15-Сәуір-2013 - Облыс әкімі поляк делегациясымен кездесті
15 сәуірде облыс әкімі Бауыржан Әбдішев өңірімізде жұмыс сапарымен келген поляк делегациясымен кездесті.
Кездесуге поляк жағынан делегация басшысы, Варминьск-Мазур воеводасының (облыс) маршалэгы, Воеводалар Одағының басқарма төрағасы Яцек Протас, Подкарпатск воеводасының маршалэгы, Воеводалар Одағының басқарма төрағасының орынбасары Мирослав Карапыта, Люблинск воеводствосының маршалэгы Кшиштоф Хетман және басқалары болды
Бауыржан Әбдішев келген қонақтарға Қарағанды облысы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбек және саяси атамекені жайлы, өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде және сыртқы экономикалық байланыстар мен аймақтың инвестициялық мүмкіндіктері туралы әңгімелеп берді.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қарағанды облысының Польша Республикасымен сыртқы сауда айналымы 37,6 млн. АҚШ долларын құрады. Көмір, кокс және жартылай кокс экспортталып, дәрі-дәрмектер, гигиеналық және косметикалық заттар, құрылыс материалдары, автомобильдердің қосалқы бөлшектері, машиналар мен механизмдер, бульдозерлер мен автогрейдерлер әкелінеді.
- Сіздердің елдеріңізбен сауда көрсеткіштері бұдан да қомақты болуына мүмкіндіктер бар. Сондықтан сауда айналымын кеңейте түсу қажет деп есептеймін. Қазақстандық және поляк кәсіпорындарының арасындағы ынтымақтастық стратегиясын жасауды ұсынамын, - деді облыс әкімі.
Ол көмір және тау-кен өндірісі, машинажасау, энергетика, жеңіл өнеркәсіп, химия және фармацевтикалық өнеркәсіп, құрылыс индустриясы, агроөнеркәсіп кешені мен туризм салаларында ықпалдастықтың келешегі өте зор екендігіне тоқталды.
- Осы айтылғандардың бәрі Қарағанды облысының даму деңгейі, оның инвестициялық мүмкіндіктері туралы сіздердің таным-түсініктеріңізді кеңейте түсті ғой деген ойдамын. Бүгінгі кездесу алдағы уақытта іскерлік қарым-қатынастарымызды дамыта түсуге септігі тиеді деп сенемін, - деді аймақ басшысы.
Осыдан кейін сөйлеген Яцек Протас, Мирослав Карапыта мен Кшиштоф Хетман облыс әкіміне алғысын білдіріп, Польша Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару тәжірибесі жөнінде айтып өтті.
Бауыржан Әбдішев мұндай тәжірибенің біздің елімізде де кәдеге жарауы мүмкін екендігін айтып, ал алдағы күзде Қарағанды облысында қазақстандық-поляк кәсіпкерлерінің форумын өткізудің жоспарланып отырғандығын жеткізді.
Кездесуден кейін поляк делегациясы Оңтүстік-Шығыс ауданындағы католик шіркеуінде болып, артынан Спасск мемориалдық кешеніне барып, құрбан болған жерлестерінің басына гүл шоқтарын қойды. Бұл жерде 1996 жылы поляктың саяси қуғын-сүргін құрбандарына ескерткіш белгі қойылған болатын. Осыдан кейін қонақтар «Қарағанды-Арена» мұз айдыны сарайын, С. Сәпиев атындағы боксты дамыту орталығы және Теннис орталығын көріп, тамашалады.
Ал, кеше поляк меймандарымыз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің Теміртау қаласындағы Тарихи-мәдени орталығымен танысқан болатын.