Бейсенбі күні облыс әкімдігінде аймақ басшысы Әбілғазы Құсайыновтың төрағалығымен үдемелі индустриалдық-инновациялық дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға қатысты Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Отырыста «Бизнестің Жол картасы - 2020» бағдарламасы негізінде іске қосуды жоспарлап отырған жобалар қарастырылды. Оның ішінде «Hegelmann Transporte» ЖШС, «Стэка», «Исмайлов» ЖК, «Останина» ЖК ұсынған арнаулы автотехника алу және жылжымалы құрамды жаңарту жобалары да бар.
Талқыға түскен өзге де жобалардың қатарында «Қазақстандық инвестициялық компаниясы» ЖШС «Ленин атындағы кинотеатрға цифрлық жобалық киножабдық алу» және «Әбілдин» ЖК «Темірбетон қоршаулар өндірісі» бар.
Сондай-ақ «Тиатр» ЖШС ұсынған «Көлік жолдарын қайта жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау» жобасы бойынша өндірістік инфрақұрылым құрылысын қаржыландыру мәселесі де қарастырылды. Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары Әнуар Ахметжанов отырысқа қатысушыларға Елбасының қатысуымен 25 желтоқсанда өткен Индустриаландыру картасына енген жобалардың тұсаукесеріне, сонымен қатар жыл сайынғы «Алтын сапа», «Парыз» және «Қазақстанның үздік тауары» лауреаттарын марапаттауға арналған телекөпір аясында өткен Индустриаландыру күнінің қорытындысы туралы баяндады.
Қарағанды облысынан телекөпірде «АрселорМиттал Теміртау» АҚ металлургиялық комбинатындағы оттегі, азот және аргон өндірісі бойынша кешені ұсынылды. Жобаны 125 млн.доллар көлемінде өз қаржысы арқылы инвестициялаған немістің «Линде» компаниясы жүзеге асырды. Бұл жобаны іске қосу «АрселорМиттал Теміртау» АҚ үшін маңызды болып отыр. Өйткені, металлургиялық комбинаттағы бұрынғы қондырғылардың тозығы жеткен. Ендігі кезекте олардың орнын инновациялық технологиялар алмастыратын болады.
Ал «Қазақстанның үздік тауары» байқауында биылғы жылы Қарағанды аймағының кәсіпорындары жүлделі орындарға қол жеткізе алмады. Ал, ел Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына шағын және орта бизнес субъектілерінің арасынан «TREI Қарағанды» ЖШС «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» номинациясында жеңімпаздар қатарынан көрінді.