ЕҢБЕКПЕН ЕСЕЛЕНГЕН ЖЫЛДАР

Қазақ металл қорыту заводынан алғашқы балқыма табысты алынғаннан кейін келесі кезекте құрылыспен қатар өнім шығару, яғни болат қорыту ісі қоса өрілді. Жас заводты Магнитогорск металл комбинатының ұжымы шефтік қамқорлыққа алған болатын. Осы бағытта магнитогорскілік металлургтер сырттай қамқор, ақылшы болып қана қалмай іс жүзінде көмек көрсете білді. Жаңа заводта еңбек етуші жастар Магнитогорскіде болат балқытудың қыр-сырын үйренді, кәсіби шеберлікке төселді. Бұған қоса Ресейдің металлургия саласында еңбек ететін 56 білікті жас жұмысшы мен инженер-техник қызметшілері Қазақ металлургия заводына жіберілді.
Ал республика үкіметінің бастамасымен жаңа өндіріс орнына келген жастардың үлкен бір тобы басқа да салалас заводтарда болып өз мамандықтары бойынша білімдері мен тәжірибелерін жетілдіріп қайтты. Солардың қатарынан кейіннен есімдері барша елімізге танымал майталман металлургтер шықты.
Алғашқы асу алынғанымен алда болатшыларды тапсырысты дер кезінде орындау, пешті күтіп баптау, қажетті шикізаттарды жоспарлы нормада жұмсау, ең бастысы апатты жағдайға жол бермеу тәрізді жауапершілігі мол көптеген істер күтіп тұрды. Әрине алғашқы кездерде жас металлургтердің тәжірибесінің аздығына байланысты кейбір келеңсіздіктер де орын алмай қалған жоқ. Алайда завод басшылығының шешімді шараларды жүзеге асыруы мен жас мамандардың кәсіби шеберлігін күн санап арттыра түсуінің нәтижесінде мұның барлығы да біртіндеп түзетілді.
Енді бір кезек сол тұстағы нақты жағдайды арқау еткен тасқа басылған тарихи шежірелерге үңіліп көрейік. «Цехтағы жұмыс жайлап болса да шынайы жолға қойыла бастады. Қазақ жастарының арасынан аға құюшы Х.Махмудов және болат балқытушылар А.Варисханов, С.Какенов, көмекшілер Қ.Сәденов, П.Убайдуллаев, И.Құснитдинов, Б.Абсалямов қатарлы отты мамандықтың қабылетті шеберлері өсіп шықты. Алғашқы аздаған табыс жастарды қанаттандырды, жұмысқа құлшындыра түсті, олар өздерінің кәсіби тәжірибелерін табанды әрі қажырлы түрде жетілдіре отырып, күрделі металлургия өндірісін меңгерді.
...Ұжымның ынтымақты, жігерлі жұмысы өзінің оң нәтижесін берді. Өндірістік көрсеткіштер өрге басты. Егер цехтың 1945 жылғы шілдедегі еңбек өнімділігін 100 % деп алсақ, ол осы жылдың қазан айында 135 %-ды, 1946 жылдың мамырында – 185 %-ды, маусым айында – 200 %-ды құрады. Мазуттың жұмсалуы 3 еседен артық қысқарды және бұл технологиялық отынды мартеншілер жоспарлы нормаға шаққанда орта есеппен 20 %-ға жүйелі түрде үнемдеуге көшті. Басқа материалдардың шығыны да бекітілген нормативтерден асқан жоқ. Алайда басты жетістік балқытылған болаттың сапалық көрсеткіші болып саналды.». (Мартен цехының бұрынғы басшысы Е.Шевцовтың естелігінен. «Магнитка Казахстана»,1983 ж, Алматы.)
Магнитка жылнамасында 1948 жылдың басында болат балқытушылар арасында жеделдетілген балқыма алу тәжірибесі іске асырыла бастағаны айтылады. Мәселен, болат балқытушы И.Голубев алғаш рет жоспар бойынша 9 сағат 45 минутта балқытылуы тиіс болатты 7 сағат 15 минутта жедел балқытып, осы тәжірибені іс жүзінде жүзеге асырды. Оның ізінше комсомолшы Ф.Ващенко балқыманы 6 сағат 35 минутта берді. Жас болат балқытушылар Ескендір Валеев пен Алтынбек Дәрібаевтар да жеделдетіп балқыту шеберлігін тамаша игеріп, соңынан ерген жастарға өз жұмыс тәсілдерінің қыр-сырын үйретті. «Наурыз айында-ақ жеделдетіп балқытушылар матен пешінің белгіленген қуатын 22 – 27 пайызға арттырып, тәулігіне ауыр салмақты бес балқымадан бере бастады», – деп жазады «Правда» газеті 1949 жылғы 20 наурыздағы санында.
Бүкілодақтық социалистік жарыста 1950 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша мартен цехтарының ішінде теміртаулықтар үшінші орыннан көрінді. Теміртаулық болат балқытушылардың осы жылдардағы еңбектегі табыстары лайықты бағаланып отырды.
«Индустриальная Караганда» газеті 1950 жылдың 7 желтоқсанындағы санында мына нәтижелерді алға тартады: «1950 жылы Қазақ металлургия заводы үлкен өндірістік жеңіске жетті. Болат балқытудың жылдық жоспары 10-қарашада, яғни, мерзімінен 50 күн бұрын орындалды. Соңғы жылдары мартеншілер өз жұмыстарын үздіксіз жетілдіре отырып, болат өндіруді ұлғайтты. Егер 1948 жылғы балқытылған болатты 100 пайыз деп алсақ, онда 1950 жылы бұл көрсеткіш 2,2 есеге өсті. Мартен пештерінің жобалық қуаты 50 пайызға артты. Бір тонна металлға жұмсалатын материалдардың шығыны айтарлықтай азайды. Осының барлығы цех ұжымына мемлекетке екі жарым миллион рубльдің жоспардан тыс пайдасын беруге мүмкіндік туғызды. Он айдың ішінде 1350 жеделдетілген балқыма алынды, бұл тұтас 1949 жылғыдан екі есе артық еді».
«Иә, сол кездерде Қазақ металлургия заводында мартен пештерімен қатар «400» прокат станы да толық қуатымен жұмыс істеп тұрды. Ол 1946 жылдың 25-мамырында пайдалануға берілген болатын. Сосын 1950 жылғы 15 желтоқсанда кіндігі кесілген «280» стан қатарға енгізілді. Теміртау металына болат прокат қосылды. Сөйтіп, 1949 жылдың өзінде-ақ көптеген техникалық және басқадай қиындықтарға қарамастан «400» стан ұжымы жобалық қуатты артығымен игеріп, 68 мың тонна тауарлық прокат берді. Бұл істе білікшілердің, қазіргі Социалистік Еңбек Ері М.Мүслімовтың, Ж.Телебаевтың, Г.Вольфтың, О.Сарыбаевтың, басқа да көптеген адамдардың сіңірген еңбегі айырықша болды» - деп жазды Н.Ә.Назарбаев «Стальной профиль Казахстана» атты кітабында (Алматы, 1985 ж.).
...Елуінші жылдардың ортасында СОКП Орталық Комитетінің ХХ съезінде Қарағанды металлургия заводын одан әрі дамыту мәселесі сөз болды. Ондағы қабылданған шешімде металлургия заводының құрылысын одан әрі жалғастыра отырып, онда қуаттылығы жылына 1 млн. 350 мың тонна екі домна пешін іске қосу қажеттілігі атап көрсетілген еді. Партия съезі шешімдерін жүзеге асыруға бағытталған шаралардың бірі екпінді құрылыс ошағын тың еңбек күшімен, оның ішінде жастармен толықтыру болды. Соған орай 1956 жылдың 21 мамырында еліміздің сол кездегі астанасы Алматы қаласы Қазақстан Магниткасының құрылысына жастар мен комсомолдардың үлкен бір легін жіберді. Осы лекпен келген жастардың басым бөлігі кейін Қазақстан Магниткасын өз қолдарымен тұрғызып, Теміртауды туған қаласы ретінде қабылдады. Ал 1958 жылы сәуірде өткен БЛКЖО-ның ХІІІ съезі Қазақстан Магниткасын Бүкілодақтық екпінді комсомолдық құрылыс деп жариялады. Бұл Арқа жеріне, соның ішінде Теміртауға жастардың көптеп келуіне жол ашты. Қала тұрғындарының қатары жыл емес ай сайын өсті.
СОКП Орталық Комитеті елдің халық шаруашылығын білікті мамандармен қамтамасыз етуге ерекше мән беріп отырды. 1956 жылғы 18 мамырда «Правда» газеті СОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің барлық комсомол ұйымдарына, совет жастарына арнаған үндеуін жариялады. Онда от жүректі, құрыш білекті жастарды еліміздің шығыс және солтүстік аудандарындағы аса ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының құрылысына қатысуға шақырды. Осы үндеуге барша ел болып үн қосты. Шалғай солтүстік тәрізді қазақ жеріне де алыстағы Украинадан, Белоруссиядан, Өзбекстаннан, Молдавиядан басқа да туысқан республикалар тәрізді Москва, Ленинград қалаларынан, республикамыздың әр облысынан жастар ағылды. Оларды Теміртаудың іргетасын өз қолдарымен қалаған, өркенді істің бел ортасында жүрген, алып құрылысқа алғаш келген лектің өкілдері құшақ жая қарсы алды.
Жүрек қалауымен металлург мамандығын таңдаған жастар жалпыхалықтық шақыруға үн қосып, Арқа төсіндегі болашақ алыптың бой көтеруіне жастық жігерімен, тындырымды еңбегімен лайықты үлес қоса білді. Қазақстан қара металлургиясының шаңырағын көтеріскен бұлардың есімдері де Магнитка тарихына өшпестей етіп мәңгіге жазылды. Алғашқылардың соқпағы, еңбек жолы, ізденісі мен құлшынысы қазақстандық сан мыңдаған жастардың жүрегіне сенім ұялатып, олардың батыл түрде Теміртауға аттануына жол ашты.
Соғыстың соңын ала әр қиырдан Теміртауға жиналғандар өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып, еңбек эстафетасын жаңа лектің өкілдеріне тапсырды. Аға буыннан еңбек эстафетасын қабылдағандар қатарында Нұрсұлтан, Олег, Сергей, Төлеген тәрізді жанарлары ұшқын атқан сан жүздеген жастар бар еді. Ал, алғашқылар қатарында Теміртаудың іргетасын қалап, қадасын қағысқандар өздерінің өркенді ісін осы жас толқынның іскерлікпен жалғастырарына бек сенімді-тін. Еліміздің әр тарапынан екпінді құрылысқа 1957 жылдың төртінші тоқсанында 2720 қыз-жігіт келсе, 1958 жылы Теміртауға тағы 8500 жас келген еді...
(Соңы. Басы өткен санда.)
Журналист Ермағамбет Лұқпанмен бірлесіп жазылды.
Суретте: Болатты жеделдетіп балқытушылар бригадасы:
А.Дәрібаев, М.Королев, Е.Байғазиев, И.Валеев, А.Жүнісов.
| |