Мақсат – жоғары білікті мамандар даярлау
«Бес жылда Үкімет металлургия өнімдерінің өндірісі мен экспортының екі еселенуін, химия өнімдері өндірісінің үш еселенуін қамтамасыз етуі керек».
(Қазақстан Республикасының Президентінің «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауынан).
Қазіргі заманғы металлургия өндірісі - әр түрлі технологиялық үдерістерін қолдану негізінде іске асырылатын өте күрделі шаруашылық. Мысалы, болат өнімдерінің түр-түрін өндіру үшін бірнеше сатылы технологиялық операциялар қажет: алдымен байытылып, өңделген темір кенінен домна пештерінде шойын балқымасын алу, содан кейін шойын балқымасын және басқа да қоспаларды қолданып, конвертор агрегатында болат балқымасына айналдыру, оны үздіксіз құю машиналарында кристалдандыру жолымен қатайтылған аралық дайындамалар – слябтар немесе блюм өнімдерін алу. Өндірілген аралық бұйым слябтан прокат стандарында ыстықтай жұқартылған қаңылтыр, одан кейін салқындай жұқартылған жұқа және аса жұқа қаңылтыр өндірудің бірнеше кезеңді өңдеу операциялары қолданылады. Ал блюмнің арнайы стандарында сортты таптама бұйымдары өңдіріледі.
Осындай күрделі өндірісті қамтамасыз ететін басты тұлғалар – кәсіптік даярлығы жоғары жұмысшылар, техниктер, инженерлер мен ғылыми-зерттеу және жобалау институттарының қызметкерлері.
Металлургия саласына қажет инженерлік және техникалық кадрларды даярлау бағытында Қарағанды мемлекеттік индустриялық университетінің (1963 жылдан жоғары техникалық оқу орны, 1993 – 2006 ж.ж. металлургиялық институт) қосқан үлесі айтарлықтай.
Университет 40 жылдан астам уақыт ішінде металлургия, құрылыс, машина жасау және энергетика салалары үшін 21 000 жоғары білікті инженерлер мен бакалавр мамандарын даярлап шығарды.
Мысалы, Қарағанды металлургия комбинатының (қазіргі «АрселорМиттал Теміртау» АҚ) инженер-техникалық мамандарының 90%-ы біздің университет түлектері. Ал Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Ресейдің, Украинаның, Беларусь Республикасының металлургиялық орталықтарына, тіпті, қашық шетел мемлекеттері – Германия, Израиль елдеріне де біздің университетті әркезде бітірген мамандар орын ауыстырды және нәтижелі қызмет етіп жатыр.
Өтпелі кезеңнің дағдарыстары мен келеңсіз жағдайларының әсерінен біздің университет те көп қиындықтарға кездескенін жасыруға болмайды. Университет ұжымы осы қиын кезеңнің ауыртпалықтарын жоғары ұйымшылдықпен және табысты шығармашылық еңбегімен еңсере білді, оқу-әдістемелік, педагогикалық және тәрбиелік жұмыстарды жүргізудің қазіргі заманғы тиімді жолдарын меңгерумен қатар ғылыми-зерттеудің іргелі және қолданбалы салаларында да айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Университеттің металлургиялық арнайы кафедраларында металдарды өңдеудің қазіргі заманғы технологияларының басты бағыттарында жаңа ғылыми-техникалық зерттеулер іске асырылуда. Мысалы, «Металдарды қысыммен өңдеу» кафедрасының ғалымдары «Қарқынды пластикалық деформациялау» әдісімен ультра уақ түйіршікті кристалданған металл бұйымдарын және нанотехнологиялық материалдар алу бағытында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Бұл бағытта бірнеше кандидаттық және магистрлік диссертациялар қорғалды, өндірістің инновациялық технологиялық жобалары жасалды және Германияның, Чехияның, Ресейдің, Қытайдың металлургия саласындағы алдыңғы қатарлы техникалық университеттерімен тығыз байланыс орнатылды. Ағымдағы оқу жылының өзінде олардан 8 ғылым докторы, профессорлар келіп біздің студенттер мен магистранттарға дәріс оқыды және осы үрдіс келешекте де жалғасуына келісім жасалды.
Университеттің материалдық – техникалық базасын қайта жаңғырту бағытында да кейінгі 10 жылда үлкен істер атқарылды. Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей көмегімен университеттің жаңа оқу ғимараты іске қосылды, ғылыми және оқу зертханалары ашылды, қазіргі заманғы өте жоғары дәлдікті зерттеу құралдары сатып алынды (олардың қатарында Жапониядан металдардың ішкі кристалдық құрылымын 1 500 000 есе үлкейтіп көрсететін электрондық микроскоп, Германиядан – оптикалық микроскоп, Америкадан металдарды пластикалық деформациялау үдерісін математикалық модельдеуге және өте күрделі, көлемді есептеулер жұмысын іске асыруға мүмкіндік беретін «Deform-3D» құрылғысы және т.б. қазіргі заманғы құрал-жабдықтар). Университет кітапханасы үшін жыл сайын миллиондаған теңгеге жаңа кітаптар мен журналдар сатып алынады, студенттер мен оқытушыларға арнап қазіргі заманғы компьютерлер орнатылды және интернет-кластар ашылды.
Студенттер мен оқытушылар үшін қазіргі заманғы жабдықтар мен жаттықтыру құралдары орнатылған спорт залы және саунасы мен асханасы бар жатақхана жұмыс істейді.
Университетте 2001 жылдан бастап металлургия саласының негізгі мамандықтары – шойын қорыту, болат балқыту, металлтану мен термиялық өңдеу және металдарды қысыммен өңдеу кәсіби біліктіліктеріне сәйкес инженер-технологтар мен бакалаврлар қазақ тілі негізінде даярлана бастады. Олардың сапалы білім деңгейін қалыптастыру үшін университеттің қостілді тәжірибелі доценттері мен профессорлары мемлекеттік тілде оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар және арнайы орысша-қазақша терминологиялық түсіндірме сөздіктер бастырып шығарды. Кейінгі 10 жыл шамасында мемлекеттік тілде сапалы білім бере алатын оқытушылар қатары қалыптасты. Металлургия мамандықтарында оқуға берілетін жыл сайынғы грант саны да өсіп келеді. Алайда, осы металлургия мамандығын меңгеруге ұлттық мектепті бітірген жастардың құлшынысы тым төмен. Мектептерді бітіретін жас талапкерлер көбінесе заңгер, қаржы-экономикалық және т.б. гуманитарлық мамандықтарды қалайды.
Мемлекетіміз индустриялық-инновациялық өркендеу бағытына бет бұрып отырғанда жастарымыздың техникалық мамандықтардан аулақ болуы ел болашағаның тамырына балта шапқанмен бірдей. Бәсекелестік күннен-күнге өсіп отырған әлемдік жаһандану дәуірінде технократиялық жолды өз ұлтымыздың жастары таңдамаса келешекте басқа жат өркениеттің жөнімен кетіп, тәуелсіздігімізге үлкен қауіп болуы мүмкін.
Өткен тарихымызға үңілсек, ұлтымыздың алғашқы іргесін қалаушы сақтар мен сарматтар қола және темір ғасырларының негізгі жасаушылары болған, яғни, ол тайпалар үшін металл өңдеу өнері ата-кәсібі болып қалыптасқан. Европа жұртына металл қорыту және өңдеу өнерін солар үйреткен.
Сол ұлы бабаларымыз өздері алғаш тауып меңгерген, металлургия кәсібі біздің қазіргі жастарымыздың генетикалық жадында қайыра жаңғырып, жаңа заманда қайта ата кәсібіне айналғай!
«Бес жылда Үкімет металлургия өнімдерінің өндірісі мен экспортының екі еселенуін, химия өнімдері өндірісінің үш еселенуін қамтамасыз етуі керек» делінген Қазақстан Республикасының Президентінің «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауынан.
Б.Быхин,
техника ғылымдарының кандидаты, Қарағанды индустриалық университетінің доценті.
Источник: "Орталык Казахстан" от 3.06.10г.
|