Размер шрифта:




Цвет сайта:

белый фон, чёрный текст чёрный фон, белый текст
Размер шрифта:

Жаңалықтар


04-Сәуір-2013 - Баспасөз парағы

Осыған орай Бауыржан Әбдішев бірқатар аймақтарға жұмыс сапарымен барып, өңірдің өзекті мәселелері талқыланып, әлеуметтік-экономикалық дамуындағы кемшіліктердің алдын алу, халықтың әл-ауқатын одан әрі дамыту бойынша нақты міндеттер қойылды.
Облыс басшысының кезекті сапары 4 сәуірде Нұра ауданында жалғасын тапты.
Бауыржан Әбдішев  «ENRC Kazakhstan» ЖШС құрамына кіретін «Шұбаркөл көмір» АҚ өндірістік қызметімен танысып, «Центральный» және «Западный» разрездеріне, вахталық ауылға барып, «Шұбаркөл көмірдің» еншілес кәсіпорны «Сарыарқа Спецкокс» ЖШС зауытының кокс газымен жұмыс істейтін энерготехнологиялық кешенінде болды.
«Шұбаркөл көмір» АҚ даму келешегі жөнінде облыс әкіміне компания президенті Төлеген Ақбаев баяндап берді. Ол бүгінгі күні кәсіпорында өндірістік көрсеткіштерді арттыруға бағытталған ұзақмерзімді даму бағдарламасынң жүзеге асырылып жатқандығын атап өтті. Көмір өндірісінің алдыңғы қатарлы технологиялары енгізілуде, соның ішінде көмірді конвейерлік әдіспен тасымалдау және сұрыптау, тау жыныстарын сыйымдылығы жоғары ЕХ-1900 және ЕХ – 3600 гидравликалық экскаваторларының көмегімен шығару сияқты жұмыстар атқарылып жатыр. Сонымен қатар 220 тонналық БелАЗ-75306 ауыр жүк көлігі пайдаланылады. Бір айта кетерлігі, шұбаркөлдіктер мұндай алып машиналарды Қазақстанда тұңғыш рет өндіріске енгізді.
Негізгі өндіріспен қатар «Шұбаркөл көмір» АҚ көмірді терең өңдеуден өткізу жобаларын іске асыруды да қолға алды. 2006 жылы мұнда еліміздің ферроқорытпа өнеркәсібі үшін аса қажетті арнайы кокс өндіретін «Сарыарқа Спецкокс» ЖШС зауыты іске қосылды. Электр энергиясына деген өз қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін 2011 жылы «Шұбаркөл көмір» АҚ жобалық қуаттылығы кокс газынан 5,5 МВт электр энергиясын өндіретін энерготехнологиялық кешен іске қосылды.
Облыс әкімі кәсіпорынның жұмысын жоғары бағалап, көзделген жоспарларды жүзеге асыруға әлеуетінің әбден жететіндігін атап айтты.
- Сонымен қатар кәсіпорынның күш-қуаты, мол мүмкіндігі келешекте «Шұбаркөл көмір» АҚ айналасында шағын бизнесті дамытуға да өте қолайлы. Мысалы, дамыған инфрақұрылымды, ресурстарды, осында өндірілетін электр энергиясын пайдалана отырып, жылыжай шаруашылықтарын салуға болады, - деді Бауыржан Әбдішев.
Аймақ басшысының жұмыс сапары Арқалық-Шұбаркөл теміржол құрылысының барысын көрумен жалғасты.
Бұл магистральдың Нұра ауданы аумағынан өтетін ұзындығы шамамен 104 километрді құрайды. Бүгінгі күні оның құрылысына 250 адам тартылған, жол-құрылыс техникаларының 135 бірлігі жұмыс істеп жатыр. 2012 жылы қаржыландыру көлемі 2,6 млрд. теңгені құрады, 24 шақырым жерге жол табаны салынып, 6,5 шақырымға жолдың жоғарғы қабаты төселді. Биылғы жылы су құбырлары мен электр желілерін салу, 4,5 млн. текше метр көлемінде жер табанын салу, қосалқы және қызмет көрсету мақсатындағы нысандарды салу жоспарланып отыр.
Осыдан кейін облыс әкімі Баршын ауылына ат басын тіреді. Бұл - кезінде бұрынғы Теңіз ауданының орталығы болған іргелі елді мекен. Алайда осыдан біраз жыл бұрын бұл мәртебесінен айырылып, ауылдың сиқы кетіп, сыны қаша бастаған еді. Міне, сондықтан да Бауыржан Әбдішев шалғайда жатқан шаруа адамдарының жай-күйін білу үшін ауылға арнайы ат басын бұрды. Ол  алдымен жергілікті аурухананы, орта мектепті, ауыл көшелерінің жағдайын көріп, жан-жақты танысты. Осыдан кейін ауыл тұрғындарымен кездесіп, өңірдің өзекті мәселелерін бірге талқылап, көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақтарына жауап берді.
Аймақ басшысы өз сөзінде Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында бүгінгі күні елімізде көптеген игі істердің атқарылып жатқандығын, оны осы өңірдің тыныс-тіршілігінен де айқын аңғаруға болатындығын айтып өтті. Мысалы, көп жылдан бері елді алаңдатып отырған Баршын орта мектебінің қауыпты жағдайда тұрған ғимаратына байланысты мәселе шешімін тапты. Мектеп басқа ғимаратқа көшіріліп, республикалық бюджеттен «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша 21,5 млн.тенге бөлініп, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Өткен жылы облыстық бюджетті нақтылағанда Баршын ауылының ауруханасына 16 млн.теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Пикет-Баршын» облыстық маңыздағы тас жолының жөндеу жұмыстарына 200 млн.теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жасалды. Ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында «Сыбаға» бағдарламасының аясында алты шаруа қожалығы 40 млн. теңге несие алды. Сонымен қатар мемлекеттік және салалық бағдарламаларды        («Ақ бұлақ», Өңірлерді дамыту бағдарламасы) жүзеге асыру аясында ағымдағы жылға 126 млн. теңге бөлініп отыр.
«ENRC Kazakhstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісілген меморандум бойынша Баршын ауылын абаттандыруға 10 млн.теңге, ауыл жолдарын жөндеуге 15 млн.теңге, спорт алаңын салуға 11 млн.теңге бөлініп отыр.  
- Міне, осының бәрі мемлекетіміздің өңірлерді дамытуға, шалғайдағы ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартып, әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты қолдауы болып табылады. Бөлінген қаражат аз емес. Тек соны мақсатты түрде пайдаланып, тиісті жеріне жұмсалуы тиіс, - деді облыс әкімі. 
Сондай-ақ ол құрылыс басқармасы мен аудандық әкімдікке ауыл ішіндегі қалқайып қабырғасы ғана қалған үйлердің орнын, үйінділер мен қоқысты тазарту бойынша жұмыс жүргізуді қадап тапсырды.
Осыдан кейін аймақ басшысы Нығыман, Ақтүбек және Соналы ауылдарының көктемгі су тасқынына байланысты хал-ахуалын, Соналы өзені арқылы өтетін көпірдің жағдайын көріп шықты.
Киевка кентінде аудандық кітапхана мен тарихи-өлкетану мұражайымен танысты. Бұл мұражай 2011 жылы облыстық бюджет пен облыс әкімдігі және «ENRC Kazakhstan» ЖШС арасындағы өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандум шеңберінде бөлінген қаражатқа салынған болатын.
Жұмыс сапары аудан активінің жиынымен аяқталып, онда Нұра ауданының әлеуметтік-экономикалық даму жағдайы қаралып, 2013 жылғы міндеттер нақтыланды.   
- Бүгінгі күннің ең басты міндеті – бұл өңірлерді дамыту. Сондықтан нұралықтар Мемлекет басшысының қойған ауқымды міндеттерін жүзеге асыруға сүбелі үлес қосады деген сенімдемін, - деп түйіндеді сөзін Бауыржан Әбдішев.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Баспасөз қызметі

Сіз мемлекеттік қызметтерді алу кезінде ҚР «Электрондық үкіметінің» порталын қолданасыз бе?
Мұрағат
18 Маусым 2013
Караганда Другие города
+23 °C
без осадков,облачно
С-З, 5 м/с
18 Маусым 2013
Доллар США   151.29
Евро   201.85
Российский рубль   4.80
© 2005-2020 Қарағанды облысы әкімдігінің ресми ақпараттық порталы
Сайт материалдарын пайдаланғанда ақпарат алған көзге сілтеме жасау міндетті
Әзірлеуші және қолдаушы: «Creatida» интернет-компаниясы