03-Қазан-2012 - Облыс әкімі аппаратының басшысы тағайындалды
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен облыс әкімі Әбілғазы Құсайыновтың өкімімен Ыдырысов Асқар Абылайұлы облыс әкімі аппаратының басшысы болып тағайындалды.
Асқар Ыдырысов 1975 жылы туған. Білімі жоғары. 1997 жылы Ө. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін, ал 2005 жылы Қ. Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық университетін аяқтады. Біліктілігі бойынша инженер-электромеханик, экономист. Экономика ғылымдарының кандидаты.
1999 жылдан бастап мемлекеттік қызметте. Орталық органдарда түрлі қызметтерді атқарды. ҚР шағын бизнесті қолдау жөніндегі агенттікте жетекші маман, бас маман, кейін ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігінің бәселестікті қорғау мен шағын бизнесті қолдау басқармасының бастығы, ҚР Индустрия және сауда министрлігінің шағын бизнесті қолдау комитетінің басқарма бастығы, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің индустриалдық-инновациялық дамыту бөлімінің экономиканың әртараптандыру секторының меңгерушісі қызметтерін атқарды.
Осы лауазымға тағайындалғанға дейін 2008 жылдың қараша айынан бері ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімінің мемлекеттік инспекторы болып істеді.