінде ұлттық жұмысшыларды қалыптастыру деген сөз жиі айтылады. Орындалып жатқаны мардымсыз-ау деп ойлаймын. Өйткені нақты іс жоқ. Тиісті орындарға ұлттық кадрларді отырғызып, бұл істі шын жанашырлықпен ұйымдастыратын болсақ, кез-келген өндіріс орынынан қазақ азаматтарына лайықты қызмет табылары анық. Сонда ғана бүгінде жұмыс істеп тұрған алып заводтарымыз бен кәсіпорындарымыз халқымызға шын мәнінде пайда келтіретін болады. «Қаңғып келген шүрегей көлге пана болмайды» дегендей, уақытша тірліктің соңында жүрген адамдардан аса көп игілік күту қиын.
Нұрсұлтан Әбішұлы болса, осындай өмір мектебінен өткен азамат болды. Оның өз басымен, өнегелі отбасымен ұзақ жылдар бойы етене араласып жүрдік. Теміртаудағы, Қарағандыдағы жылдар бізді шын мәнінде жақындастырып, туыстастырып жіберді. Нұрекең өзінің комбинатымен қашанда байланысын үзбеді. Әлі күнге дейін солай десем артық бола қоймас. Өзім комбинаттың директоры болған 7-8 жылда мен ол кісінің Теміртауға деген ыстық ықыласын айқын сезіп жүрдім. Мұның өзі Қазақстан Магниткасының Нұрекең үшін аса тағлымды мектеп болғанын аңғартса керек.
...Теміртау жайында ойлай отырып көз алдыма Арқаның жайсаң табиғаты, өзім туып-өскен Ақтаудың тамаша қойнаулары келеді. Соғыстан кейін мектеп бітіріп, ауылдан алыстағы Москваға аттанған сәтім ойға оралады. Уақыттың жүйріктігіне қайран қаламын. Өзіме қас-қағым сәт сияқты көрінетін Теміртаудағы жылдарымнан да көп нәрсені аңғарғандай боламын. Естелік деген тәтті қиял ғой. Өзің үшін айнымас әсер дүниесі. Ең бастысы қарапайым жұмысшыдан осы заманғы алып комбинаттың басшысына дейінгі аралықта жүріп өткен жолдарымнан кейінгі ұрпақтарым өздеріне үлгі тұтарлықтай бір жақсылықтың нышанын тапса деп армандаймын. Адам баласы үшін содан үлкен қуаныш, бақыт болмас-ау.
Суреттерде: 1.Махмұд АҚБИЕВ;
2. Н.Ә.НАЗАРБАЕВ мерекелік балқыма кезінде. 2000 жыл.
Суреттер «АрселорМиттал Теміртау» АҚ баспасөз
орталығының қорынан алынды.
МЕРЕКЕЛЕРІҢІЗБЕН, ҚҰРМЕТТІ МЕТАЛЛУРГТЕР!
Қасым Ботанов
ТЕМІРТАУ
/поэмадан үзінді/
Отарба келіп,
Керуен сарайға тоқтады,
Жарқырап тұрды,
Жас Теміртаудың оттары...
Жалынның үні
Еріксіз сіңіп санама,
Ендім де кеттім қайнаған құрыш- қалаға.
Бейбіт еңбекке
Бейім тұрады қашанда,
Соғыс жылдары шыр етіп түскен шарана.
Соғыстың сонау
Тимеді кімге зардабы,
Тоғысты мұнда
Талай тайпаның тарланы.
Дамбаны қашап,
Қылыштан емес
Қайладан,
Самурайлардың ойылды алақандары.
Адал еңбегін
Бағына балап бір күннің,
Адал терлерін
Құмына құйып құрдымның,
Болат қаланың сеніпті болашағына,
Ардагерлері
Саяси қуғын – сүргіннің.
Абай мен Гете музасы тамсап Нұрадан,
Ұрпағың бір сәт
Тіл табысты ма,
Ұлы Адам?!
Үш нәсіліңді
Бір шепке түзді Теміртау,
Ұлытау сынды
Үш жүздің басын құраған.
Бұл дала бұрын
Мұндайды сірә көрмеген,
Бабамның бейқам
Төрт түлік малы төлдеген,
Топырақ мынау,
Құнарлы терге шөлдеген,
Дәуірде сонау
Қан сіңген төсін Жауырдың,
Өлермен ұрпақ шәйіп-ақ бақты терменен.
Осындай екен
Шағала дәурен шалқары,
Құрыштың демі
Алаулатады Арқаны.
Асау бір ойлар алдымнан шығып,
Лапылдап –
Магнитка мені –
Магнит құсап тартады.
...Біз –
Қатал шақта дүниеге келген ұлдармыз,
Алғанбыз рух алаулап тұрған тудан біз.
Қан-қан боп шығып төбелес пенен ұрыстан,
Магниткадағы құрыштан суарылғанбыз!
Өткенім дағы – осында,
Менің ертеңім,
Абыз да болдым,
Аусарлау бір кез ерке едім.
Теміртау –
Менің өмірім менен өлеңім,
Теміртау –
Менің егіліп айтар ертегім!
Құрдымды кезіп,
Қалықтап ұшып жүр едім,
Шақырды мені өзіне осы жыр елім.
Теміртау –
Менің сағынышым ғой сарғайған,
Теміртау –
Менің құрыштай қайсар жүрегім!
Лапылдап түнде,
Жарқырап күнде жанасың,
Арқада мынау асқақсың өзің,
Дарасың.
Теміртау –
Менің жұдырықтай бір жүрегім,
Алақандай боп, алдымда жатқан –
Алашым!
Алаулым менің!
Арналды саған сан жырым.
Запыран құсқан заманнан іште қалды мұң.
Теміртау –
Менің сайрандап өткен сал күнім,
Теміртау –
Менің темірдей текті тағдырым!
Қыршын жас күнім,
Қайдасың қайран тамызым?
Ақтарсын жырын алпыстан асқан абызың.
Көше бер енді ауыздан – күллі ауызға,
Айта жүретін аяулы менің аңызым.
| |