11-Сәуір-2013 - Облыс әкімі зиялы қауым өкілдерімен кездесті
11 сәуірде облыс әкімі Бауыржан Әбдішев зиялы қауым өкілдерімен кездесті.
Көне дәуірден күні бүгінге дейінгі өркенді өлкеміздің өзгерістері жайлы сыр шертетін облыстық тарихи-өлкетану мұражайында болған алқалы жиынға жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылыми мекемелердің басшылары, шығармашылық ұжым өкілдері, ақын-жазушылар қатысты.
Кездесу басында аймақ басшысы «Мәдени мұра» көрмесімен және мұражайдағы өзге де жәдігерлермен танысып, «Сақ мәдениеті» залын көріп шықты.
- Сарыарқа жері – қазақтың қазба байлығының ғана емес, өшпес өнерінің, мәуелі мәдениетінің және қатпарлы тарихының алтын кеніші. Олай болса, қазыналы Қарағанды жерінің, қазақтың өнері мен мәдениетін дамытуға өлшеусіз үлес қосып жүрген сіздермен кездесіп отырғаныма өте қуаныштымын,- деп бастаған Бауыржан Әбдішев өңірдің рухани саласындағы қол жеткен жетістіктер мен өзекті мәселелерге кеңінен тоқталды.
Мәдениет саласын тұрақты түрде қаржылық қолдау көрсетудің нәтижесінде саласында материалдық-техникалық базасын едәуір нығайтуға қол жеткізілді. Мысалы, тек өткен жылдың өзінде Қарағанды облысының даму бағдарламасы аясында мәдени мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 250 млн. теңге шамасында қаражат бөлінді. Биылғы жылы «Жұмыспен қамту-2020» және «Моноқалаларды дамыту» бағдарламалары шеңберінде мәдени мекеме ғимараттарын жөндеуге 170 млн. теңге бөлініп отыр.
Жақында ғана қойылған облыс әкімдігі мен «ENRC Kazakhstan» ЖШС арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға сәйкес аталмыш компания Қ. Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің симфониялық оркестрінің әртістеріне, К. Станиславский атындағы театр мен Академиялық музыкалық комедия театрының әртістеріне қосымша төлемақы төлейтін болады.
Биылғы жылы облысымызда бірнеше айтулы мерейтойлар аталып өтіледі. Дәлірек айтқанда, Астананың 15-жылдығы, әйгілі әнші Әміре Қашаубаевтың 125-жылдығы, Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің 75-жылдығы, музыкалық академиялық театрдың 40-жылдығы және Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайдың 35-жылдығы.
- Сіздердің тікелей атсалысуларыңызбен бұл мерейтойларды да лайықты деңгейде атап өтеміз деген сенімдемін, - деді облыс басшысы.
Ол сондай-ақ біздің облысымызда өте қуатты ғылыми және білім беру әлеуетінің бар екендігін атап өтті. Ондаған жоғары және арнаулы орта білім беру мекемелері, ғылыми-зерттеу және жобалау институттары ғылым саласын өрге сүйреп келеді.
Олардың ғылым, техника, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы салалары бойынша жүргізген іргелі және қолданбалы зерттеу жұмыстарының нәтижелерін әлемнің көптеген елдері мойындап отыр.
Дегенмен Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған инновациялық индустриаландыру саясаты жоғары оқу орындарының, жалпы білім беру мекемелерінің алдына жаңа ауқымды міндеттер қойып отыр. Оның ішінде, ең алдымен, қазіргі заман талаптарына сай келетін біліктілігі жоғары маман даярлау – бүгінгі күнгі ең басты мәселеге айналды.
Жаңа буынның мамандарын дайындау мақсатында сонау 1994 жылы ел Президенті халықаралық «Болашақ» стипендиясын тағайындаған болатын. Бұл қарағандылық үздік түлектерге Еуропа мен АҚШ алдыңғы қатарлы оқу орындарында білімін жалғастыруға мүмкіндік берді.
- Дегенмен біздің жоғары оқу орындарымыздың да осал емес екендігін атап өткеніміз жөн. Олардың ұшырған түлектері – білімі мен біліктілігі өте жоғары бәсекеге қабілетті мамандар. Әрине, қолында дипломы бола тұра жұмыс таба алмай сенделіп жүрген жастар да жоқ емес. Сондықтан өңірдің барлық жоғары оқу орындары кадр даярлауда жұмыс берушілердің сұранысы мен еңбек нарығындағы жағдайды ескеріп, назарға алуы тиіс, - деді облыс әкімі.
Осыдан кейін сөз алып сөйлеген зиялы қауым өкілдері өздерін мазалап жүрген көкейкесті мәселелерін айтып, ойларын ортаға салды. Атап айтқанда, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру бағытында нқты жұмыстар жүргізу, облыс аумағында тарихи жер-су атауларын қалпына келтіру, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановқа ескерткіш орнатып, көшеге есімін беру, өнер ұжымдарына келетін жас мамандарға баспана бөлуге көмектесу және өзге де өзекті мәселелер көтерілді. Кездесу соңында облыс әкімі барлық ұсыныстарды мұқият қарастырып, тиісті шешімдерді қабылдайтындығын айтты. Айрықша атап өтерлігі – келелі кездесуде «Сарыарқа кітапханасы» сериясымен сонау Бұқар бабамыздан бастап бүгінгі күнге дейінгі ақын-жазушыларымыздың, қайраткер тұлғаларымыздың еңбектері қамтылатын 100 томдық таңдамалы жинағын шығару туралы маңызды шешім қабылданды.