28-Желтоқсан-2012 - Облыс әкімі Балқаш қаласына жұмыс сапарымен барды
28 желтоқсанда облыс әкімі Әбілғазы Құсайынов Балқаш қаласына жұмыс сапарымен барды.
Аймақ басшысы қаланың 2012 жылғы әлеуметтік – экономикалық даму қорытындысымен танысқаннан кейін №15 орта мектепке барды. Сондай-ақ "Жұмыспен қамту - 2020" бағдарламасы шеңберінде салынған 45 пәтерлік тұрғын үйдің жаңа қоныс иелеріне пәтер кілттерін тапсырды.
Аталған үйді пайдалануға беру Ақтоғай мен Абай аудандарының болашағы бұлыңғыр елді мекендері мен Саяқ кентінің біраз тұрғындарын баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Бір атап өтерлігі, олардың барлығы Қоңырат кенті мен Балқаш қаласындағы кәсіпорындарға жұмысқа орналастырылатын болады.
- Осы арқылы біз ел Преиденті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы» Жолдауында айтқан өңірлердің дамуындағы әлеуметтік теңгерімсіздікті жою және халықты жұмыспен қамту міндеттерін шешеміз, - деді облыс әкімі кілттерін тапсыру рәсімінде.
Осыдан кейін аймақ басшысының төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі өңірлік кеңестің көшпелі отырысы болып өтті.
Жиын барысында «Бизнестің Жол картасы-2020», «Селолық аумақтарды дамыту» сынды мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру кезінде жол берілген сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтардың алдын алу, болдырмау мәселелері талқыланды.
Аталмыш мәселе бойынша экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес департаменті бастығының орынбасары Қанат Тоқтыбаев пен облыстық қаржылық бақылау басқармасының бастығы Азамат Ахметов баяндама жасады.
Сонымен қатар Балқаш қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров пен Шет ауданының әкімі Рысқали Әбдікеровтің осы өңірлердегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы есептері тыңдалды.
Бұдан кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі өңірлік кеңес мүшелері 2013 жылғы жоспарды қарап, бекітті.
Отырыс соңында облыс әкімі ел Президентінің Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауындағы мемлекет пен қоғам сыбайлас жемқорлықпен бірлесе күресу керек деген сөздерін келтірді.
- Сондықтан да біздің ортақ міндетіміз – мемлекеттік бағдарламалардың толық, жария түрде және сапалы орындалуын қамтамасыз ету. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүйесі толыққанды және мейлінше пәрменді жұмыс істеуі үшін барлық қажетті жағдайларды туғызу керек, - деді сөзінің соңында Әбілғазы Құсайынов.