24-Тамыз-2012 - Шахтерлер күнінің 65 жылдығына арналған салтанатты басқосу Қарағанды қаласының Кеншілер мәдениет сарайында өткізілді
2007 жылы Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі жанындағы үшжақты салалық комиссия шахтерлер күнінің 60 жылдығына арналған салтанатты жиынды республикалық деңгейде атап өтуді ұйғарды.
Кейінгі жылдары осынау кәсіби мерекеге арналған жиындар Астанада өткізіліп келгені белгілі. Ал, биылғы жылдың 24 тамызында Шахтерлер күнінің 65 жылдығына арналған салтанатты басқосу Қарағанды қаласының Кеншілер мәдениет сарайында өткізілді.
Оған Қарағанды облысының бірқатар көмір кәсіпорындарының жұмысшылары, сондай-ақ Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген меймандар, көмір өнеркәсібінің ардагерлері, кәсіподақ өкілдері қатысты.
Салтанатты жиын басында әр жылдары қаза болған кеншілердің рухтарына бір сәт үнсіздікпен құрмет көрсетілді.
- Баршаңызға қасиетті Сарыарқа жеріне, Мемлекет басшысы, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбек және саяси атамекеніне қош келдіңіздер дегім келеді. Кеншілер күнінің 65 жылдығына арналған салтанатты жиынның Қарағанды жерінде өткізілгені біз үшін үлкен мақтаныш, - деп бастады аймақ басшысы.
Ол көмір өнеркәсібінің даму тарихы біздің еліміздің көптеген даңқты кеншілерінің ерен ерлік істерімен байланысты екендігін айтып өтті. Бүгінгі күні солардың еселі еңбектерінің арқасында Қазақстан көмір өндіретін елдер арасында әлемдегі ең ірі ондыққа кіреді, ТМД елдері арасында өндіріс және қор бойынша үшінші орынға және жан басына шаққанда көмір өндірісі бойынша бірінші орынға ие.
Бұл ретте республиканың барлық көмір кәсіпорындары ұжымдарының қосқан үлесі өте зор. Олар энергетика, металлургия, таукен-химия және өнеркәсіптің басқа да салаларына қажетті миллиондаған көмірді өндіріп келеді.
Дегенмен көміршілер тек экономикалық қана емес, әлеуметтік мәселелерді шешуге де атсалысып келеді. Олар білім беру, емдеу, және спорттық нысандар салып, қалалар мен кенттерді абаттандыруға қызу араласады. Мұның бәрі түптеп келгенде тұрғындардың, оның ішінде кеншілердің әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.
Осыдан 65 жыл бұрын Шахтерлер күні мерекесінің бекітілуі – күн сайын қауіп-қатермен бетпе-бет келіп, өз еңбегімен біздерге жылу мен жарық сыйлап келе жатқан қажырлы жандардың қайратына, еңбегіне берілген баға, көрсетілген шынайы құрмет.
Конституция күні мен Шахтерлер күнінің де қатар келуі де кездейсоқ емес сияқты. Себебі, ел Президентінің басшылығымен әзірленген Конституция егемен Қазақстанның дамуында тек саяси жағынан ғана емес, экономикалық дамуына да тың серпін берді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүргізіп отырған салиқалы саясаты, өркенді өзгерістері көмір саласына да ықпалын тигізді, жаңа жетістіктердің негізіне айналды, - деп атап айтты облыс әкімі.
Осыдан кейін Әбілғазы Құсайынов пен Индустрия және жаңа технологиялар министрінің орынбасары Бақытжан Жақсалиевтың қатысуымен көмір саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімі өткізілді. Олардың арасында «Шұбаркөл көмір» ЖШС, «Батыр Көмір» ЖШС, Еуразиялық энергетикалық корпорациясының «Восточный», «Майкубен-Вест», «Он-Олжа», «Каражыра ЛТД», «Лад-Көмір» разрездері, «Агат» АҚ және басқа кәсіпорындардың жұмысшылары болды.
Салатантты жиын қатысушыларын Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының әртістері құттықтады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
Жаңалықтардың лентасы