17-Қаңтар-2013 - Құрылыс, сәулет, жолаушылар көлігі саласындағы атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер талқыланды
17 қаңтарда облыс әкімінің міндетін атқарушы Ғабит Мұхамбетов кеңейтілген кеңес өткізіп, онда құрылыс, сәулет, жолаушылар көлігі саласындағы 2012 жылғы жұмыс қорытындысы мен 2013 жылғы міндеттер жайы қаралды.
Алқалы жиын барысында есептік кезеңде құрылыс саласында жалпы облыс бойынша 132 млрд. 230 млн. теңгеге (немесе 2011 жылға 117,7%) мердігерлік жұмыстар атқарылғаны аталып өтілді.
269,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, жоспар 102,8% орындалды. Бұл ретте жеке тұрғын үй үлесі 53%, мемлекеттік секторға 38% және коммерциялық тұрғын үй - 9% құрады.Салынған жалпы тұрғын үй санына«Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасының үшінші бағыты бойынша енгізілген 53 мың шаршы метр тұрғын үй де кіреді.
Ағымдағы жылы өңірде барлық қаржы көздерінен 285,9 мың шаршы метр тұрғын үйді іске қосу жоспарланып отыр.
2012 жылы ауылдық жерлерде 2 орта мектеп салынып, Жезқазған қаласында апатты жағдайдағы мектепке қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Нұра ауданында орта мектептің спорт залы, Саран қаласында қазандық салу жұмыстары басталды. Қарағандыда кардиохирургиялық орталық реконструкциясы жалғасын тапты. 2013 жылы білім беру, спорт, денсаулық сақтау, энергетика, коммуналдық шаруашылық және қоршаған ортаны қорғау салаларында 13 нысанның құрылысын жүрзізу жоспарланып отыр.
2013 жылдың соңына дейін барлық қалалар мен аудан орталықтарының бас жоспарларын әзірлеу аяқталатын болады.
Қарағанды облысының автомобиль жолдарының желісінің жалпы ұзындығы 12 116 км құрайды. Өткен жылы өңірдің жалпы қолданыстағы жолдарын жөндеу мен күтіп ұстауға 13 млрд. 689 млн. теңге бөлінген болатын 283 шақырым жолға қалпына келтіру, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі автомобиль жолдарының үлесі 70% құрады, бұл Қарағанды облысының стратегиялық даму жоспарына сәйкес келеді.
«Жұмыспен қамту - 2020» және «Моноқалаларды дамыту» бағдарламаларын қоса есептегенде автомобиль жолдарының құрылысы, қалпына келтіру және жөндеу жұмыстары биылғы жылы да жалғасатын болады.
Кеңес барысында сондай-ақ автожолдарды қыс мезгілінде күтіп ұстау, қозғалыс қауіпсіздігін арттыру, автомобиль және теміржол көлігімен жолаушылар тасымалы сынды мәселелер де кеңінен талқыланды.