Құрыш құйған, АРҒЫН құрыштан құйылған



Қазақ ырымшыл. Әсіресе, жас нәрестесіне ат қойғанда алдына жан салмайды. Тіпті тайпа, ру аттарын қоюға бейіл. Арғын, Қуандық, Сүйіндік тәрізді аттарды жалғастыра беруге болады. Жүнісов Арғын ағамызға да осылай Орта Жүздің аға баласының есімі бұйырған екен. Осыдан 82 жыл бұрын.

♦ ♦ ♦
Әйгілі металлург, болат балқытудың асқан шебері Арғын ағамызды Теміртауға арнайы іздеп бардым. Себеп те бар, орайы да келіп тұр. Қазақ Магниткасына 50 жыл толады таяуда. Бұрыннан білетін, талай суреттеме, очерк жазған ағамыз әуелде тосырқады. Арада бірталай уақыт өтіп кеткеннен болар деп ойладым. Ішін көп аша қоймады. Жыға тани алмай жатқаны тағы бар. Басқадай да жөні бар екені сөйлесе келе айқындала берді.
– Бауырым, мен туралы көп жазылды. Теле-радио хабарлар жасалды. Поэма да жазды Еркеш Ибраһим ақын. Осы сен шойын мен болатты айыра аласың ба? - деп төтесінен сұрақ қойды ағамыз.
Қалам ұстап, камера сүйреп жүрген кейбір әріптестерімнің мәселені жетік білмей тұрып-ақ көсілте жазып, көсемсіп сөйлейтіні ойға оралып, солар үшін осы жолы ұялдым. Талай рет «шойынды балқытты, болатты қорытып жатыр», - деп жазғандарды, сөйлегендерді естігенбіз, оқығанбыз. Амалсыздан әйгілі металлург ағамызға Магнитка копер цехындағы шихта (металл сынықтары) мен аглофабрикадағы рудадан басталатынын, шойын домна пештерінде қорытылып, болат мартен мен конвертерде балқытылатынын, слябингте болат құймалар сығымдалып, прокат цехтарында қаңылтыр болып жұқарып, орама болып шығатынын айтып, металлургияның өзім білем-ау дейтін техникалық кезеңдерін тілге тиек етуіме тура келді. Жас кезімде осы цехтардың бәрін жаяу аралап шыққан едім. Соның пайдасы тиді.
Арғын ағамыз шешілді.
♦ ♦ ♦
– Мен негізі Қарқаралының тумасымын. Есімді шала-шарпы білетін кезде, яғни, кәмпескеден кейін әке-шешем ауа қашып, Омбы жаққа өтіп кетеді. Тегім Шор атасынан тарайтын Әйтімбет болу керек. Қуғын-сүргін саябырлаған кезде Ақмолаға көшіп келдік. Он төрт жасымда Жолымбет руднигінде жұмысшы болдым. Соғыс жылдарым осы кеніште өтті. Қара жұмыспен қабырғам қатты, бұғанам бекіді. Теміртауға 1947 жылы келдім. Ескі қаладағы Қазақ металлургия заводының мартен цехына болат балқытушы болып орналастым. Болатты бірден қаймақша қайнаттым деп айта алмаймын. Еламан Байғазиев, Алтынбек Дәрібаев сынды ағалардың аялы алақанын көрдік, ақыл-кеңестерін алдық. Екеуі де Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды, - деп Арғын ағамыз бір дем басты.
Қаныш Сәтбаевтай дана ғалымның күш салуымен іске қосылған Қазақ металлургия заводы 1944 жылы тұңғыш болат өнімін бергені мәлім. Таза шихтамен (металл сынықтарымен) жұмыс істеді. Бертінге дейін сортты прокат цехы болып тұрды. Негізінен арматура шығаратын. Осы арматуралар әлі күнге дейін кезінде СССР аталған алып державаның Байқоңыр, БАМ деген алыптарының, талай басқа ғимараттарының бетон қабырғалары мен төбелерін ұстап тұрғанын екінің бірі біле бермейді. Оның ішінде Арғын ағамыз мартенде балқытқан талай тонна болат бары айдай ақиқат.
Майда сортты прокат цехында шеге мен сым да шығарылды. Арғын ағамыз ескі қаладағы мартен пешінде қалай болат балқытқанын көргем жоқ. Ол кезде туған да жоқпыз.
– Магнитка салынып, металл өндіру технологиясы толық іске қосылғанда ауыр салмақты яғни 600 тонна болат балқыта алатын жаңа мартен цехына, әрине, Арғын Жүнісовтей тәжірибелі мартеншілер іріктеліп алынды. Осы мартен пешінде ағамыз тұңғыш балқыма алыпты. Талай талапты, талай талантты болат балқытушылар жүргенде, жауапты сменаны Арекең бригадасымен абыройлы атқарып шыққан.
Абырой асыру, социалистік жарыстың алдын бермеу, сый-құрмет, марапат алу жағынан А.Жүнісов ешкімнен кенде болмағанын көрдік. Кеңес дәуіріндегі ең құнды марапат саналатын Ленин орденін де алды.
– Мен үшін соның бәрінен де Жолымбет руднигінде жүріп, бозбала шағымда алған «Ерлік еңбегі үшін» медалінен артығы жоқ. Еңбегімнің бағаланғанына марқайдым, масайрадым, мерейім өсті, мәртебем артты. Әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Әрине, еліміз екі тізгін, бір шылбырына ие болған тұста – 1998 жылы тұңғыш Президентіміз, бауырым Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан алған «Отан» ордені жөні бөлек марапат, - дейді ақсақал.
«Бауырым» дейтін де жөні бар. Өткен ғасырдың елуінші жылдарының соңы мен алпысыншы жылдардың басында Қазақ Магниткасына республиканың тұс-тұсынан ағылған қазақ жастары, әрине араларында Н.Назарбаев та бар, Арғындай майталман металлургке қарап бой түзегені шындық. Нұрсұлтан Әбішұлы мұны естеліктерінде айтып та жүр, жазып та қалдырды.
Арғын ағамыздың елге сіңірген еңбегі, төккен тері, абырой-атағы кеңес елінің ең жоғарғы наградасы – Социалистік Еңбек Ерін алуға әбден лайық еді ол тұста. Бірақ, 1.000 градус мартеннің алдында (пеште 1.500-1.600 градус) өмір бойы от көсеп, болаттан бұлақ ағызған ағамызға бұл атақ берілмеді. Анығында бермепті. Қырағы КГБ мұндай жоғары марапат алатындардың ата-баба, тұқым-тұяғына шейін тексеріп, тергейтінін ептеп ішіміз сезетін. Арғын ағамыздың ата-тегінен кілтипан шыққан. Әке-шешесі тегіннен тегін Омбы жаққа ауа көшпейді ғой? Ардагер ағамыз марапат, награда, сыйлықтан гөрі құрыш, болат, шойын жөніндегі әңгімелерге бейіл танытты. Мен де соны қаладым.
– Арғын аға, осы көктемде редакцияға сенбілік өткізу үшін күрек, тырма сатып алған едік. Күрек қалды қайырылып, тырма қалды майырылып. Қазіргі металл сапасы не болып кеткен? Ағаштан әрмен осал, - деп ағамызды өз қотанына тән әңгімеге тарттым.
– Е, ол Қытайдың металы ғой. Нағыз заводтан шыққан емес. Осы өзіміздің металл сынығын ұрлап-жырлап, шекара асырып, соны балқытқан болып, сыртын әсемдеп, өзімізге сатып отыр емес пе? Болат балқыту – үлкен өнер. Қазақы тілмен айтсақ – ет пісірген тәрізді. Қазан бұрқылдап қайнаса, ет қатты, дәмсіз болады. Аз қайнаса, шикі болады. Бабында қайнау керек. Болат та солай. Мартен пешінде болат қатты қайнаса, металл омырылғыш келеді. Аз қайнаса, жасық келеді. Бабында балқыған болат қана сапалы шығады, - деп бір қайырды ардагер ағамыз.
Ағамыздың мартен пешінде қаймақтай қайнап жатқан болаттың бабына келгенін көзбен көріп-ақ айыра беретініне талай куә болған едім. Мартеншілер болаттың бабын көзбен мөлшерлесе, конвертерде техника көмегімен шамалайды. Арғын ағамыз нағыз бабына келген болатқа суыған соң сызат та түспейтінін айтқан еді. Сол рас екен. Сүйегіне арматура салынып құйылатын бүгінгі бетон плиталарды екі басынан кранмен көтергенде опырылып кететініне құрылысшылар қынжылғанын естігем. Оған қарағанда бұзылған үйлердегі ескі плиталар берік болатынын айтып, біраз дауласқанбыз. Әңгіме белгілі – ескіні неге қолданасың деген уәж ғой біздікі.
– Бүгінгінің бәрін мансұқтаудан аулақпын. Дегенмен, ол кезде металл сапасы қатты бақылауда болатын. Қазірге жауап бере алмаймын. Бірақ, бәрінен де ежелгі ұсталардың шеберлігін айтсаңшы! Сүйек пен ағаш түгілі темірді тіліп түсетін алмас қылыш, наркескен, алдаспан соққан бабаларымыз нағыз темірден түйін түйген шеберлер ғой, - деді ағамыз.
Ойланып қалдым. Наркескен. Нарды қақ айырған неғылған металл?! Неғылған күш пен машық?! Қанжығалы Бөгенбай батыр қылышымен тас шауып түсіргенін естіген едік. Сонда басқа қарулардың барлығы – бірі майырылып, бірі қайырылып, бірі шорт сынып кеткен екен. Исфаһанның алмас қылышы, Дамаскінің алдаспаны аңыз болмағаны ғой. Көк түркілер жарты әлемді жаулағанда сол кездегі ұсталар соққан қайқы қылыштар талай басты домалатып, талай жауды қиялай шауып, жеңіске жеткізген. Қазақ бабамыз ұсталарды содан да кие тұтқан. Сол ұсталардың соңғы тұяғы – Арғын ағамыз ғой деп ой түйдім.
♦ ♦ ♦
Қазақ Магниткасына таяуда 50 жыл толады. Сонда от көсеп, шоқ төсенген, болаттан бұлақ ағызған Арғын ағамыз тәуелсіз Қазақстанның Еңбек Ері атағын алса, әділетті болар еді. Өйткені ол – құрыш құйған, құрыштан құйылған Арғын Жүнісов қой!
Мағауия СЕМБАЙ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Қарағанды облысы.

СУРЕТТЕ: Арғын Жүнісов Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевқа Теміртау қаласының Құрметті азаматы лентасын тапсыруда.

«Орталық Қазақстан» 26.06.2010ж.
 

Сіз мемлекеттік қызметтерді алу кезінде ҚР «Электрондық үкіметінің» порталын қолданасыз бе?
Мұрағат
16 Қазан 2012
Караганда Другие города
+5 °C
без осадков,ясно
Ю, 2 м/с
16 Қазан 2012
Доллар США   150.62
Евро   195.16
Российский рубль   4.86
 
Послание Президента РК
 
Қазақстан Республикасы Президентінің алдыңғы Жолдаулары
Индустриально-инновационное развитие
Государственные закупки
           
 
           
 
           
 
         
 
         
Online конференциялар және баннерлердiң архивы      Сайт картасы
для автомобилей Subaru
superbeast.ru
© 2005-2012Қарағанды облысы әкімдігінің ақпараттық порталы
Сайт материалдарын пайдаланғанда ақпарат алған көзге сілтеме жасау міндетті
Әзірлеуші және қолдаушы: «Creatida» интернет-компаниясы