25-Тамыз-2012 - Ел тарихында өшпес із қалдырған асыл жандарды есте сақтау – біздің қасиетті парызымыз
Биылғы жыл айтулы тұлға, қарымды қаламгер, қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері, филология ғылымының докторы, профессор Ақселеу Сланұлы Сейдімбек көзі тірі болғанда 70 толар еді.
Осыған орай 24 тамызда облыс әкімі Әбілғазы Құсайыновтың қатысуымен Ақаңның туған жері Жаңарақа ауданы Атасу кентінде еске алу жиыны болып өтті.
Оған ғалымның туған-туысқандары, Астана мен Алматыдағы үзеңгілес серіктері, дос-жарандары шақырылды.
Облыс әкімі өз сөзінде былай деді:
- Қазақ руханияты мен мәдениетін, әдебиеті мен өнерін дамытуға зор үлес қосып, ел тарихында өшпес із қалдырған асыл жандарды ұмытпай, есте сақтау – біздің қасиетті парызымыз. Сол парызымызды орындау үшін бүгін біз «Ақселеу Сейдімбек және көшпелілер мәдениеті» тақырыбындағы еске алу рәсіміне жиналып отырмыз.
Аймақ басшысы сондай-ақ 2009 жылы Ақаң көз жұмғанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың марқұмның туған-туысқандарына жолдаған көңіл айтуын еске алып өтті. Жеделхатта: «... Онымен жастай танысып, өзара сыйлас, пікірлес болғанымды ұмытпаймын. Ұлт руханиятының үлкен жанашыры әрі шынайы жоқтаушысы болған ардақты азаматтың еңбегі мен жарқын дидарын халқымыз әрдайым жүрегінде сақтайды деп сенемін», - деген сенімге толы ыстық ықыласты сөздер бар. Сол сөздердің өміршеңдігі мен шындығына, міне, бүгін көз жеткізіп отырмыз.
Ақселеу Сейдімбектің халқына сіңірген еңбегі, артында қалған мол мұрасы туралы белгілі актер, КСРО мен ҚазССР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақ ССР халық әртісі, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері Асаналі Әшімов, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасы төрағасының орынбасары Берік Шаханұлы, академик, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Қойшығара Салғараұлы, жазушы, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Дулат Исабеков, профессор, филология ғылымдарының докторы Берік Рахимов және басқалары тебірене сөз сөйледі.
Ақаңның құрметіне еске алу жиынында Секен Тұрысбеков, Жанғали Жүзбаев сынды күйшілер күй төгілтіп, «Сарыарқа», «Дәурен-ай» сияқты арқалы әндері шырқалды.
Ақселеу ағамыз қазақ руханияты мен мәдениетінің, әдебиеті мен өнерінің өрістеп, дамуына сүбелі үлес қосқан біртуар тұлға, ардагер азамат еді. «Ел үмітін ер ақтар, Ер есімін ел сақтар» деп дана халқымыз айтқандай, елі мен жері үмітін ақтаған даңқты ұлын ұмытқан жоқ.
Жаңаарқа ауданының тумасы Ақселеу Сейдімбек еңбек жолын да осы өңірде бастаған. Қалың оқырманға алдымен журналист ретінде танылды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген соң өмірінің әр кезеңінде “Жас Алаш”, “Орталық Қазақстан”, “Егемен Қазақстан” газеттері, “Зерде” журналы, “Әлем” альманағы редакцияларында түрлі шығармашылық басшы қызметтерде болды.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бірыңғай ғылыми жұмысқа ауысып, Ыбырай Алтынсарин атындағы Білім проблемалары институтының директоры, Қазақ Білім академиясының президенті, Президенттік мәдениет орталығы директорының орынбасары қызметтерін атқарды.
2000 жылдан бастап Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі, профессоры болып істеді.
Ақселеу Сейдімбек – Қазақстан Республикасы Ұлттық Кеңесінің, “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы қоғамдық кеңесінің, Қазақстан жазушылар Одағы басқармасының, ПЕН-клубтың мүшесі болды. Ол - “Қазақ әдебиетінің тарихы” атты он томдық толымды еңбек авторларының бірі. Оның “Күй-шежіре”, “Көшпелілер тарихы”, “Қазақ әлемі”, “Қазақтың ауызша тарихы” сияқты іргелі еңбектері ұлт руханиятының бағалы қазынасына айналды.
Көркем аударма ісімен де айналысып, 1974 жылы Гомердің «Илиада» және «Одиссея» поэмаларының проза тілімен жазылған аудармалары жарық көрді.
Ақселеу Сейдімбек 30-дан аса көркем, ғылыми-көпшілік монографиялардың, оқулықтар мен кітаптардың, 400-ден аса мақаланың авторы.
Соңына мол мұра қалдырған ғалымның еңбегі лайықты бағаланып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанып, “Құрмет” орденімен марапатталды. 2004 жылы «Қазақтың күй өнері» еңбегі үшін оған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді. Қарағанды облысының Жаңаарқа және Шет аудандарының Құрметті азаматы атанды. Астана қаласындағы №54 мектепке есімі берілді. Туған жеріндегі Қарауылтөбені жалпақ жұрт бүгінде Ақселеу биігі деп атап кеткені де халықтың біртуар асыл перзентіне деген риясыз көңілінің айқын айғағындай. Бір сөзбен айтқанда, Алаш жұрты аман тұрғанда Ақселеу бейнесі де халық жадында сақтала берері сөзсіз.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
Жаңалықтардың лентасы