26-Маусым-2013 - Құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы болып өтті
26 шілдеде облыс әкімі Бауыржан Әбдішевтің төрағалығымен құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы болып өтті.
Жиында жол қозғалысының қауіпсіздігі мен мемлекеттік органдардың осы бағыттағы атқарған жұмыстары қаралды. Аталған мәселе бойынша облыстық ішкі істер департаментінің жол полициясы басқармасының басшысы Ерік Мақанов, ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің Қарағанды департаментінің директоры Қанат Шаймин, сондай-ақ облыстық жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары басқармасының басшысы Абайділда Санаубаров баяндама жасады.
Осыдан кейін Қарағанды, Балқаш қалаларының, Шет және Жаңаарқа аудандары әкімдерінің Қарағанды облысы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша өңірлік бағдарламасын жүзеге асыру барысы туралы есептері тыңдалды.
Атап айтқанда, облыс орталығында қоғамдық тәртіпті сақтауға елеулі ықпал жасап келе жатқан қоғамдық жасақтар құру бойынша кешенді жұмыстардың жүргізіліп келе жатқандығы аталып өтілді. Бүгінгі күнге Қарағандыда осындай 12 жасақ жұмыс істейді. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде ерікті халықтық дружиналар жұмысы арқылы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған жоба да жүзеге асырылуда. 10 ықшам ауданда полицияның учаскелік бекеттерінің жанынан қоғамдық кеңестер құрылған. Көшелер мен қоғамдық орындардағы тәртіпті, қауіпсіздікті сақтау мақсатында көше, аула, үй кіреберістерін жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесіне айрықша назар аударылуда. Қарағандыда жастармен жұмыс орталығы құрылып, жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытында табысты жұмыс жүргізіп келеді.
Осында кешенді жұмыстар Балқаш, Шет пен Жаңаарқа аудандарында да атқарылуда.
Отырыс қорытындысы бойынша комиссия жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алудың өңірлік бағдарламасын жүзеге асыруға қатысты бірқатар тапсырмалар берді.