01-Мамыр-2013 - Балалар үйлерінің түлектері баспаналы болды
Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес Қарағанды облысында әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру, оның ішінде тұрғындардың, әсіресе мемлекет қолдауына зәру жандардың баспана мәселесін жақсарту жұмыстары табысты іске асырылып келеді.
Осындай мемлекеттік қолдаудың бір түрі 2011-2013 жылдарға арналған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз етудің кешенді жоспары болып табылады.
Аталмыш жоспар жүзеге асырыла бастаған екі жылдың ішінде осы санаттағы 159 азамат үйлі болды, ал биылғы жылы тағы 118 пәтер бөлінетін болады.
1 маусымда облыс әкімі Бауыржан Әбдішев салтанатты түрде өңірдегі балалар үйлерінің бұрынғы түлектеріне 17 жайлы пәтердің кілтін тапсырды. Олардың барлығы бүгінгі күні қажетті білім алып, өмірден өз орнын тапқан жандар. Тек баспана мәселесі ғана оң шешімін таппай жүрген еболатын.
- Бүгін - сіздердің өмірлеріңіздегі аса бір қуанышты күн. Себебі, бүгін сіздер баспана кілтін алғалы тұрсыздар. Әрине, кез келген адам, әсіресе жастар үшін тұрғын үй – бұл өте өзекті мәселе. Оның ішінде балалар үйінен шығып, үлкен өмірге қадам басқан жастар үшін осы мәселенің маңызы тіпті ерекше. Сондықтан да бүгінгі күні Елбасымыз, мемлекет басшылығы бұл бағытта ауқымды жұмыстарды қолға алып отыр. Кәсіптік білім беру, жұмыспен қамту мемлекеттік маңызды міндеттердің біріне айналды, деп атап айтты аймақ басшысы.
Бұл пәтерлер Майқұдықтағы 19 ықшам ауданда бұрын емхана болған ғимаратта орналасқан. Тұрғын үйді қайта жаңғырту мен жөндеу жұмыстарына 114 млн. теңге бөлінген болатын. Жөндеу жұмыстарымен қатар үйдің айналасы да абаттандырылып, шағын сәулеттік пішіндермен безендірілді.
Жаңа қоныс иелерінің атынан балалар үйінің түлегі Виктория Буздуган ақжарма алғыстарын білдірген соң қазақ дәстүрімен шашу шашылды.
Осыдан кейін облыс басшысы жаңа үйге ие болған Толғанай Жүсіптің пәтеріне кіріп, құттықтады.
- Бұл үй сіздерге құтты қоныс, жайлы шаңырақ болады деген сенімдемін, - деді Бауыржан Әбдішев.