Размер шрифта:




Цвет сайта:

белый фон, чёрный текст чёрный фон, белый текст
Размер шрифта:

Жаңалықтар


11-Сәуір-2013 - Ынтымақтастық – ырыс бастауы

9-10 сәуір күндері облыс әкімі Бауыржан Әбдішев бастаған қарағандылық делегация жұмыс бабындағы сапармен Беларусь Республикасында болып қайтты.

 
Делегация құрамында бірқатар облыстық басқармалар мен өндірістік кәсіпорын басшылары, бизнес құрылым, оның ішінде, жеңіл, тамақ өнеркәсібі, өңдеуші және машина жасау, энергетика мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласының өкілдері болды. Нақтырақ айтсақ, олар – «Сарыарқа» ӘӘК ҰК» АҚ, «Технодом «Сарыарқа» ЖШС, «Қарағанды машина жасау консорциумы» ЖШС, «Карагандарезинотехника» ЖШС, «ҚазБелАЗ» БК» ЖШС, «Сантехпром» ЖШС, «Халықаралық «Фитохимия» ғылыми-өндірістік холдингі» АҚ, «Астро-Агро»ЖШС және бірнеше шаруа қожалықтары.
Сапар мақсаты – экономиканың жетекші салалары, әлеуметтік сала және ғылым саласы бойынша Қарағанды сынды өндірісті өлке мен Беларусь Республикасының кәсіпорындары арасындағы екіжақты ынтымақтастық аясын кеңейту және нығайту.
Сапардың бірінші күніндегі кесте тығыз әрі маңызды болды.
Бұл күнгі іскерлік жүздесулер Бауыржан Әбдішев пен Беларусь Республикасы Өнеркәсіп министрі Дмитрий Катериничтің кездесуімен басталды. Кездесу барысында карьер мен шахтаға арналған «БелАЗ» техникасын құрастыру, күрделі жөндеуден өткізу мақсатында Қарағандыда ашылған «ҚазБелАЗ» Қазақстан-Беларусь бірлескен кәсіпорынының ырғақты жұмысын қамтамасыз ету мәселелері қозғалды. Сондай-ақ, мүдделес елдің министрі Қарағандыдан ауыл шаруашылығы техникаларын өндіретін кәсіпорын ашу жөніндегі ұтымды ұсынысын ортаға салды. Ол бұл жобаны қаржыландырудың белгілі бір бөлігін өз тараптарына қалдырып, ал, зауытты Беларусь станок жасау холдингімен және инженерлік орталықтармен бірлесіп ашуға болатынын тілге тиек етті.
– Қазақстан біздің ел секілді станок жасау өндірісіне қызығушылық танытады деп ойлаймын. Ал, біз бұл мақсаттағы ынтымақтастыққа дайынбыз, – деді Дмитрий Катеринич.
Өз кезегінде Бауыржан Әбдішев бұл мәселені Қарағанды машина жасау консорциумы мен Беларусь станок жасау холдингінің бірлескен жобасы ретінде жүзеге асыруға болатындығын атап өтті.
Сонымен қатар, Қарағанды облысының әкімі аймақтың инвестициялық мүмкіндіктері жайлы сөз қозғап, облыстың географиялық жағынан Қазақстан ел ордасы – Астанаға жақын орналасуы нәтижесінде қарағандылық өнім өндірушілердің ауқымды мүмкіндікке ие екендігіне ерекше тоқталды. Сондай-ақ, Бауыржан Түйтеұлы Беларусь кәсіпорындары ҚР Президентінің Жарлығымен 2011 жылы қарашада құрылған «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы арқылы өз жобаларын жүзеге асыру мүмкіндіктері бар екендігін екшеп айтты.
– Қарағанды шаруаларының қолданысындағы тракторлардың дені – Беларусь өнімі, – деген облыс әкімі министр мырзаға Қарағандыдан аталған трактордың қосалқы бөлшектерін сататын сауда орталығын немесе өкілдігін ашу жөніндегі ұсынысын жеткізді.
Келіссөз барысында көпқабатты үйлердің лифтілерін айырбастау және жөндеу мәселесі де жан-жақты қозғалды. Облыс әкімі Қарағандыда Қазақстанның басқа аймақтары секілді «Қолжетімді баспана» бағдарламасы қарқынды жүріп жатқанын айтып, лифт мәселесін осы бағдарлама шеңберінде жүзеге асыруға болатындығына тоқталды.
Кездесу кезінде бұдан басқа да маңызды жобалар жайында сөз қозғалып, ұтымды ұсыныстар өрбіді. Мәселен, Беларусь тарапынан «ЗИЛ» жүк көлігін жөндеу және қосалқы бөлшек жеткізу, сондай-ақ, Қарағанды автопарктері үшін Беларусь автобустарын жеткізу жөніндегі ұсыныстар айтылды.
Сол күні Бауыржан Әбдішев Минск облыстық атқару комитетінің төрағасы Борис Батурамен кездесіп, Қарағанды облысы мен Минск аймағы арасында мәдениет, білім, спорт салалары бойынша екіжақты тиімді ынтымақтастық қалыптастыру мәселелерін талқылады. Әсіресе, Минск облыстық атқару комитетінің төрағасы агроөнеркәсіп кешеніне қатысты сөз қозғалғанда, Қарағандыдан қой жүнін жеткізу мәселесіне зор қызығушылық танытты. Сондай-ақ, Борис Батура Минскіде Қарағанды облысының, Қарағандыда Минскінің күндерін өткізу жөніндегі ұсынысымен бөлісті.
Сапардың бірінші күнінде, яғни, 9 сәуір күні Минскіде Қазақстан, Беларусь кәсіпорындарының қатысуымен «Аймақаралық ынтымақтастық: екіжақты тиімді әріптестік тұғырнамасы» тақырыбында бизнес-форум өтті. Форумға қатысушылар алдында Минск облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Александр Турчин сөз сөйледі. А.Турчиннен кейін сөз алған Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев:
– Біз өндірісті Қарағандының тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбек еткен әрі саяси отаны болғанын мақтан етеміз. Қарағандылықтар Мемлекет басшысының өңірді гүлдендіру мен өркендету мақсатында жасап отырған қолдауы мен шексіз қамқорлығын жанымен сезінеді. Елбасының осынау қамқорлығы арқасында Қарағанды Қазақстанның ең ірі индустрия орталығына айналды және болашақта да солай болып қала бермек, – деді.
Ол Қарағанды облысының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму», «Бизнестің Жол картасы», «Өнімділік», «Жұмыспен қамту», «Моноқалаларды дамыту» секілді мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарылып жатқан ауқымды істер жөнінде баяндады. Сонымен қатар, аймақ басшысы экономиканың машина жасау, металл өңдеу, жеңіл, химия және фармацевтика өнеркәсібі, құрылыс материалдыры өндірісі, энергетика және ауыл шаруашылығы сияқты салаларына инвестиция салу мүмкіндіктерінің ауқымдылығын сөз етті. Сондай-ақ, «Жезқазған – Бейнеу», «Шұбаркөл – Арқалық» теміржол желілерінің құрылысы арқылы тағы да тың мүмкіндіктерге жол ашылып отырғандығын жеткізді.
– Ашықтық саясаты, ғылыми-техникалық әлеует, өте бай табиғи ресурстар көзі, коммуникациялық жүйенің қарқынды дамуы және банк жүйесіндегі тұрақтылық, міне, осының бәрі кәсіпкерлер үшін біздің өлкенің экономикасына капитал салудың тың мүмкіндіктерін ашуға оң септігін тигізеді, – деді Бауыржан Әбдішев сөзінің соңында.
Форумда «Сарыарқа» ӘӘК» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Әбілда, Минск еркін экономикалық аймағы әкімшілігі басшысының орынбасары Марина Адамович, «Қарағанды машина жасау консорциумы» ЖШС директоры Болат Кенжин, «Технопарк «Сарыарқа» ЖШС директоры Алексей Цой, «Сантехпром» ЖШС Бас директоры Владимир Крючков сөз сөйлеп, екіжақты әріптестіктің тиімділіктеріне тоқталды.
Форум қорытындысында Қазақстан Республикасы Қарағанды облысы мен Беларусь Республикасы Брест облысы арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы келісімді жүзеге асыру шараларының жоспарына және екі тараптың кәсіпорындары мен бизнес құрылымдары арасында бірқатар келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды.
Сондай-ақ, қарағандылық «Сарыарқа» технопаркі мен белорусстік «Ғылыми-техникалық зерттеулерді енгізу Орталығы» ғылыми-технологиялық паркі арасындағы ынтымақтастық құжат жүзінде рәсімделді. Дәл осындай келісім Қарағанды облысы, Абай ауданының «Шанс» шаруа қожалығы мен мал шаруашылығын асылдандыру жөніндегі Белоруссия мемлекеттік бірлестігі арасында және «Топар» асыл тұқымды шаруашылығы» ЖШС мен «БелАгроСистемаСервис» бірлестігі арасында жасалды. Ал, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің іскерлік ынтымақтастықтағы әріптестері ретінде Республикалық кәсіптік білім институты мен Белоруссия ұлттық техникалық университеті өзара келісім құжаттарын рәсімдеді.
Жергілікті және қазақстандық БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Бауыржан Түйтеұлы:
– Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сыртқы саясаттағы сұңғыла бағыты жас мемлекеттің әлемдік аренадағы зор беделін қалыптастырды. Бүгінгі таңда тұтас ел ғана емес, жекелеген аймақтардың өзі әлемдік қауымдастық алдында бағын сынап, іскерлік әріптестікті дамыту мүмкіндігіне жол ашты, – деп, бүгінгі форумға қарағандылықтар экономиканың жетекші салалары бойынша жобаларын ұсынғанын, әріптестікке ниет танытушы тарап та маңызды жобаларымен қызықтырғанын және әлеуметтік-экономикалық бағыттағы бірқатар келісімдер мен меморандаумдарға қол қойылғанын атап өтті.
– Мұның барлығы біздің аймақтар арасындағы іскерлік әріптестікті нығайтып, халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға септігін тигізетін болады, – деді облыс әкімі.
Сол күні Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев Беларусь Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Михайл Русыймен ресми түрде кездесті.
Өз сөзінде Қазақстан мен Белоруссия арасында ынтымақтастықты дамытуға мол мүмкіндік бар екендігіне кеңінен тоқталған Михайл Русый:
– Біздің өзара ынтымақтастығымызды дамытудың негізгі тетігі ретінде көмір өнеркәсібін, ауыл шаруашылығын, ғылымды дамыту және инвестиция мәселелерін атауға болады, – деді.
Ал, Бауыржан Әбдішев бүгінгі сапар мақсатын егжей-тегжейлі баяндай келе, Қарағанды облысы мен Белоруссия аймақтары арасында 1996 жылдан бері ынтымақтастық орнап, бұған дейін іскерлік әріптестік жөніндегі 6 келісімге қол қойылғанын және олар әлі күнге дейін іскерлік байланысқа дәнекер болып келе жатқанын ерекше атады. Кездесуде екі елге ортақ қызмет ететін сүт өнімдері фермаларын ашу, Белоруссияда қой, жылқы шаруашылықтарын дамыту, Қарағандыдан Белоруссияда жасалған ауыл шаруашылығы техникаларына қызмет көрсететін орталықтар ашу және фармацевтика саласын дамыту, маман даярлау ісін жетілдіру мәселелері төңірегінде келелі әңгіме өрбіді.
– Мен біздің Беларусь Республикасына жасаған бұл сапарымыз жемісті ынтымақтастықтың және берік достығымыздың бастауы болатынына сенімдімін, – деді Бауыржан Әбдішев. – Менің басты мақсатым – сіздермен бөліскен терең білім, пайдалы тәжірибе арқылы өз қорымды байытып қайту.
Өзара ынтымақтастық мәселелері Брест облысы губернаторының міндетін атқарушы Михайл Юхимукпен болған кездесу барысында да кеңінен пысықталды. Бұл кездесуде ең әуелі ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі және өңдеуші салалар бойынша әріптестік мәселелеріне зор мән берілді.
– 2008 жылы жасалған Брест облысы мен біздің аймақ арасындағы ынтымақтастық жөніндегі келісім іс жүзінде өз маңыздылығын көрсетті. Біз осы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыратын әрі нығайтатын боламыз, – деді Қарағанды облысының әкімі.
Михайл Юхимук те өз сөзінде қарағандылықтарды ағымдағы жылдың 25 сәуірінде өтетін республикалық форумға шақырды. Сонымен бірге, ол сарабдал саясатымен Қазақстанның дамуы мен гүлденуіне кепіл болып отырған ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа деген белоруссиялықтардың шексіз құрметін жеткізді.
10 сәуір күні қарағандылық делегация бірқатар өндірістік нысандар мен агроөнеркәсіп кешендерінде болды.
Әуелі біздің делегация «Унибокс» компаниялар тобы» кәсіпорнының агрофермасында болып, заманауи үлгідегі сиыр базасын, сауын цехын аралады. Бір сәтте бірнеше сиырды саууға арналған сауын қондырғысының жұмысымен танысып, мүйізді ірі қараға арналған жемшөп сапасын сараптайтын зертханада болды.
Осыдан кейін қарағандылықтардың ат басын тірегені – Минск трактор зауыты. Мұнда меймандар ашық аспан астындағы техника көрмесін тамашалап, трактор құрастыру цехын аралады. Зауыт мамандарының айтуынша, мұнда әрбір төрт жарым минутта бір трактор құрастырылып, бір мезетте бір желіден 50 трактор шығарылады. Трактор зауытында болған кезде қос тараптың өкілдері Қарағандыда Белоруссия тракторларына сервистік қызмет көрсететін және жөндейтін орталық ашу мәселесін талқылады. Оған түрткі болып отырған жағдай - біздің аймақта күрделі жөндеуді қажет ететін 5000 шамасында трактор бар. Алдын ала жасалған келісім бойынша Қарағандыдан ашылатын орталықта Минск трактор зауытында білімін жетілдірген жергілікті мамандар жұмыс істейтін болады.
Біздің делегация бас сұққан тағы бір нысан – коммуналдық салаға және ауыл шаруашылығына қажетті, сондай-ақ, қар тазалайтын техникалар өндіретін «Амкодор» бірлестігі. «Амкодор» бірлестігінің құрамына жылына 5 мың бірлік техника шығаратын 14 серіктес компания кіреді.
Бұл жерде қарағандылық «ГеоМаш» ЖШС базасында сервистік орталық және «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы жанынан бірлескен кәсіпорын ашу мәселелері талқыға түсті. Белоруссия тарапынан бұл жобаны жүзеге асыру үшін Қарағандының мүмкіндігі зор екендігі және бұл жобаны «Металлургия – металл өңдеу» кластері негізінде іске асыруға болатындығы айтылды. Сонымен қатар, «Амкодор» бірлестігінің басшылығы Қарағандыдан астық кептіруге арналған техника өндірісін ашуға дайын екендіктерін жеткізді.
Өз кезегінде Бауыржан Әбдішев Қарағанды облысы коммуналдық шаруашылықтарының паркін жаңарту мақсатында көпфункциялы коммуналдық техникаларды сатып алуға ынталы екендігін айтты. Ол сондай-ақ, барлық талқыланған мәселелер бойынша қосымша келіссөздер жүргізіліп, нәтижесінде екіжақты тиімділігімен ерекшеленетін келісім шарттарға қол қойылатын болады деді.
Сапар барысындағы соңғы нысан – «БелАЗ» ААҚ. Бұл кәсіпорын жылына 2 мыңнан астам ауыр жүк көліктерін шығарады. Қарағанды облысының әкімі аталған кәсіпорынның тарихи мұражайында болып, қонақ кітабына қолтаңба қалдырды.
Бұдан кейін делегация мүшелері 60 тоннаға дейін және 60 тоннадан жоғары жүк көтеретін ауыр жүк көліктерін құрастыратын кәсіпорнының шағын және үлкен цехтарында болып, өндіріс тынысымен танысып, дайын өнімдерді тамашалады.
Кәсіпорын әкімшілігімен жүргізілген келіссөз нәтижесінде Қарағандыдағы «ҚазБелАЗ» бірлескен кәсіпорнында ағымдағы жылдан бастап жылына жүк көтерімі әртүрлы 30 автокөлік жөндеу туралы шешім қабылданды, ал үстіміздегі жылдың сәуір айында «КазБелАЗ» БК қазақстандық сертификатты толықтай иеленетін болады.
Осымен қарағандылық делегацияның Беларусь Республикасына жасаған сапары өз мәресіне жетті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 

Жаңалықтардың лентасы

Сіз мемлекеттік қызметтерді алу кезінде ҚР «Электрондық үкіметінің» порталын қолданасыз бе?
Мұрағат
19 Маусым 2013
Караганда Другие города
+21 °C
без осадков,малооблачно
С, 3 м/с
19 Маусым 2013
Доллар США   151.35
Евро   202.55
Российский рубль   4.74
© 2005-2020 Қарағанды облысы әкімдігінің ресми ақпараттық порталы
Сайт материалдарын пайдаланғанда ақпарат алған көзге сілтеме жасау міндетті
Әзірлеуші және қолдаушы: «Creatida» интернет-компаниясы