26-Қазан-2012 - Әбілғазы Құсайынов «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: алғышарттар, жетістіктер мен даму жолдары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты
25 қазанда облыс әкімі Әбілғазы Құсайынов «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: алғышарттар, жетістіктер мен даму жолдары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты.
Аталмыш шараны Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен «Нұр Отан» ХДП Қарағанды филиалы мен Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті ұйымдастырды.
Конференцияға ҚР Парламенті Мәжілісі мен облыстық мәслихат депутаттары, облыстық басқарма басшылары, қарағандылық жоо ректорлары, шетелдік меймандар, сондай-ақ Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттері шақырылды.
Конференцияға қатысушыларды құттықтаған сөзінде Әбілғазы Құсайынов талқыға салынып отырған тақырыптың бүгінгі қоғам үшін қаншалықты маңызды екендігіне жан-жақты тоқталып өтті.
- Бүгінгі күні әлемде өзекті әлеуметтік мәселелермен тек экономикасы әлсіз дамыған елдер ғана емес, ұзақ уақыт бойы әлеуметтік-экономикалық дамудың үлгісіне айналған алдыңғы қатарлы елдердің өзі бетпе-бет келіп отыр. Сондықтан әлеуметтік жаңғырту мәселесі жан-жақты қарастырып, қайта зерделеніп, нақтылай түсуді үнемі қажет етеді, - деді облыс әкімі.
Ол ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында айтқан «Бүгін өткен жүз жылдықтың 60-шы жылдарында кеңінен таралған тұтынушылық қоғам тұжырымдамасының елесі айқын сезіледі. Тұтынудың бұл идеологиясы бүлдіруші болғанына бүгін бүкіл әлем ерекше көз жеткізіп отыр. Ол әлемнің дамыған елдерінде жаппай әлеуметтік масылдық туындатты және жаһандық дағдарыстың басты себептерінің бірі болып табылады» деген сөздерін келтірді.
Облыс басшысы әлеуметтік жаңғыртудың мақсаты мен мәні қоғамды жаңа индустриалық-инновациялық даму жағдайында өмір сүруге дайындау, Қазақстанның үдемелі экономикалық дамуы мен қоғамдық игіліктерді кеңінен қамту арасындағы тиімді теңгерімді табу, құқық пен әділдік қағидаттарына негізделген әлеуметтік қатынастарды бекіту екендігін атап айтты.
Әбілғазы Құсайынов конференцияға қатысушыларды Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласында белгіленген тапсырмаларға сәйкес әзірленген өңірді әлеуметтік жаңғыртудың кешенді бағдарламасымен таныстырды.
Осыдан кейін өткен пленарлық отырыста ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Камал Бұрханов, «Самұрық-Қазына» АҚ жанындағы «Әлеуметтік әріптестік орталығы» корпоративтік қорының бас директоры Нұрлан Ерімбетов, Ұлыбританиядан келген сарапшы, «Халықаралық бакалавриат» жобасының менеджеры Глен Ричардс, Әлеуметтік-саяси зерттеулер мен технологиялар орталығының директоры Есет Есенғараев, Янош Кадолани атындағы қолданбалы ғылымдар университетінің факультет деканы (Венгрия) Тамара Ратц ханым мен Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің социология профессоры Николай Головиндер әлеуметтік жаңғыртудың түрлі қырлары туралы баяндамалар жасады.
Конференция жұмысы «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы және ХХІ ғасырдағы әлеуметтік саясаттың басымдықтары» тақырыбында шетелдік сарапшылардың қатысуымен «дөңгелек үстел» және секциялардағы жұмыс түрінде жалғасын тапты.
Алқалы жиын соңы Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті студенттерінің көркемөнерпаздар ұжымының концертіне ұласты.