16-Қазан-2012 - Екінші деңгейлі банктермен меморандум жасалды
16 қазанда облыс әкімі Әбілғазы Құсайынов екінші деңгейлі банктердің мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға, оның ішінде «Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасына қатысуы жөнінде арнайы кеңес өткізді.
Аймақ басшысы кездесу басында «Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасының үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырудың нақты тетіктерінің бірі екендігін, онда кәсіпкерлерді қаржылық және қаржылық емес қолдау шараларының кешені көзделгендігін атап айтты.
Аталған мәселе бойынша кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Ержан Темірханов ақпарат берді. Ол өз сөзінде ҚР экономикалық даму және сауда министрлігі, «Даму» қоры, сондай-ақ екінші деңгейлі банктер арасында кредиттерді субсидиялау және кепілдендіру бойынша ынтымақтастық жөніндегі 2010 жылы қол қойылған келісімдердің бағдарламаға қатысатын банктердің жергілікті филиалдарымен жұмысты тиімді үйлестіруге мүмкіндік бергенін атап өтті.
Жалпы алғанда мемлекеттік қолдау шаралары бағдарламаға қатысушыларға металл өнімдерін шығару өндірістерін кеңейтуге, алдыңғы қатарлы ауыл шаруашылық құрал-жабдықтарын сатып алуға, автопаркті жаңартуға, медициналық құралдарды жаңғыртуға, сондай-ақ химиялық өнімдер мен метал өңдеу өнімдері экспортының көлемін арттыруға мүмкіндік берді.
«Бизнестің Жол картасы-2020» бойынша қолдау көрсетілген кәсіпорындарда 25 мыңға тарта бұрыннан бар жұмыс орындары сақталынып, сонымен қоса 4 мыңнан аса жаңа жұмыс орындары құрылды. Ағымдағы жылдың 9 айында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері өндірген өнім көлемі 319 млрд. теңгені құрап, өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда 5,8% артты.
Шағын және орта кәсіпкерліктің белсенді субъектілерінің саны 51 мыңнан асты, оларда жұмыспен қамтылғандар саны – 198 мың адам, немесе облыстың экономикалық белсенді тұрғындарының 28% құрады.
Қарағанды облысының банктерімен өзара іс-әрекет турасында «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ басқарма мүшесі, басқарушы директор Мирас Бейсембаев айтып берді.
Банктердің әлеуметтік жауапкершілігі жөнінде ойларымен «Атамекен Одағы» Қазақстанның Ұлттық экономикалық палатасының Қарағанды филиалының директоры Талғат Доскенов бөлісті.
Осыдан кейін Қарағанды облысының әкімдігі, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚжәне «Альянс Банк» АҚ мен «Қазақстанның Халық Банкі» АҚ арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Меморандумға сәйкес өзара ынтымақтастық төмендегі салалар бойынша жүзеге асырылатын болады:
- өңірдегі кәсіпкерлік субъектілерінің инвестициялық және инновациялық белсенділігін қолайлы инвестициялық климат арқылы ынталандыру;
- облысқа қазақстандық және шетелдік қаржы институттарының инвестицияларын тартуға атсалысу;
- тараптардың тиісті салалардағы жинақталған тәжірибе, білім мен ақпараттарымен алмасу;
- ШОК субъектілерін қолдаудың жаңа формалары мен әдістерін іздестіру және қалыптастыруды іске асыру;
- меморандум мақсатына қол жеткізу жолында өзара ынтымақтастықты қамтамасыз ету бойынша іс-әрекетті үйлестіріп отыру, келіссөздер мен бірлескен кеңестерді өткізу.
Облыс әкімі Әбілғазы Құсайынов Қарағанды облысының ел өңірлері арасында алғаш болып осындай маңызды құжатқа қол қойып отырғанын атап өтті.
- Меморандум экономиканың нақты секторының кәсіпорындарына, шағын және орта бизнеске қаржы салуға ықпал етіп, сондай-ақ өңіріміздің кәсіпкерлеріне қаржыландыру, кепілдік беру және субсидиялау түрінде қосымша қолдау көрсетуге ықпал жасайтын болады. Ендігі жерде оны жүзеге асыру бойынша ауқымды жұмыс атқаруға тиіспіз, - деп атап айтты аймақ басшысы.