Болатшы 23 маусым 2010 жылы. № 11



ТҰҢҒЫШ ШОЙЫН СЕЛІ
Маусым айы қоңырсалқын болса шілде туысымен арқа жазы қапырыққа ұласады. Жалпы үнемі жаңа іс атқарылып, ірі өнеркәсіп орындары ашылып, әрі іргетасы қаланып жатқан қалада тұру бір ғанибет. Себебі арайлап атқан әр таңмен бірге, көңілге жылылық ұялатар тың жаңалық, өркенді істі қоса естіп, марқаясың, жасампаз еңбекке сүйсінесің. Сонда бір мына тіршілік атаулының бір орнында бұйығы қалпында қалып қоймай, үнемі дамып, ілгерілеп отыратындығын өзінің күнделікті өміріңнен танып біліп, сынаптай жылжыған уақыт көшіне өз қолтаңбамды қалдырсам деп ұмтыласың. Қала мәртебесін алғаннан бергі Теміртаудың тыныс-тірлігі үнемі ілгерілеу, өсумен ерекшеленіп келді.
Міне, шілденің алғашқы күндері де тың жаңалығын ерте келді. Шілденің 3 күні жаңа домна пешінің төңірегі ығы-жығы халыққа толды. Әдетте үлкен өндіріс жұмыс істеп жатқан кезде төңіректе бейсауат жанның жүруіне болмайды. Жоқ, бүгін олай емес.
Айтулы оқиғаның куәсі болған қаламгер ағамыз Қали Садықов сол сәтті былайша баяндайды: «Сана-алуан машиналардың күнше күркіреген, гүрілдеген зор дауыстары алып заводтың құдіретті күшін танытқандай. Кең тынысымен дем алып, су бүркіп, бу түкіріп, желпінген көп агрегаттар көз тұнжыратады. Ол жер, бұл жерден электр жарығы жарқ етіп, найзағай ойнағандай болады.
...Күндізгі сағат 2-ден асқан кезде цехқа Теміртау тұрғындары, көптеген адамдар жинала бастады. Олардың кейбіреулері темір басқышпен домнаның үстіңгі қабатына өрмелесе, енді біреулері машина залдарын аралап, тамашалауда. Бір топ адам домнаға шикі зат берілетін тетікке үңіле қарап тұр.
Цех бастығының: «Шойын ағызар уақыт таяп қалды. Тездетіңдер істі. Кәне, бол тез» деген дауысы жиі-жиі естілді.
–    Константин Трофимович, айтқаныңыздың бәрі де орындалады,
қазір, қазір, - деп аға горновой Николай Набиулин өзі ісін ерекше бір шабытпен атқаруда.
–    Сағат 2-ден 30 минут кеткен мұғдарда алғашқы шойын құйылған
шөміштер құрамын тіркеген №0062 тепловоз әдемі дауысын сыңғырлатып қойып, домна аузына келіп тоқтады. Тепловоз машинисі Виктор Михайлович Комов горновойларды шын жүректен құттықтап жатыр.
–    Домналарыңыз қайырлы болсын. Іске сәт! – дейді тепловоз
машинисі еңбектес достарына.
–    Виктор Михайлович, біз сізді де құттықтаймыз. Ең алдымен
домнаның іске қосылуымен құттықтасақ, екіншіден алғашқы шойынды бірінші болып тасу үлесіңізге тигендігімен құттықтаймыз. Қадамыңыз қайырлы болсын, - дейді кіші горновой Мұрат Мұхамеджанов.
Сағат 3-тен 10 минтут кетті. Мастердің: «шойынды жібер» деген даусы да естілді.
Тап осы сәтте горновой Николай Набиулин тез қимылдап, пеш шүмегін ағытып жатты».
Міне, Теміртау тарихына алтын әріппен мәңгіге жазылып қалған айтулы ұмытылмас сәт осылайша өткен. Көз қызықтырып, өзіне баурап алатын қып-қызыл шойын кең астаудың арнасымен дариядай толқып аға жөнелгенде, жиналған халық ду қол шапалақтап, терең тебіреніске бөленген. Осы кезеңді суреттеген журналист: «Міне,, Қарағанды металлургия домна пешінің алғашқы шойыны осылай ағызылып еді. Заводтың формовщиктері Тілеужан Базарбеков, Сабатай Байтілеуов, Нұрмолда Мұсағалиев домнадан алынған алғашқы шойыннан ескерткіш плитасын құйып шығарды. Плита Ленин комсомолы атындағы бірінші домнаны бейнелейді. Бұл ескерткішке былай деп жазылған: «ҚазақССР, Қарағанды металлургия заводы. Қазақстанның алғашқы шойыны. 1960 жылдың 3 июлі».
Айтулы оқиғаға байланысты өткен салтанатқа Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаев қатысып, барша теміртаулықтарды тамаша еңбек табысымен, қазақстандық тұңғыш шойынның алынуымен құттықтады.
Сол кезеңнің деректері бірінші домна пешінің құрылысына 8 жарым мың комсомол мүшесі еңбек еткендігін мәлімдейді. Ал бұл кезде жалпы құрылысшы-монтажшылар саны Теміртауда 25 мыңның үстінде болатын. Теміртаулықтарды еңбектегі үлкен жетістіктерімен СОКП Орталық Комитеті және КСРО министрлері Кеңесі құттықтады. Бұл құттықтауда Қарағанды металлургия заводының іске қосылуы ҚазақССР-ін одан әрі индустрияландырудағы үлкен үлес екендігі, елдің шығысындағы аса ірі үшінші металлургия базасының құрылуының соңғы жылдар ішіндегі Сібір мен Қазақстандағы ашылған мол темір рудалары қазба байлығын игеруге үлкен мүмкіндік беретіні айтылған. Теміртауға елдің сан түкпірінен шын жүректен құттықтау хат түсіп жатты. Олар құрылыстың негізгі салмағын өз мойындарымен көтерген «Казметаллстрой» тресінің, Қарағанды металлургия заводының, ұжымы, ҚазақССР мен РСФСР Құрылыс министрлігінің монтаждау ұйымдары атына келді.
Арада он күн өткенде СОКП Орталық Комитетінің Пленумы өтті. Осы Пленумда Қарағанды халық шаруашылығы советінің төрағасы Б.Ф.Братченко қазақстандықтар атынан баяндама жасаған болатын. Баяндамашы партия Пленумы қарсаңындағы теміртаулықтардың тамаша табысы туралы былайша баяндады: «Жолдастар! Қарағанды металлургия заводының құрылысшылары мен металлургтерінің, партия, совет және шаруашылық органдарының тапсыруы бойынша, осы мәртебелі мінбеден Пленумға және Никита Сергеевич, Сізге 2 июльде іске қосылған қазақстандық бірінші домнаның жұмысты жақсы істеп отырғанын, жоспарлы тапсырманы меңгеріп, қазірдің өзінде елімізге 8 мың тонна жақсы шойын бергенін хабарлауға маған рұқсат етіңіздер». Осы сәтте үлкен зал ішін жиналған көпшіліктің ду қол шапалақтауы жаңғыртып жіберген. Братченко шапалақтың саябырлауын сәл күтіп барып, сөзін одан әрі сабақтады: «Қарағанды металлургтері, - деді ол, маған осы пленумға өздерінің еңбек тартуын – Қазақстан Магниткасының алғашқы құйылған шойынның бір кесегін табыс етуді тапсырды». Бұдан соң ол Пленумға қатысушылардың ду қол шапалақтауы үстінде мінбеден бұрылып барып мемлекеттік басшылары отырған президумға шойын құймасының кесегін тапсырған. Осы бір салтанатты сәтте қол шапалақтау бір толастамады. Осылайша барша совет халқы теміртаулықтардың ерен еңбегіне, тамаша табысына өз құрметін көрсетті. Бұл оқиғаға барша әлем куә болды. Теміртау шойыны туралы хабар барша жер жүзін шарлап кетті.
Орталық Комитетінің пленумында сөйлеген Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Д.Қонаев: «Қарағанды металлургия заводында бірінші домна пешін осы Пленумның қарсаңында іске қосу Қазақстан еңбешілерінің өміріндегі ең үлкен оқиғалардың бірі болды, сөйтіп Қазақстанда ірі қара металлургияны жасау міндеті нақты іс жүзіне асырыла бастады» деп мәлімдеді. Иә, Теміртаудағы тұңғыш шойын алынуымен қатар Қазақстан өзінің қара металлургия өндіруші елдер қатарына қосылғандығын дәлелдеді. Осылайша Қазақстан Магниткасының өмірге келуімен бірге Қазақстан экономикасы тағы бір міндетті атқарып, жаңа белеске көтерілді, Қарағанды облысы еліміздегі үшінші көмір алыбы ғана емес, сонымен бірге қара металлургияның аса қуатты орталықтарының біріне айналды.
Қашанда ерен істің бел ортасында еңбек иелері жүрмекші. Сол кезде Теміртаудағы Социалистік Еңбек Ері Еламан Байғазиевтің қажырлы еңбегі өзгелерге үлгі етілді. Газеттер «Байғазиев жолдас басқаратын болатшылар бригадасы мартен пешінің әрбір шаршы метр табанынан алынатын өнімді аңағұрлым арттырып, еңбекте ерлік көрсетіп келеді» деп жазды.
Иә, 1960 жылдың 3 шілдесі Теміртау үшін ерекше күн болып саналады. Бұл күні тұңғыш қазақстандық шойынның алынуымен бірге өмірге Қарағанды металлургия заводы келген еді.

(Соңы. Басы өткен сандарда)
Журналист Ермағамбет ЛҰҚПАНМЕН бірлесіп жазылды.
Суретте:1. Алғашқы қазақстандық шойын қорытылуына
орай өткен митингден көрініс; 2. Митингде А.Д.Қонаев құттықтау сөз сөйледі (3-шілде, 1960 жыл).

ҚАЛА ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

«Жол картасы – 2010»
білім беру нысандарында
2010 жылы «Теміртау қалалық білім беру, дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ «Жол картасы» бағдарламасы бойынша 5 мектепте (№№1,3,12,31 мектептер мен қыздар гимназиясында) шағын тәрбие орталықтарын, №3 ОКМИ (облыстық көмекші мектеп интернат) базасында балалар бақшасын ашу мақсатында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Сонымен бірге №№2,4,5,6,8,11,14,16 бала бақшаларында қосымша топтар ашу бойынша ағымдағы жөндеу жұмыстары қолға алынды. Бұл биылғы Елбасының халыққа Жолдауында айтылған 2012 жылға дейін мектепке дейінгі жастағы балаларды бала бақшамен толықтай қамтамасыз ету туралы тапсырманы жүзеге асырудың бір көрінісі. Яғни, жаңадан балабақшалар салуды күтіп отырмай қолда бар мүмкіндіктерді оңтайлы пайдалану мақсатында жүргізіліп жатқан игілікті  шара. 
Жөндеу жұмыстарына кірісіп кеткен мердігерлер бүгінде жұмыстың 20 пайызын атқарған. Мәселен, «№1 ЖБОМ» ММ-де 75 орындық шағын орталық ашу бойынша жұмыс жүргізіп жатқан «Заводстрой» ЖШС, «№1 ЖБОМ» ММ-де 100 орындық шағын орталық ашуға міндетті «Стэка проект» ЖШС, «№12 ЖБОМ» ММ-де 100 орындық шағын орталық ашуға міндетті «Спецпромстрой» ЖШС, «Қыздар гимназиясы» ММ-де 50 орындық шағын орталық ашуға тиісті «Арман Құрылыс» ЖШС жөндеу жұмыстарының 20 пайызын игерген болса «№31 ЖБОМ» ММ-де жұмыс жүргізіп жатқан «Темирбол» ЖШС барлық жұмыстың 8 пайызын ғана атқарып шабандық танытып отыр.
Айта кету керек, бұлардың барлығы да аталған жұмыстарды 25 тамызға дейін бітіруге міндетті. Өткен аптада болған қала әкімінің аппарат жиналысында әкім Нүркен Сұлтанов Елбасының тікелей ұсынысымен «Балдырған»  бағдарламасының аясында жүзеге асырылып жатқан бұл жұмыстың маңыздылығына тоқталып, мердігер мекемелерге оны уақтылы орындауды қатаң тапсырды.

Үш айлықтың қорытындысы
Жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша үстіміздегі жылы 13 наурыз бен 15 маусым аралығында қаланы санитарлық тазалаудың үш айлығы жарияланған болатын. Шараны өткізу кезінде қала әкімінің абаттандыру және құрылыс жөніндегі орынбасары Төлеген Мұхамеджанов бастаған арнайы штаб құрылып, үш айлықтың барысын бастан-аяқ қадағалап отырды.
174436 тұрғыны бар Теміртау қаласының жалпы аумағы 29610 гектарды құрайды. 2010 жылы тек авкөлік жолдарын ұстап тұру үшін ғана бюджеттен 97 356 мың теңгенің қаржысы бөлінген болатын.  Ал былтырғы 2009 жылы осы мақсатқа 121 466,5 мың теңге жұмсалыпты. Жол жағалауындағы қоқыстарды тазартумен «Темир Логистик», «Ескендір», «Темирстроймеханизация» және «Темирбол» ЖШС-тері айналысады.
Қаланы абаттандыру және санитарлық тазарту жұмысын жүргізу кезінде «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар тасымалы және автожолдар бөлімі» ММ орталық көшелердің және  көп пәтерлі ғимараттардың ішкі аулалық аумақтарының санитарлық жағдайына бақылау жасауды қамтамасыз ету мақсатында кешенді шараларды әзірлеп қолға алды. Бұл үшін аумақтарды мемлекеттік мекемелер мен ЖШС-ге бекітіп беру схемасы жасалды. Шағын кәсіпкерлік субьектілері мен жеке сектор тұрғындарына олардың нысандары мен үйлері орналасқан аумақтарды тәртіпке келтіру туралы ескерту хаттар табыс етілді.
17, 24 сәуірде және 15 мамырда өткізілген сенбіліктерге 280 еңбек ұжымы қатыстырылды. Қаланы тазалау жұмыстарына 147 200 адам тартылды. Нәтижесінде қаланың барлық аумағында, сонымен қоса 42 ашық алаңқайда тазарту жұмыстары жүргізілді. Спорт кешені, 9-шағын аудандағы балалар бақшасы, аймағында, мектептердың, ішкі кварталдардың аумақтарында, гүлзарлар мен даңғылдарда 10 467 түп ағаш отырғызылып, 8300 жасыл өскіндерге санитарлық тазарту жұмыстары жүргізілген.
Сенбіліктер мен «таза бейсенбіліктер» кезінде қаланың жеке кәсіпкерлері жүзден астам техника бөлді. Сенбіліктер кезінде қала күл-қоқыстарына иелік ететін «Гордорсервис-Т» ЖШС–мен қалдықтырды тегін қабылдау туралы келісімге қол жеткізілді. Үш айлық 15-маусымда аяқталды, алайда шын мәнінде жұмыстың 99 пайызы 9-мамырға дейін біткен болатын. Жеңіс мерекесіне дейін  Гагарин алаңы мен Тәуелсіздік гүлзары тәртіпке келтіріліп, ардагерлерге сонда құрмет көрсетілді.
Апта сайын «таза бейсенбіліктер» өткізіліп, оған меншіктің барлық түріндегі ұйымдардың жұмыскерлері, сонымен бірге еңбекпен қамту орталығында тізімде тұрған  жұмыссыздар қатыстырылып келді. 
Қала  жергілікті өзін-өзі басқару қоғамдық комитеттерінің 12 учаскесіне бөлінген, олардың әрқайсысында өздеріне бекітілген аумақтарға санитарлық тазарту жүргізу шаралары бойынша жоспар жасалынған. Ішкі кварталдарды тазартуға 1000-нан астам адам тартылды. Қыс бойы қордаланып қалған қоқыстарды тасымалдаудың сыртында ағаштар мен бордюрлерді ақтау, ағаштар мен бұталарды жаңадан отырғызу жұмыстары жүзеге асырылды. 961 көпқабатты тұрғын үйлердің күл-қоқыстары контейнер арқылы тасымалданып келеді, барлығы 181 контейнер алаңы жасақталып, оларға 2 433 контейнерлер қойылған. Бұлардың 1160-ы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласына орналастырылса, 1273 контейнер жеке секторларға қойылған. Қаланың контейнерге деген сұранысы 3050 дана, алайда қазірге бар контейнерлердің саны 2430, яғни сұраныс 79,8 пайыз қамтамасыз етілген.
Қатты қалдықтарды тасымалдаумен «Гордорсервис - Т» ЖШС және «777 фирмасы» ЖШС айналысады.
Материал «ТҮКШ ЖТ және АЖ бөлімі» ММ мәліметтері негізінде әзірленді.
Өз тілшімізден
 

Сіз мемлекеттік қызметтерді алу кезінде ҚР «Электрондық үкіметінің» порталын қолданасыз бе?
Мұрағат
16 Қазан 2012
Караганда Другие города
+5 °C
без осадков,ясно
Ю, 2 м/с
16 Қазан 2012
Доллар США   150.62
Евро   195.16
Российский рубль   4.86
 
Послание Президента РК
 
Қазақстан Республикасы Президентінің алдыңғы Жолдаулары
Индустриально-инновационное развитие
Государственные закупки
           
 
           
 
           
 
         
 
         
Online конференциялар және баннерлердiң архивы      Сайт картасы
© 2005-2012Қарағанды облысы әкімдігінің ақпараттық порталы
Сайт материалдарын пайдаланғанда ақпарат алған көзге сілтеме жасау міндетті
Әзірлеуші және қолдаушы: «Creatida» интернет-компаниясы
Вверх