30-Тамыз-2012 - Конституциясы күнімен!
Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен!
Құрметті облыс тұрғындары!
Бүгін біз еліміздің ең басты ұлттық мерекелерінің бірі – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнін атап өтудеміз.
Бұл күні біз мемлекетіміздің тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген табыстарын ой елегінен өткізіп, ел болашағын салмақтаймыз. Біз бәріміз әрбір азамат мемлекет қамқорлығын сезініп, өзі де оның іргесін нығайта түсуге үлес қосатындай айбынды елдер қатарынан көргіміз келеді.
Осыдан 17 жыл бұрын ел Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей бастамасымен әзірленген Ата Заңымызды жалпыхалықтық референдумда дауыс бере отырып, біз құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғам құруға саналы түрде қадам жасадық. Ал, бүгінгі күні осы жылдары алған асуымыз бен жеткен жетістіктеріміздің барлығына көпұлтты халқымыздың мұрат-мүддесіне, талап-тілегіне сай келетін Конституциямыздың арқасында қол жеткіздік десек артық айтқандық емес. Ата Заң шын мәнісінде татулығы мен бірлігі жарасқан азат елдің айбынына айналды.
Бүгінгі күні біздің елімізде саяси және экономикалық тұрақтылық бар, мемлекеттігіміз нығайып келеді. Қарағанды облысы да осынау игі үрдістің белсенді қатысушыларының бірі болып отыр. Біздің аймағымызда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, үкіметтік емес ұйымдардың, саяси партиялар мен ұлттық бірлестіктердің қызметін қамтамасыз ету үшін барлық жағдайлар жасалған. Бұл – Конституция біз үшін негізгі қағидаттары мүлтіксіз орындалатын, нақты жұмыс істейтін негізгі заң екендігінің айқын айғағы.
Әрине, өндірісті өлкеміздің одан әрі гүлденуі үшін, халқымыздың әл-ауқаты арта түсуі үшін әлі де талай-талай іргелі істер атқарылуы тиіс. Егемен еліміздің, туған өңіріміздің өсіп-өркендеуі жолында барлық күш-жігерімізді саламыз деген сенімдемін.
Құрметті облыс тұрғындары!
Баршаңызды Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймыз.
Сіздерге және сіздердің отбасыларыңызға баянды бақыт, береке-бірлік, ырыс-несібе тілейміз.
Қарағанды облысының әкімі
Әбілғазы Құсайынов
Облыстық мәслихат хатшысы
Бейсембай Жұмабеков
Жаңалықтардың лентасы