29-Желтоқсан-2012 - Келе жатқан Жаңа жылдарыңызбен!
Құрметті облыс тұрғындары!
Міне, енді санаулы күндерден кейін жаңа 2013 жыл табалдырығымыздан аттайды.
Тарих еншісіне жылжып еніп бара жатқан жылға да алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бұл жыл еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде аса маңызды оқиғалармен айшықталды.
Біз Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күнін кең көлемде алғаш рет атап өттік.
Еліміздің келер күнін, жарқын болашағын, барар бағытын Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан-2050 стратегиясы. Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында айқындап берді.
Бұл жылы Қазақстан экономика мен әлеуметтік салада толайым табыстарға қол жеткізді. Халықаралық аренадағы беделі бұрынғыдан да нығая түсті. Дүниежүзіндегі ең беделді әлемдік «ЕКСПО-2017» көрмесін Астанада өткізу туралы қабылданған тарихи шешім – егемен еліміздің мерейі, саяси салмағының толықтай мойындалуы болды.
Бүкіл елімізбен бірге Қарағанды облысы да болашаққа қарай қарышты қадам басып келеді.
Өңіріміздегі өркенді өзгерістер мен ілкімді істерге ел Президенті биылғы жылдың 1-2 желтоқсанда жасаған жұмыс сапарында оң бағасын берді.
Мемлекет басшысы Қарағанды облысының еліміздің аса ірі өнеркәсіптік, ғылыми және мәдени орталығы екендігіне тағы бір мәрте көз жеткізді.
Осы орайда әлеуметтік-экономикалық саладағы барлық қол жеткізілген табыстарымызға шахтерлер мен металлургтердің, құрылысшылар мен ауыл еңбеккерлерінің, экономика мен әлеуметтік саланың өзге де қызметкерлерінің өлшеусіз үлес қосқандығын айрықша атап айтқанымыз абзал.
Сондықтан баршаңызға еселі еңбектеріңіз үшін зор алғысымызды білдіре отырып, алда келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз.
Сіздерге және барлық туған-туыс, жақын-жуықтарыңызға мықты денсаулық, баянды бақыт, құт-береке тілейміз. Отбасыларыңызда тек қана қызық-қуаныш, шаңырақтарыңызда шаттық бола берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, аспанымыз ашық болсын!