ЕЛБАСЫ – МЕНІҢ ДОСЫМ



1960 жыл – Қазақстанның қара металлургиясы тарихында ерекше бетбұрыс жасаған елеулі жыл болды. 1944 жылы қазақ заводы алғашқы темірді балқытса, содан тура он алты жыл өткенде тұңғыш қазақ шойынының селі ағытылды. Жаңа металлургия комбинатының жарты ғасырлық тарихы дәл осы алғашқы шойын құйылған 1960 жылғы 3-шілдеден басталады.

Өткен ғасырдың елуінші жылдары ел үкіметі аса көрегендік танытып, келешекті болжап, Магниткаға үш мың-дай қазақ бозбалаларын арнайы комсомолдық жолдамамен жібергенін бұл күнде көрегендік, болашақты дәл болжау демеске болмайды. Сол жылдары кең байтақ қазақ даласының түпкір-түпкірінен Арқаның алыбында еңбек етуге құлшынып, Теміртауға табан тіреген азаматтардың бәрі де біркелкі Отансүйгіш, патриот, елге тірек аптал азаматтар болып же-тілуінің өзі тарих туындатқан ерекше құбылыс. Олай дей-тініміз қазақтың ұлттық жұмысшы кадрларын қалыптастыру осылай заңды негізде басталып және олар бірден қара жұ-мысқа жегілмей, техникалық мамандық алуы ойластырылды. Металлургия өндірісі жақсы дамыған Ресейге, Украинаға оқуға жіберілді. Днепродзержинск қаласына аттанған алпыс сегіз адамдық топ сондағы техникалық училищеде екі жыл оқып, темірдің теориясын әбден игерді. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті, егемен елдің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сол алпыс сегіздің бірі болып, горновой мамандығына ие болып шықты. Алғашқы күннен ұйым-дастыру белсенділігімен көзге түсіп, ондаған ұлттан құралған жігіттер оны бірауыздан топ старостасы етіп сайлады. Сол бір қиын-қыстау кезеңде Украинада білім алған өрімдей қазақ ұлдары білімге құштарлығымен, ұйымшылдығымен ерекше-ленген. Ол жөнінде Елбасымыздың естелік кітаптарында тамаша баяндалады. «Магнитка тарихы, Теміртау тарихы- менің тағдырыммен ұштас» дейтіні де содан Нұрсұлтан Әбішұлының.
Елден жырақта оқу-білім іздеген сол аптал азаматтардың көбі жетпіске аяқ басып, бастарын ақ қырау шалса да сол кездегі достықтары күні бүгінге дейін тұнық күйінде жалғасуда, олар әрбір бес жыл сайын кездесуді дәстүрге айналдырған. Осыдан екі жыл бұрын өрімдей бозбала кездерінде тағдырлары тоғысқан Теміртауда өткен дәстүрлі кездесулеріне куәгер болып, Елбасымыздың курстастарымен әңгімелесудің сәті түскен еді. Арада өткен елу жылда әр адамның өмірі өзіндік иірім толқынымен өтті. Бірі бозбала кезінде алған металлург мамандығына адалдық танытса, енді бірі өмірдің өзге соқпақтарына түсті. Бірақ солардың бәріне ортақ ерекше қасиет Отанға, елге пайда келтіру, халыққа қызмет ету болса, бәрін біріктіріп, жалғастырып тұрған жіпсіз байлау бөтен елде екі жыл бірге оқығандағы қимас достық, селкеусіз жолдастық қарым-қатынастары. Енді солардың біразының әңгімесіне оралайық.
Рахматулла ЖАНАРБАЕВ:
- 1958 жылы орта мектепті бітіріп, алдымда көп таңдау тұрған шақта менің бар ынта-ықыласым Қазақстан Магнит-касына ауды. Шымкент қалалық комсомол комитетінен Теміртауға жолдама алған сәттегі жүрек лүпілі күні бүгінге дейін есімде. Бізді бірден Украинаға аттандырды. Сонда тұңғыш Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевпен бір топта оқыдым. Училищені бітірісімен міндетті әскер қатарына алынуым өміріме үлкен өзгеріс әкелді. Отбасын құрып, Солтүстік Қазақстанда педагогика институтын бітірдім. Сегіз жылдай мұғалім, үш жыл мектеп директоры болып жұмыс істедім. Өмірім бір арнаға түскендей болса да металлург болу арманы көкейімнен кетпей қойды. Ақыры он алты жыл өткенде Теміртауға көшіп келіп, өзімнің сүйікті мамандығым бойына №4 домнада горновой болып жұмыс істедім. Жұбайым Гүлзада шихташы болып еңбек етті. Қазір біздің еңбек жолымызды ұлдарым жалғастыруда. Қайрат қаламыздағы металлургия университетін бітіріп, заводта механик, ал Қизат коксохимда слесарь. Тәуелсіз еліміздің болашақ Президентімен бірге болған сол бір екі жыл бүкіл өмірімнің мәні мен маңызы деп білемін. Нұрекең шын мәнінде мақтанарлық жан.
Телман СПАЕВ:
- Бойымызда жастықтың оты жалындап тұрған нағыз албырт кезімізде отыз үш жігіт жол тарттық, барғасын бізге тағы да отыз бес Днепродзерожинскіге адам келіп қосылды. Оның ішінде Нұрсұлтан Назарбаев, Мақсұт Нәрікбаев, Ғабидолла Сәрекенов, Мақаш Тәтімов, Ырыспанбек Төлендиев сияқты небір жайсаң азаматтар болды. Өз тобымызда «Горновой» деп аталатын қабырға газетін шығаратынбыз. Жалпы біздің топты украиндық оқытушылар қатты қадірлейтін, өйткені не жаңалық, не жақсы іс бізден, топ старостасы Нұрсұлтаннан туындаушы еді. Нұрекең сабаққа да өте алғыр, бәрімізден зерек. Бірде курс жетекшіміз Дмитрий Изотович Погорелов жазбаша жұмыстарымызды, сызғандарымызды тексеріп отырып;
- Нұрсұлтан, сіздің мына рефератыңыз обкомның секретарына лайық жұмыс екен. Түбінде сіз еліңіздің премьер министрі боласыз, - деп нық сеніммен шын көңілден мақтады. Талап қойғыш оқытушының бұл бағасына бәріміз де іштей қосылдық, мақұлдадық. Енді бәріміз де «мен кім болам? Мен кім болам?»- деп сұрақтарды қарша бораттық. Ол кісі де тартынған жоқ, өте зерделі, тәжірибелі ұстаз ғой, әрқайсымызға өз бағасын берді. Қ. Сәрекеновке және маған «партия қызметкері боласыңдар» десе, Аманәлі Әбдраманов досымызға «Сенен нағыз жақсы жұмысшы шығады» деген. Осылайша оқуды бітіріп, горновой, кран машинисі, дәнекерлеуші мамандықтарын алып, 1960 жылы бірінші мамыр күні Қарағанды вокзалына келіп түстік. Нұрекең совнархозға барып, көлік сұрап алып, Теміртауға жеттік. Қазірге «Стиль» қонақүйі ғимараты ол кезде коммуналдық шаруашылық кеңсесі екен. Күн суық. Қар аралас жаңбыр жауып тұр. Курсанттық қаражатымыз жолда-ақ біткен. Нұрсұлтан жүгіріп жүріп, бастықтарға барып, әрқайсымызға елу сомнан аванс жаздырып берді. Заводтың құрылысы жүріп жатқан еді, бәріміз бетоншы болып жұмыс істедік. Осылайша тұңғыш қазақ шойынын алуға аз да болса үлес қостым. Кейін Шымкентте қорғасын заводында жұмысшы, халық шаруашылығы институтын бітіргеннен кейін инженер-экономист болып жұмыс істедім. Сол бір бозбала кездегі бірге оқыған, еңбек жолын бастаған жалынды жылдарымыз туралы, Нұрсұлтанның әу бастан ерекше қабілеттілігі жөнінде « Ол – келешекте» деген кітап жазып шығардым. Бес баламның екеуі менің жолымды қуып, металлургия саласында еңбек етеді.
Алтай СӘЛІМОВ:
- Теміртауға келгенде кейбір басшылар металлург мамандығын ұмытып қалмау үшін бізді Ресейге жұмыс істеуге жібермек болғаны бар. Сонда біздің досымыз Нұрсұлтан Назарбаев ерекше көрегендік, тамаша тапқырлық көрсетті. Ол оқу бітіріп келген жастарды ешқайда бытыратпай, заводтың құрылысында жұмыс істетуге ұсыныс жасады. Және бәріміздің де тұрмыс, еңбек жағдайымыздың дұрыс болуын қадағалады. Соның арқасында бірге оқыған алпыстан аса жігіт алғашқы шойын ағызу қызығын көзбен көріп, қолмен ұстап белсене қатыстық. Біраз жыл горновой болып еңбек етіп кейін елге оралдым. Біз сол кезде өзіміздің досымыз Нұрсұлтанның келешекте кемел басшы болатынына кәміл сендік. Өйткені жасы бізбен қатар болса да бәрімізге ақылшы ағамыздай болып жүретін. Қайда барсақ та орналастыру, ұйымдастыру жұмыстарын бір өзі тындыратындықтан біз оған әбден арқа сүйеп алған едік. Теміртауға келгесін де бәріміз бір жатақханада тұрдық. Жұмыс қанша ауыр болса да шаршау дегенді білмеппіз. Бүкілодақтық маңызы бар құрылыс болғандықтан қалада арақ- шарап сатылмайтын. Кейде сыра кездесіп қалса, әйтеуір су тұратын ыдыстың бәрін толтырып құйып алып, мәз болушы едік. Нұрекең Сарыағашқа жолы түсе қалса мені шақыртып алып, сол кездерді еске алып, сағына әңгімелейміз. Ана жылы үлкен су тасқыны кезінде тікұшақпен бәрін аралап, жапа шеккен елге жұбаныш болды. Бір жиында көптің алдында мінбеде қатар тұрдық. «Достармен кездеспегенімізге де біраз болды, санап жүрсің бе, алдағы кездесуде Рақымжан қалып қоймасын. Соны ойластыр», деп тапсырма да берді. «Бір қуанатыным қазағым күнкөріс іздеп бөтен елге қаңғып кеткен жоқ» деп сырын да шертті. Сол жолы Нұрекеңнің «Сарыарқа» деген жаңа әнінің тұсауы кесілді. Міне, менің досым Нұрсұлтан қандай жан-жақты адам.
Марат АХМЕТАЕВ:
- Менің әкем Ахметай мен Нұрсұлтанның әкесі Әбіш екеуі Алатаудың бөктерінде қойы қоралас, ауылы аралас достар болған, Әбіш ақсақал ферма меңгерушісі, менің әкем жылқышы. Жазғы жайлаудағы қонысымыз аса жақын болатын. Мен бесінші сыныптан бастап Нұрсұлтанмен дос болдым, ит жейдені одан үш ай бұрын тоздырсам да маған ақыл айтып, көп нәрсеге көзімді жеткізіп жүретін. 1958 жылы орта мектепті бітіргенде Теміртауға баруға шақырған да Нұрсұлтан досым еді. Сөйтіп Украинада металлург мамандығына оқыған алпыс сегіз жігіттің біреуі қырғыз болуына Нұрсұлтан себепкер болды. Өкінішке орай мен анамның сырқаттануына байланысты бір-ақ жыл жұмыс істей алдым. Кейін Бішкекте политехникалық институтты бітіріп, жоғары білімді инженер- металлург болдым. Қазір Қордай ауданында жеке кәсіппен айналысамын. Сегіз бала тәрбиелеп өсірдім. Бәрі де жоғары білім алып, қазақ еліне қызмет етіп жүр.
Рақымжан МЫРЗАХМЕТОВ:
- Украинадан оралғаннан кейін әуелі бетоншы, сосын №2 домна пешінде горновой болып жұмыс істедім. Нұрсұлтан №1 пеште еңбек етті. Ол кезде өзара социалистік жарыс өте қызу жүретін. Менің бригадирім Ахат Набиуллин деген азамат еді, кәдімгі шойын селін алғаш ағызған бригада жетекшісі. 1960 жылы Н. Назарбаев басқаратын бригада мен біздің бригада комбинат бойынша тұңғыш коммунистік еңбек ұжымы атанды. Бұл еңбек жеңісі бізді қанаттандырды. Училищедегі ұстазымыз Погорелов маған «түбінде мұғалім боласың» деуші еді. Мүмкін мінезімнің жұмсақтығынан айтты ма екен? Нұрсұлтан да үнемі қамқор болып жүретін. 2003 жылы курстастар бас қосқанда денсаулығыма орай бара алмаған едім, кейін Алтайға мені тапсырып «Рақымжанның жағдайын біл. Ендігі кездесуден қалып қоймасын» деп ескергеніне қатты риза болып «Шіркін дос болса Нүрекеңдей болсын, кеудесіндегі жүрегін жұлып беруге дайын тұрады» - деп көңілім босады. Ойлап отырсам мыңдаған қазақ жігіттерінің тағдырын байланыстырған Теміртау комбинаты қазақтың маңдайындағы үлкен бақыт екен. Біз сол кезде достықты қадірлеуді, қатар жүріп сыйласуды басты мақсат тұттық.
Иә, сол алпысыншы жылдары Украинада оқып, темір қорыту тәжірибесін игерген алпыс сегіз бозбаланың ішінен бірнеше ғалым, академик, талантты маман, талапты кәсіпкер, тұңғыш тәуелсіз Қазақстанның басқалармен терезесін теңестірген тамаша Елбасы шыққанын мақтан тұтамыз. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей мектепті енді ғана бітіріп, алдарына толған мақсат, толғақты таңдау қойған жас жігіттер Қазақстан Магниткасына өз қолтаңбаларын қалдырды. Ал Магнитка оларды өсірді, есейтті, үлкен өмірде адаспайтын ұлағат берді. Тектілер тағдырлары тоғысып Теміртауды көтерді. Теміртау оларды тәуелсіз Қазақстанның биік заңғарына шығарды. Теміртау тектілер қаласы деген ақиқат осыдан айтылған.

Серікгүл АЛТАЙБАЕВА

Источник: «Теміртау» от 9.06.10г.
 

Сіз мемлекеттік қызметтерді алу кезінде ҚР «Электрондық үкіметінің» порталын қолданасыз бе?
Мұрағат
16 Қазан 2012
Караганда Другие города
+5 °C
без осадков,ясно
Ю, 2 м/с
16 Қазан 2012
Доллар США   150.62
Евро   195.16
Российский рубль   4.86
 
Послание Президента РК
 
Қазақстан Республикасы Президентінің алдыңғы Жолдаулары
Индустриально-инновационное развитие
Государственные закупки
           
 
           
 
           
 
         
 
         
Online конференциялар және баннерлердiң архивы      Сайт картасы
© 2005-2012Қарағанды облысы әкімдігінің ақпараттық порталы
Сайт материалдарын пайдаланғанда ақпарат алған көзге сілтеме жасау міндетті
Әзірлеуші және қолдаушы: «Creatida» интернет-компаниясы
Вверх