11-Қазан-2012 - Жезқазған өңірін әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарын жүзеге асыру барысы қаралды
10 қазанда облыс әкімі Әбілғазы Құсайынов 2012 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Жезқазған, Сәтпаев және Ұлытау өңірлерін әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарын жүзеге асыру барысына арналған кеңес өткізді.
Ағымдағы жағдай туралы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Жәлелиден Смағұлов баяндама жасады.
Оның ақпараты бойынша 2012 жылы кешенді жоспарды жүзеге асыруға республикалық және облыстық бюджеттен, сондай-ақ бюджеттен тыс қаражат есебінен 14 млрд. 419 млн. теңге қарастырылған.
Бағдарламаның бір бағыты - минералдық-шикізаттық базаны кеңейту бойынша Жезқазған кен орындарының қорын қайта бағалау үшін 3 мердігер ұйым анықталды, келісімдер жасалды. Жобалар әзірленіп, бекітілді, Жезқазған кен орындарында бұрғылау жұмыстары жүргізілуде. Қазірдің өзінде үлгілері алынып, коммерциялық ұсыныстар анықталуда. Аталған жұмыстар аяқталғаннан кейін кен қалдықтарының қоймасын қайта өңдеудің қаншалықты тиімді екендігі айқындалатын болады. Жұмыстар кесте бойынша жүргізіліп жатыр.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамытуға келер болсақ, бүгінгі күнге дейін Жезқазған ЖЭО қалпына келтіру және жаңғырту жұмыстарының кестесі жасалынды, қаладағы шағын қазандықтар құрылысына қатысты бірінші кезекте атқарылуы тиіс жұмыстар көлемі анықталды, Үйтас-Айдос су қоймасының жөндеудің сметалық құнын есептеу жұмыстары жүргізілді.
Индустриалдық-инновациялық дамыту бойынша «Ютария Ltd» ЖШС тігін өндірісі жобасы жүзеге асырылды. «Capital Projects LTD» ЖШС құс фабрикасын жаңғырту жобасы іске асырылуда. Мұнда құс жайларындағы монтаждау жұмыстары аяқталып, ескі құрал-жабдықтар алынып, жаңасы орнатылуда.
Облыстық бюджет қаражаты есебінен 2013 жылы жүзеге асыру көзделінген жобалардың жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде. Атап айтқанда, жылу, қалаішілік су құбырлары желілері, шаруашылық-ауыз су және кәріздік құрылғылар, Кеңгір с. су жүйесі, Жезқазған қаласында емхана құрылысы мен ағын су кәрізі және коллекторлық-дренаждық жүйе құрылысы жобалары.
Кешенді жоспардың жекелеген бөлімдерін жүзеге асыру барысы туралы облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Ержан Темірханов, энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары Қайрат Қамзин, «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС өндірістік басқарма бастығы Бахтияр Қырықпышев, құрылыс басқармасының бастығы Самат Мырзатаев және басқа да облыстық басқарма басшылары, сондай-ақ Жезқазған қаласы әкімінің міндетін атқарушы Аманғали Мұхамедин, Сәтпаев әкімі Батырлан Ахметов және Ұлытау ауданының әкімі Әнуар Омаровтар баяндады.
Кеңес қорытындысы бойынша Әбілғазы Құсайынов бірқатар тапсырмалар берді. Оның ішінде:
1. Жезқазған, Сәтпаев және Ұлытау ауданының әкімдеріне, облыстық басқарма басшыларына, «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС:
- Кешенді жоспар шеңберінде республикалық бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттер есебінен қаржыландырылатын бюджеттік инвестициялық жобалар ерекше бақылауға алынсын;
- Қазақстан Республикасы Үкіметі мен экономикалық даму және сауда министрлігіне Кешенді жоспардың орындалуы туралы есептерді уақытында тапсыру мақсатында 2012 жылға көзделген іс-шаралардың сапалы орындалуы қамтамасыз етілсін.
2. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы 2012-2017 жылдарға арналған Жезқазған, Сәтпаев және Ұлытау өңірлерін әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарының іс-шараларына мониторинг жүргізуді жалғастырсын.