Сәкен театры жақында ғана облыс әкімінің нұсқауын жүзеге асыру мақсатында және 80 жылдық мерейтой қарсаңында есеп беру мақсатымен Ақтоғай ауданында өнерлерін көрсетіп қайтты.
Өнерді бағамдай білетін талғампаз ақтоғайлықлық ағайындарға Л.Егембердиеваның «Аққу сезім» драмасын /режиссері С.Жұмағали, суретші Т.Аккерт/ ұсынды. Әлбетте, театр ұжымының қайырымдылық шарасымен сапарға шығуы бір бұл емес, бұған дейін Шет, Осакаровка, Киевка елді-мекендерінде де болып, тұщымды қойылымдарымен қуантқан болатын. Ал гастрольдік сапармен Көкшетау, Павлодар, Ақсу, Екібастұз шаһарлары мен Әзербайжан елінде де өз өнерлерін ортаға салды. Бұл жолы ақтоғайлық көрермендер театрдың абыз ақсақалы, ескінің көзі іспетті ҚР еңбек сіңірген артисі Е.Жүніспеков, ҚР Мәдениет қайраткерлері Б.Ахметов, Б.Кемалова, Б.Бәкіжанов, халықаралық және аймақтық фестивальдің лауреаты Б.Әукешова мен талантты актриса Д.Айғазиновалардың өнерлеріне тәнті болып, дүркірете қол соқты. Әр қойылымнан кейін ақсақал-қарасақалдар мен ақ жаулықты әжелеріміз, ауыл тұрғындары алғыстарын білдіріп, баталарын берді. Қойылымнан кейін көздері жасқа толып, өнер ұжымының шоқтықтарының биік болып, арқадағы асқақ театрдың мәртебесінің өсе беруіне тілеуқорлық танытты. Осы сапардың сәтті өтуіне қол үшін беріп, қолғабыс еткен аудандық мәдениет орындарының басшыларына, ауыл әкімдеріне және ауылдық мәдениет ошақтарының қызметкерлері А.Байзақова, Б.Жақыпова, М.Нығманова, М.Төлеубаев, С.Пішенбаев, Д.Сейдуалиева, Ж.Жақыпов, А.Шәкенов, Н.Жұмажановтарға алғыс айту ләзім. Бұлар біздің театрға ғана жағдай жасап қоймай, ауыл мәдениетінің өсуіне де шексіз үлес қосып келе жатқан жанашыр жандар. Театр ұжымы мұндай сапарға еріккеннен шықпайтыны белгілі. Олардың да алға қойған мақсаты, облыс басшыларының тапсырған аманаты болғаннан кейін қыс-жаз демей үнемі ат үстінде жүреді. Осындай сәтте театр ұжымына оң қабақ танытып, сапарларының оңтайлы өтуіне қол үшін беріп жатса нұр үстіне нұр болар еді. Осы тұста Кежек ауылының әкімі А.Сәдуов мырзаның қылығы көңілге кірбің ұялатқаны да рас. Ауылда «иномаркасымен» әрі-бері шапқылап жүріп, мәдениет ошағына келіп бірауыз жылы сөз айтпағанын қалай түсінуге болады. Бұл 80 жыл тарихы бар театрға мұрын шүйіре қарауы ма, әлде театр әртістерін менсінбеуі ме? Егер ауыл әкімдері мұндай мінез таныта берсе театр ұжымы күні ертең гастрольдік сапардан бас тартуы да ғажап емес қой. Себебі, ауылдық жерде қонақ үй, асхана деген жоқ. Олардың жатар орыны мен ас суын кім ойластырмақ.
Алла амандығын берсе алдағы қараша айында Астана, Алматы мен Талдықорған сапары күтіп тұр. Желтоқсанның басында Баку қаласына аттанатын болады.