31-Тамыз-2012 - Облыс әкімі Әбілғазы Құсайынов алдағы жылыту маусымына дайындық мәселесіне арналған селекторлық жиын өткізді
31 тамызда облыс әкімі Әбілғазы Құсайынов алдағы жылыту маусымына дайындық мәселесіне арналған селекторлық жиын өткізді.
Аталған сұрақ бойынша энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының міндетін атқарушы Қайрат Қамзин баяндама жасады.
Оның айтуынша жүргізілген жөндеу жұмыстарының көлемі 91 пайызды құрайды, ал жоспар бойынша 80%. Есепті кезеңге жиырма қазандық агрегаты мен он үш турбинада жөндеу жұмыстары аяқталған. Қалған нысандарда жұмыстар жалғасып жатыр.
Жылу электр станцияларында отынның нормативтік қорын жинақтау жүргізілуде. Бюджеттік сала нысандарын жылытатын қазандықтарға отынның 72 % әкелінген. Көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік-мәдени нысандарды жылытатын шағын қазандықтарға отын көлемі толық жеткізілді.
Қысқы мерзімдегі жұмысқа дайындық актілері бойынша барлық білім беру мекемелері сақадай сай деуге болады. Денсаулық сақтау, мәдениет, спорт ғимараттары мен көпқабатты үйлерді дайындау жұмыстары аяқталуға жақын.
Облыс бойынша жалпы 57 шағын қазандық және 622 АЖЖ, 130 км жылу желісі, 152,5 су және кәріз құбырлары, 2477,6 км электр желісі, 566 подстанция жөндеуден өткізілді.
Кеңес барысында нысандарды қысқа дайындау жұмыстарының кесте бойынша жүргізіліп келе жатқандығы айтылды. Дегенмен жекелеген аудандардың арасында кешеуілдеп қалғандары да жоқ емес көрінеді. Олардың ішінде Қарағандының магистралды жылу желілері, Теміртау қ. ҚарГРЭС-1 №10 және №11 қазандықтары, Жезқазған қаласының су құбырлары мен кәріз желілерін атап кетуге болады. Сондай-ақ Қаражал мен Жәйрем кенттерінде де кемшіліктер бар.
Осыдан кейін бақылаушы органдар өкілдерінің, бірқатар аудан әкімдерінің, басқарма басшылары мен қызмет көрсетуші кәсіпорын басшыларының қысқа дайындық жұмыстары туралы есептері тыңдалды.
Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімі жылу көздерін, көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік-мәдени нысандарды бекітілген кестеге сәйкес уақытында әрі сапалы дайындауды тапырды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
Жаңалықтардың лентасы