Қуанышты оқиғаға орай жиналған жұртшылықты құттықтаған облыс әкімі Бауыржан Әбдішев былай деді:
- Мемлекет басшысының тапсырмасын орындай отырып, жергілікті билік органдары денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын нығайта түсу үшін барлық қажетті жұмыстарды жүргізіп келеді. Сонымен қоса өңіріміздің ірі кәсіпорындары да шет қалмай, өздерінің әлеуметтік жауапкершілігін терең түсініп, осынау ортақ іске белсенді атсалысып келеді.
Аймақ басшысы осыдан 5 жыл бұрын «Қазақмыс» корпорациясы облысқа 36 санитарлық машинаны сыйға тартқандығын айтып өтті. Ал, биылғы жылы облыс әкімдігі мен жүйеқұраушы кәсіпорын арасындағы өзара ынтымақтастық меморандумына сәйкес корпорация басшылығы кезекті тартуын жасап отыр. Жедел жәрдем қызметінің автопаркі жалпы құны 73,2 млн. теңгені құрайтын 15 «Hyundai» маркалы автомобильдерімен толықты. Олар Қарағанды, Жезқазған, Сәтбаев және Балқаш қалаларында жұмыс істейтін болады.
- «Қазақмыс» корпорациясының жасаған сыйлығының арқасында жедел жәрдем қызметінің сапасы артып, дәрігер көмегіне зәру жандарға дер кезінде медициналық көмек көрсету жайы жақсара түседі деген сенімдемін, - деді сөз соңында Бауыржан Әбдішев.
Осыдан кейін аймақ әкімі мен компания басшылығына облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Төлеген Садуақасов алғысын білдірді.