21-Сәуір-2013 - Зейнетақы жүйесін реформалау – заман талабы
19-20 сәуірде Қарағанды облысында Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов жұмыс сапарымен болды.
Сапардың мақсаты – еліміздегі зейнетақы жүйесінің жай-жапсарын халыққа түсіндіру болатын.
Жұмыс сапары барысында министрлік басшысы Теміртау қаласы, Бұқар жырау және Осакаров аудандарының мемлекеттік мекеме басшылары мен қоғам өклдерімен кездесті.
Кездесуді кіріспе сөзімен ашқан облыс әкімі Бауыржан Әбдішев бүгінгі күні біздің өңірімізде 183 мың зейнеткердің бар екендігін, олардың жалпы тұрғындар санының 13% құрайтындығын айтып өтті. Ал, оның ішінде Теміртау қаласында 26 мың зейнеткер тұрады.
- Мемлекет басшысы еңбек нарығының тиімділігін арттыру, жұмысқа қабілетті тұрғындарды еліміздің жаңа экономикасына мейлінше молынан тарту туралы нақты міндеттер қойған болатын. Сондықтан бүгінде жұмыспен қамтуды белсенді жүргізу саясаты біздің мемлекетіміздің ең басты әлеуметтік басымдықтарының біріне айналып отыр, - деп атап айтты аймақ басшысы.
«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде облыстағы жұмыссыздық деңгейі төмендеп, 2012 жылмен салыстырғанда 5,2% құрады. Тұрғындардың нақты ақшалай кірістері 7,3%, еңбекақы - 11,7% көтерілді. 34 мыңнан аса жұмыссыздар еңбекпен қамтылды, оның ішінде Теміртау қаласы бойынша 4 мыңға тарта адам жұмысқа орналастырылды. Атаулы әлеуметтік көмекті аз қамтылған 10 878 азамат, оның ішінде Теміртауда – 283 адам тұрақты түрде алып отырады. Биылғы жылы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын жүзеге асыруға 2,5 млрд. теңге қарастырылып отыр. Бұл қаражат жұмыссыз азаматтарды оқытуға, әлеуметтік жұмыс орындарын құруға және биылғы жылдың жоо түлектерін жастар тәжірибесіне жіберуге жұмсалатын болады.
Осыдан кейін сөйлеген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі зейнетақы жүйесін реформалау жайына кеңінен тоқталды. Сондай-ақ ол жиналған жұртшылықтың көкейіндегі көптеген сауалдарға жауап берді.
Еңбек ұжымдары мен қоғам өкілдерімен болған осындай кездесу Қарағанды қаласында да өткізілді.
Сонымен қатар Серік Әбденов Теміртау мен облыс орталығындағы «Нұр Отан» ХДП қоғамдық қабылдауларында азаматтарды қабылдады.
Зейнетақы жүйесіндегі жаңғырту шараларын жан-жақты түсіндіруге арналған тағы бір кездесу 20 сәуірде Жезқазған қаласында да болып өтті.