25-Қазан-2012 - Облыс әкімдігінде ағымдағы жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы уақыттың міндеттері қаралды
25 қазанда облыс әкімі Әбілғазы Құсайыновтың төрағалығымен әкімдік отырысы болып өтіп, онда ағымдағы жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы уақыттың міндеттері қарастырылды.
Отырыс басында облыс әкімі кадрлық өзгерістер туралы хабарлады.
Денсаулық жағдайына байланысты Марат Әбеуов облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы қызметінен босатылып, облыс әкімі аппаратына ауыстырылды.
Облыс әкімінің өкімімен және Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігінің келісімімен облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығы лауазымына Садуақасов Төлеген Мергенұлы тағайындалды.
Төлеген Садуақасов 1972 жылы туған. Екі жоғары білімі бар. 1996 жылы Қарағанды мемлекеттік медициналық университетін, ал 2011 жылы Қарағанды экономикалық университетін аяқтады. Біліктілігі бойынша балалар дәрігері, менеджмент бакалавры.
Он жылға таяу денсаулық сақтау саласында еңбек етіп, қатардағы дәрігерден Қарағанды облыстық көпсалалы емдеу-диагностикалық бірлестігі директорының орынбасары лауазымына дейін көтерілді.
2006 жылдан мемлекеттік қызметте. Стационарлық көмекті дамыту және үйлестіру бөлімінің бастығы, 2008 жылдан денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарды.
Тағайындалғанға дейін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің облыстық департаментін басқарды.
Осыдан кейін күнтәртібіндегі мәселе бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғабит Мұхамбетов баяндама жасады.
Ол жыл басынан бері өңірде негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің өсімінің қамтамасыз етілгенін атап өтті. Инвестицияның, ауыл шаруашылық саласының жалпы өнімінің, құрылыс жұмыстары көлемінің, пайдалануға беріліп жатқан тұрғын үй көлемінің, жүк тасымалы мен байланыс қызметтерінің өсімі сақталынды.
Биылғы жылы Индустриаландыру картасында жоспарланған 9 жобаның 3-і іске қосылды. Бүгінгі күні ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде Индустриаландыру картасына енгізу үшін тағы 18 инвестициялық жоба қаралып жатыр.
Ауыл шаруашылығындаегістік алқаптарынан алынған астық орташа есеппен алғанда гектарына 7,3 центнерден айналып, 460 мың тонна бидай бастырылды. Келесі жылғы егістік науқанына 75,4 мың тонна астық тұқымы жинақталды.Мал шаруашылығында мал мен құс басы көбейіп, өнімнің негізгі түрлерінің көлемі артты.
«Бизнестің Жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 18,5 млрд. теңгеге 94 жоба мақұлданды. Бұл 7 мыңнан аса жұмыс орнын сақтап, жаңадан 2 мыңға тарта жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді.
234,2 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылып, өткен жылғы деңгейге қарағанда 102,4% құрады.
Бюджетке түсетін түсім көлемінің оң динамикасы сақталып, кіріс жоспары 105,2% орындалды. .
Емдеу-профилактикалық мекемелердің материалдық-техникалық базасы нығайтылып, халықты жұмыспен қамту жұмыстары жүргізілді.
Дегенмен өнеркәсіптің бірқатар салаларында, оның ішінде металлургия, фармацевтикалық және химия салаларындаөндіріс көлемінің төмендеуіне жол берілді деп атап өтті баяндамашы. Бірқатар аудандарда өнеркәсіпке салынатын инвестиция көлемі төмендеп, ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің өсімі қамтамасыз етілмеген.
Жиында кейбір қалалар мен аудандар әкімдерінің жіберілген кемшіліктерді жою бойынша атқарған жұмыстары туралы есептері тыңдалды.
Әбілғазы Құсайынов өңір әкімдерінің алдына бірқатар міндеттер қойды, оның ішінде жылыту маусымын тұрақты өткізу, азық-түліктің әлеуметтік маңызды түрлеріне бағаның негізсіз өсіміне жол бермеу сынды нақты тапсырмалар берілді. Сонымен қатар мемлекеттік және салалық бағдарламаларды жүзеге асыру, бюджет қаражатын уақытында игеру, өнеркәсіптік өнім өндірісі жоспарын 2011 жылғы деңгейден түсірмеу, сондай-ақ Индустриаландыру картасына енгізу үшін жобаларды іздестіруге қатысты міндеттер қойылды.
Әкімдік отырысының қорытындысы бойынша арнайы қаулы қабылданды.