Таяуда ғана С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театры Астанада талғампаз көрермендер мен өнер серкелерінің алдында өз өнерлерін ортаға салды.
Бұл сапар театрдың 80 жылдығын атап өтіп, ел алдында есеп беру мақсатында болса, екіншіден «қасқырды аяғы асырайды» дегендей табыс та табу үшін ұйымдастырылды. Гастрольдің ашылу салтанатында Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Академиялық музыка театрының директоры, әрі көркемдік жетекшісі Е.Жуасбек мырза сөз алып, театр ұжымын 80 жылдық торқалы тойымен құттықтап, сәттілік тіледі. Шешен өз сөзінде: - Бұл театрдың тарихы тереңде жатыр. Небір өнер майталмандары, керемет актерлер мен тамаша режиссерлер шыққан ордалы ұжым, аға театрлардың бірі. Репертуары да бай. Ендеше астаналық көрермендерді сәкендіктер қуанышқа бөлеп, мол рухани азық сыйларына сенімдімін. Тек сәттілік тілеймін – деп, шынайы ықыласын білдірді. Одан кейінгі сөзді театрдың жаңа директоры ҚР Мәдениет қайраткері С.Бекболатов алып, былай деді. – Құттықтауларыңызға, ыстық ықыластарыңызға рахмет. Бұған дейін Көкшетау, Павлодар. Ақсу мен Екібастұзда және Әзербайжан елінде болып, зор табыс, үлкен абыроймен оралған едік. Енді міне ел астанасында өнер көрсетіп, өнер сыншылары мен қайраткерлерінің аталы сөздерін естіп, халыққа есеп берейік деп кеп отырмыз. Бұдан кейін Алматы мен Талдықорған күтіп тұр. Одан келе сала Қап тауына қайта аттанатын боламыз. Біздің бұл әкелген қойылымдар көрермендерге мол рухани азық сыйлап, Сәкен театрының абыройына абырой қосады деп сенемін. Астана театрының басшыларына рахмет айтып, алдағы уақытта да біз сіздерге келіп, сіздер бізге келіп өнер көрсетіңіздер. Біздің құшағымыз әрдайым ашық. Бәрімізге тек сәттілік тілеймін – деп, сөзін қортындылады.
Алғашқы күні С.Асылбековтің «Желтоқсан түні», одан кейін А.Жапаровтың «Жеңілтек әйел», соңын Ш.Айтматовтың «Мәңгү, мәңгу...» қойылымымен жапты. Ал балаларға арналған Д.Исабековтің «Аққулар мекені» ертегісі күніне екі реттен балалардың назарына ұсынылып отырды. Барлық қойылымды атақты театр сыншысы, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор Ә.Сығай, сыншы Г.Бекқожина, жазушы Ө.Ахметов т.б. қайраткерлер мен өнер тарландары тамашалап, қойылымнан кейін ойларын ортаға салды. Сөз кезегі келгенде Ә.Сығай былай деді. – Бұл театрды соноу 70 жылдардан білем. Театр актерлері мен суреткерлігі жайында талай қалам тербегем. Театр бір орынында тұрмайды, үнемі ізденіс үстінде болса ғана өседі. Сәкендіктерде қазір ізденіс үстінде екендіктерін аңғартты. Үш қойылым көрдім, үшеуі үш түрлі және үш режиссер қойған. Айтатын ой, көтерілген мәселе, актерлердің ойнау шеберліктері, режиссерлердің қолтаңбасы айқын сезіліп тұрды. Бұрыннан еңбек етіп келе жатқан Е.Жүніспеков, М.Қисықов, Г,Рашқалиева, Б.Кемалова, Қ.Жырымбаевалардың ойыны қанық, айтары анық болды. Бұлар сахна шеберлері ғой. Жас актриса Д.Зайтованың шеберлігіне сүсіндім, қуандым. Оның ойынынан ізденіс, тамаша шеберлік байқалады. Әр қойылымда әр түрлі мінез-құлық, бояу бар. Сондай-ақ Б.Әукешовның ойыны да маған қатта ұнады. Актриса сахнада ойнамайды, өмір сүреді, шынайылық мол. Шын қайғырады, шын жылап, шын күледі. Бұл көп актерге тән емес. Меніңше сәкендіктер астаналық көрермендердің көңілінен шығып, тамаша өнер сыйлады- деп айтуға болады. Алдағы сапарларыңызға сәттілік тілеймін – деп, біздің театрға деген ыстық ықылас сезімін жеткізді. Ө.Ахметов пен Г.Бекқожина, режиссер Н.Жұманиязовтар да осындай тамаша әсерде болғандарын жасырмады.
Бір сөзбен айтқанда Астана шаһарында өткен гастрольдік сапар табысты, әрі абыройлы болды. Бұл театр ұжымының гастрольдік сапарға ыждаһатты дайындалып, жауапкершілік жүгін сезінгендігі деп білеміз. Алдағы сыннан да сүрінбей өтеді деген ойдамыз.
Сламбек Әйнекбайұлы, режиссер-актер, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР журналистер одағының мүшесі.