10-Қазан-2012 - Облыс бюджетінің орындалуы мен конкурстық үдерістерді өткізу барысы қаралды
10 қазанда облыс әкімі Әбілғазы Құсайынов өткізген селекторлық кеңесте ағымдағы жылдың 9 айындағы облыс бюджетінің орындалуы мен конкурстық үдерістерді өткізу барысы қаралды.
Аталған мәселе бойынша қаржы басқармасының бастығы Құралай Бекмағамбетова баяндама жасады.
Кеңес барысында 2012 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша облыс бюджетіне түсім 155 млрд. 741 млн. теңгені немесе есептік кезең жоспарына 102,3% құрады. Жоспардан тыс түскен қаражат 3 млрд. 522 млн.теңге.
Түсімдердің үш санаты бойынша жоспарды (салықтық, салықтық емес түсімдер және негізгі капиталды сатудан түскен қаржы) барлық аудандар мен қалалар орындады.
Дегенмен облыс бюджетінің шығыны жоспарға 99,9% орындалған. Игерілмеу себептері ретінде ТКШ жаңғырту бағдарламасы шеңберінде кондоминиум нысандарының ортақ мүліктерін жөндеу үшін мамандандырылған уәкілетті ұйымның болмауы, тұрғын үйлердегі құрылыс жұмыстарының кешеуілдеуі, жекелеген мекемелердің шығын операцияларының уақытша тоқтатылуы, төлем шоттарын кеш тапсыру сияқты фактілер аталды.
Осыдан кейін бірқатар қалалар мен аудандар әкімдерінің, бағдарлама әкімшілерінің есептері тыңдалды.
Кеңес қорытындысы бойынша Әбілғазы Құсайынов Жезқазған, Қаражал, Саран, Сәтпаев, Нұра аудандары әкімдері мен құрылыс басқармасы басшыларынан мемлекеттік сатып алу рәсімдерін уақытында өткізуді талап етті.
Ол сондай-ақ қалалар мен аудандар әкімдеріне, облыстық бюджеттік бағдарлама әкімшілеріне 2012 жылдың қорытындысы бойынша бюджет қаражатының, оның ішінде республикалық бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттердің толық игерілуін қамтамасыз етуді және 2013 жылғы сатып алу науқанын өткізуге қатысты берілген ұсыныстарды ескеруді тапсырды.