04-Қаңтар-2013 - Облыс әкімі ғасыр жасаған ардагерді мерейтойымен құттықтады
4 қаңтарда облыс әкімі Әбілғазы Құсайынов Ұлы Отан соғысының ардагері, Қарағанды көмір бассейнінің қарт еңбеккері Әбушахма Бекенұлы Бекбалақовты 100 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Ардагер ақсақал өзінің еңбек жолын Анар станциясында темір жол жұмысшысы болып бастап, одан кейін Кузбасс шахтыларының бірінде проходчик болып істеді.
1933 жылы еліміздің үшінші көмір кочегаркасы атанған Қарағандыда қайнаған жұмыс басталған шақта Әбушахма Бекенұлы осында келіп, Киров атындағы шахтыға жұмысқа орналасады.
1941 жылдың 22 маусымында Қызыл Армия қатарына өз еркімен сұранып кетіп, Батыс майданда, кейін Қиыр Шығыстағы сұрапыл соғысқа қатысады.
Жауды жеңіп, аман-есен елге оралған соң Қарағанды көмір бассейнінің түрлі шахтыларында еңбек етті. Соның «Қарағандыкөмір» комбинатының «Шерубай-Нұра» шахтысында табан аудармай 25 жыл қызмет істеді.
Әбушахма Бекенұлы Бекбалақовтың отбасында 7 бала дүниеге келді. Қазір олардан жеті немере мен екі шөбере сүйіп отыр.
Әбілғазы Құсайынов соғыс және еңбек ардагерін мерейлі тойымен құттықтап, ізгі тілегін білдіріп, бағалы сыйлығын табыс етті.