02-Қараша-2012 - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келді
1-2 қарашада Қарағанды облысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму жөніндегі комитетінің төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетов бастаған делегация мүшелері жұмыс сапарымен болды.
Сапар Теміртау қаласында орналасқан «NORD пром НС» ЖШС басталды. Жылдамдығы жоғары теміржолға арналған темір бетонды шпалдар шығаратын кәсіпорын 2011 жылы іске қосылған болатын. Осыдан кейін депутаттар «АрселорМиттал Теміртау» АҚ болып, онда немістің «Linde» компаниясы жүзеге асырып жатқан оттегі өндірісінің ауаны бөлу блогының құрылысы барысымен, сондай-ақ сорттық илек өндірісінің жай-жапсарымен танысты.
Қарағандыда қадірлі меймандар «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында, «ТД Азия Метиз» ЖШС мен «Kaz-metiz» ЖШС, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде, сондай-ақ «Қарағанды Арена» Мұз сарайында, Теннис орталығы мен Бокс орталығында болды.
Саран қаласында Мәжіліс депутаттары «Казцентрэлектропровод» ЖШС, «Карагандарезинотехника» ЖШС болып, аталған кәсіпорындардың жұмысымен жан-жақты танысты.
Жұмыс сапары барысында депутаттарға шағын қалаларды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде әзірленген Теміртау және Саран қалаларының 2013-2015 жылдарға арналған кешенді даму жоспарлары таныстырылды.
Осыдан кейін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің экономикалық реформа және өңірлік даму жөніндегі Комитетінің көшпелі отырысы болып өтті.
Өзінің кіріспе сөзінде облыс әкімі Әбілғазы Құсайынов ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қойған міндеттерін жүзеге асырудың нақты нәтижесі ретінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі индикаторларының өсімін айтуға болатындығын атап өтті. Биылғы жылы инвестицияның, ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің, құрылыс жұмыстарының, тұрғын үйдің, бөлшек сауда мен жүк тасымалы көлемінің өсімі сақталынды.
- Осынау көрсеткіштерге қол жеткізуге үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырудың ықпал еткені сөзсіз. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген бұл бағдарлама экономика саласындағы 2014 жылға дейінгі ең басты стратегиялық құжат болып отыр, - деп атап айтты аймақ басшысы.
Шағын қалаларды дамыту бағдарламасына келер болсақ, оны жүзеге асыру тұрғындардың өмір сапасын айтарлықтай арттыруға, әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыруға және экономикалық өсімнің жаңа орталықтарын құруға мүмкіндік береді.
- Сіздерге заң шығару билігінің өкілдерімен бірлесе отырып, біздің өңірімізде негізгі мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысын бірлесе талқылап, өзекті мәселелерге қатысты пікірлеріңізді тыңдау мүмкіндігі үшін алғысымызды білдіреміз, - деді Әбілғазы Құсайынов.
Отырыс барысында Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әнуар Ахметжанов, «Ютария LTD» ЖШС бас директоры Сәуле Шауенова, Шахтинск қаласының әкімі Ерсайын Нағаспаев және басқалары сөз сөйледі.
Олар өз сөздерінде индустриалдық-инновациялық қызметке көрсетілетін мемлекеттік қолдау түрлері, ҮИИД бағдарламасының негізгі бағыттары мен басымдықтары, шағын қалаларды дамыту бағдарламасы, Индустриаландыру картасы шеңберінде кәсіпорындарды жаңғырту, халықты жұмыспен қамтуға қатысты мемлекеттік саясат және өзге де өзекті мәселелерді қозғады.
Отырысты Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің экономикалық реформа және өңірлік даму жөніндегі Комитетінің төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетов қорытындылады.