04-Қазан-2012 - Өңірлік жастар саясатын жүзеге асыру барысы талқыланды
4 қазанда облыс әкімі Әбілғазы Құсайынов селекторлық кеңес өткізіп, онда өңірдегі жастар саясатын жүзеге асыру барысы талқыланды.
Кеңес басында облыс әкімі ҚР Білім және ғылым министрлігінің құрылымында ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасымен жастар ісі жөніндегі комитеттің, ал өңірлерде жастар саясаты саласындағы барлық мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіріп отыратын тиісті басқармалардың құрылғандығын айтып өтті.
Осыдан кейін Қарағанды облысының жастар саясаты басқармасының бастығы Мирас Құттыбай баяндама жасап, жастар ортасындағы жағдайға кеңінен талдау жасады. Өзі басқаратын басқарманың қызметінің негізгі бағыттары, сондай-ақ өзекті мәселелер туралы ойларын ортаға салды.
Кеңесті қорытындылаған облыс әкімі мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мәселесі қалалық және аудандық әкімдіктердің, өзге де мемлекеттік органдардың жұмысында басымдыққа ие болуы тиістігін, оны үнемі бақылауда ұстап отыру қажеттігіне тоқталды.
Әбілғазы Құсайынов өңір әкімдерінің алдына мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруды қаржыландыру, жастармен жұмыс орталықтарын құру, жастардың баспанаға қажеттіліктері туралы деректер базасын әзірлеу, жастар ісі жөніндегі өңірлік кеңестердің қызметі, бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау және басқа да мәселелерге жете көңіл аудару жөнінде бірқатар міндеттер қойды.
Сонымен қатар облыс әкімі жастар саясаты жөніндегі басқармаға жастарды жұмыспен қамту бойынша электронды портал құру мәселесін жан-жақты қарастыруды, жастар арасында діни экстремизмнің алдын алу шараларын тұрақты түрде жүргізіп отыруды, жастардың қоғамдық бірлестіктерімен, саяси партиялардың жастар қанатымен жұмысты жандандыруды тапсырды.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, экономика және бюджеттік жоспарлау, қаржы, ішкі саясат басқармаларына тиісті тапсырмалар берілді.