29 желтоқсанда облыс әкімі Әбілғазы Құсайынов Абай ауданына жұмыс сапарымен барды.
Сапар бағдарламасы «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы шеңберінде қалпына келтірілген 25 пәтерлік үйдің жаңа қоныс иелеріне пәтер кілттерін тапсырды.
Салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде облыс әкімі ел Президенті Нұрсұлтан Әбшұлы Назарбаевтың тапсырмасымен әзірленген осынау бағдарламаға сәйкес тек Қарағанды облысының өзінде 2020 жылға дейін барлық қаржыландыру көздерінен 3 млн. шаршы метр тұрғын үйді іске қосу жоспарланып отырғанын жеткізді.
Абай қаласында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп келеді. Өткен жылы екі 12 пәтерлік арендалық тұрғын үй пайдалануға берілді. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы шеңберінде ауданның болашағы бұлыңғыр ауылдарынан көшіп келген отбасыларға арналған 6 үй салынды. Сонымен қатар 4 ықшам ауданда 49 пәтер қалпына келтірілді, қазір 20-сында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
- Соңғы екі жылда қалада 138 пәтер іске қосылды. Бұндай өрлеуді өңір соңғы отыз жылда басынан кешкен емес. Жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады, - деп атап өтті облыс әкімі.
Осыдан кейін аймақ басшысы «Таңшолпан» балабақша-мектеп кешенінде болды.
Кешеннің құрамында 7 мектепке дейінгі топ бар, оның біреуі қазақ тілінде оқытады. Сондай-ақ 4 бастауыш сынып бар. Мұнда қазақ тілі кабинеті, кітапхана, изостудия, музыкалық және спорттық залдар, бассейн және басқа да бөлімшелер жұмыс істейді. Кешеннің мақсаты – бірыңғай оқыту кеңістігін құру және мектеп-гимназияда оқуын жалғастыру. Гимназиялық компонент шеңберінде мұнда «Әлем - біздің айналамызда», «Тіл мен қарым-қатынас мәдениеті», ағылшын тілдері оқытылады. Биылғы жылы республикалық бюджет есебінен кешен 2013 жылы E-Learning пилоттық жобасын енгізу үшін интерактивті құралдармен жабдықталды.
Мектепті аралап шыққан соң облыс басшысы мұнда сапалы білім беру мен балалардың денсаулығын нығайтуға қажетті барлық жағдай бар екендігін атап өтті.
Абай қаласының тұрғындары үшін 320 орындық жаңа мешіттің ашылуы да айтулы оқиға болды. Мешіт «Абай ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына қоғамдық көмек қоры» арқылы демеушілік қаржыға салынды.
- Ел Президенті өзінің «Қазақстан-2050 Стратегиясы» Жолдауында қоғамды дамыту мен ел алдында тұрған межелі міндеттерді шешу халықтың сан ғасырлық рухани және мәдени мұрасына арқа сүйеу арқылы шешілетіндігін атап айтты. Сондықтан бұл мешіттің ашылуы халықтың рухани құндылықтарды терең тани түсуіне, дұрыс бағыт-бағдар алуына оң ықпалын тигізетін болады. Әсіресе мұндай ғибадат үйінің ашылуы өскелең ұрпақ тәрбиесі үшін аса маңызды, - деді Әбілғазы Құсайынов жиналған жамағатты құттықтаған сөзінде.