Размер шрифта:




Цвет сайта:

белый фон, чёрный текст чёрный фон, белый текст
Размер шрифта:

Жаңалықтар


02-Мамыр-2013 - Ортақ тарихқа – орасан тағзым

2 маусым күні Латвия Республикасының Президенті Андрис Берзиньш Қазақстанға жасаған ресми сапары аясында Қарағанды облысына да ат басын тіреді.
 
«Сарыарқа» әуежайында мәртебелі мейманды облыс әкімі Бауыржан Әбдішев пен Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Смағұлов қарсы алды.
Қысқа ғана уақытқа созылған кездесу барысында облыс әкімі Латвия Президентін аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму тынысымен таныстырып, әр түрлі салалар бойынша екіжақты ынтымақтастыққа негіз боларлықтай әлеуетті мүмкіндіктер бар екендігін жеткізді.
Бұдан әрі Латвия Президентінің ресми сапары Спасскідегі мемориалдық кешенде жалғасып, бұл жерде сталиндік репрессияның құрбаны болған латыш боздақтарының рухына қойылған ескерткіш белгінің ресми ашылуы болды.
Мәртебелі мейман ескерткіш белгіге гүл шоқтарын қойып, жиналғандар жазықсыз құрбан болғандарды бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
Екі елдің – Қазақстан Республикасы мен Латвия Республикасының Әнұрандары асқақтады.
Латвия Президенті және онымен бірге келген ресми делегация алдында сөз алған облыс әкімі қазақ және латыш халқының сан ғасырлық тарихы қаншалықты жарқын болғанымен, қанмен жазылған қасіретті беттері де жоқ емес екендігіне ерекше тоқталды. Қарт тарихтың қаралы беттерінде ондаған жылдар бойы билік құрған тоталитарлық жүйенің қолтаңбасы бар.
– Бұл – біздің мәңгі ұмытуға болмайтын ортақ тарихымыз. Сіздің Қазақстанға жасаған тұңғыш сапарыңыздың кешегі қуғын-сүргін жылдарында көптеген ұлт өкілдерінің тұрағына айналған қасіретімен белгілі ҚарЛаг аумағындағы Спасск мемориалынан басталуында да зор маңыз жатыр. Жазықсыз жаланың құрбаны болып, Қарлаг дәмін татқандардың қатарында Сіздің елдің де жүздеген ұл-қыздары болды. Міне, бүгін сол боздақтардың рухына ескерткіш белгі қойылып отыр,– деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар, облыс әкімі жазықсыз жапа шеккендер рухына тағзым ету дәстүрі Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні 1997 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен белгіленуі арқылы мүмкін болғанына және Қазақстан посткеңестік кеңістекте репрессия жылдары жапа шеккендерге қатысты тарихи ақиқатты қалпына келтірген бірден-бір ел екендігіне айрықша тоқталды.
Бүгінгі таңда Қазақстан 100-ден астам ұлт пен ұлыстың жарасымды тірлігінің бесігіне айналған. Олардың алдында біздің ата-бабаларымыздың асқақ арманы болып келген жоғары деңгейде дамыған, гүлденген, құқықтық мемлекет құру деген ортақ мақсат қана бар.
– Осы аяулы арман мен межелі мақсатқа біздің ұрпақ және біздің балаларымыз бен немерелеріміз қол жеткізетін болады. Ол үшін бізде бәрі – біздің Президентіміз, тәуелсіз Қазақстан және оның көпұлтты халқы бар, – деді облыс әкімі сөз түйінінде.
Өз кезегінде Латвия Президенті Андрис Берзиньш мырза ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа шексіз алғысын арнады. «2004 жылы бізге саяси қуғын-сүргін құрбандарының істері сақталған мұрағаттарға кіру мүмкіндігі туды. Дәл осы топырақта қанша қандасымыздың болғаны және қанша адамның мұнда қалғаны бізге әлі күнге дейін белгісіз. Ең бастысы – біздің бұл сапарымыз тарихымызды қайта таразылауға септігін тигізетін болады».
Құрбандарды мәңгі есте қалдыру мақсатында жасап жатқан игі істеріңіз үшін Сіздерге мың алғыс. Біз бүгін ашып отырған бұл ескерткіш Қазақстанға қадам басқан әрбір отандасымыздың ат басын бұрып, тағзым етер қасиетті орынға айналары да даусыз. Бұл жерде латыш халқының көптеген ұл-қыздары қаза тапты. Біз олардың рухына мәңгі тағзым етеміз, – деді Латвия Президенті.
Ескерткіш тақтаның ашылу рәсімінде саяси қуғын-сүргін құрбандарының Латвиядағы бірлестігінің жетекшісі Гунарс Реснайс пен Латвия сеймінің депутаты Валдис Лиепиньш сөз сөйлеп, рухты құрметтеудегі қазақстандық үлгіге ризашылықтарын білдірді.
Еске алу шарасы одан әрі жалғасып, Латвия Президенті ұлтына, ұлысына бөлмей, барлық елдің құрбандарына Қазақстан орнатқан ескерткішке тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Сол күні Андрис Берзиньш Астана қаласына ұшып кетті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Жаңалықтардың лентасы

Сіз мемлекеттік қызметтерді алу кезінде ҚР «Электрондық үкіметінің» порталын қолданасыз бе?
Мұрағат
6 Қазан 2013
Караганда Другие города
+7 °C
без осадков,облачно
Ю-В, 4 м/с
6 Қазан 2013
Доллар США   154.15
Евро   209.80
Российский рубль   4.80
© 2005-2020 Қарағанды облысы әкімдігінің ресми ақпараттық порталы
Сайт материалдарын пайдаланғанда ақпарат алған көзге сілтеме жасау міндетті
Әзірлеуші және қолдаушы: «Creatida» интернет-компаниясы