Үстіміздегі жылдың сегіз айында облыс бойынша 59 шенеунік жемқорлық әрекеттері үшін жауапқа тартылды. Бұл туралы «Нұр Отан» ХДП жанындағы Жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесінің Қарағандыда өткен көшпелі мәжілісінде мәлім болды.
Кеңес төрағасы Оралбай Әбдікәрімовтың төрағалығымен өткен жиында партияның облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламасының іске асу барысы қаралды. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Әбдіров бас партияның бастамасымен қолға алынып жатқан «Жемқорлыққа қарсы әрекет» атты Заң жобасын таныстырды. Отырыста жоба жан-жақты талқыланып, барлық қатысушылардың оң бағасын алды.
Сондай-ақ, мәжілісте облыс әкімі, «Нұр Отан» ХДП Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бауыржан Әбдішев баяндама жасады.
– Ел дамуының жаңа кезеңінде Мемлекет басшысы бірқатар стратегиялық бағыттарды белгілеп берді. Оларды іске асыру егемен елімізді одан әрі экономикалық, әлеуметтік және саяси дамытуға жол ашатыны сөзсіз. Әрине, бұл орайда қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағытының басты міндеттерінің бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту болып табылады. Жақында өткен халықаралық конференцияда сөйлеген сөзінде Елбасы: «Жемқорлықпен күрес тек қылмыскерлерді жазалау шарасы емес. Ол – мемлекет пен қоғамның күнделікті біртұтас кешенді жұмысы» деп атап көрсетті,– деген Бауыржан Түйтеұлы бұл бағытта облысымызда бірқатар жұмыстар атқарылып жатқандығын сөз етті.
– Партияның облыстық филиалының жұмысы партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлының жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі тапсырмаларын орындауға, «Қазақстан. Мақсаттар – 2017. Ұлттық іс-қимылдар жоспары» – Сайлауалды тұғырнамасы – бағдарламалық құжаттарында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған,– деді аймақ басшысы.
Жемқорлықпен күрес – жалғыздың майданы емес. Қазіргі шақта облыс көлеміндегі 22 қалалық және аудандық филиалдардың құрамында 516 бастауыш партия ұйымы бар. Онда 96 мың адам мүшелікте. Міне, жемқорлықпен шайқаста осы «нұротандықтар» өзгелерге өнеге болып, алда жүруі тиіс.
Бүгінде партияның барлық әлеуеті сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күреске бағытталып отыр. Әсіресе, әлеуметтік маңызды мемлекеттік және салалық бағдарламалардың барысына партиялық, қоғамдық қадағалау жасауға, жемқорлықпен күреске және партия ішіндегі тәртіпті нығайтуға назар жіті. Салмақты мәселелер кеңінен қарастырылып, жемқорлық құқық бұзушылықтарға баса көңіл бөлінуде.
Сөзіміздің айқын дәлелі – 2011 жылы партияның 64 мүшесі партиялық жауапкершілікке тартылып, сыбайластыққа араласқаны үшін 14 адам «Нұр Отанның» мүшелігінен шығарылды. Өткен жылы партиялық бақылау комиссиясы 41 адамды жауапқа тартты. Оның 23-і «бармақ басты, көз қыстыға» жол бергені анықталып, 11 мүше партия құрамынан шеттетілді. Ал, үстіміздегі жылдың сегіз айында жемқорлық жасаған 16 мүшенің 4-еуі партиядан «қуылды».
Жемқорлықтың алдын алуда Қоғамдық кеңестің рөлі ерекше. Олардың басты міндеті – жемқорлықпен күресу. Осы мақсатта биыл 12 антикоррупциялық акция ұйымдастырылып, 92 семинар өткізілді. Мұнда білім беру, денсаулық сақтау және төтенше жағдайлар және тағы да басқа салалардағы жемқорлық деректері сөз болды. Басшылардың есептері тыңдалып, отырыстардың қорытындысы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.
Жемқорлықпен күресті тиімді ұйымдастыруда облыс әкімдігі мұрындық болуда. Әкімдік барлық мемлекеттік органдармен тізе қосып, 2011-2015 жылдарға арналған жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламасын жүзеге асыруда. Осыған сәйкес жоспар түзілді. Жемқорлықпен күрес жөніндегі комиссия құрылды. Комиссия отырыстарында мемлекеттік органдар жетекшілері, қалалар мен аудандар әкімдері есеп беріп, нәтижесі сарапқа салынды. Үкіметтік емес ұйымдар мен тұрғындардың қатысуымен жиі-жиі көшпелі мәжілістер ұйымдастырылып тұрады.
Шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына да залал келтіретін бірден-бір кеселдердің бірі – жемқорлық екені анық. Бюрократ шенеуніктер мен басты ауыртқан қағазбастылық көбіне көп ісін жаңа бастаған жандардың аяғына – тұсау, қолына – байлау болып оралатыны белгілі. Осы орайда кәсіпкерлердің қажетін ашу үшін кәсіпкерлікті дамытуға арналған 9 орталық құрылып, мобильді орталықтың жұмысы жолға қойылды. Аталған орталықтардың көздегені сол – әкімшілік кедергілерді азайтып, кәсіпкерлер үшін қолайлы бизнес-климат жасау.
Негізгі бағдарламалық құжаттарды түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жалғасып келеді. Деректерді келтірер болсақ, 2011 жылы – 450, 2012 жылы – 387, жыл басынан бері 262 ақпараттық іс-шара өткізілді.
Әрине, мемлекеттік қызметкерлердің азаматтық сана-сезімі мен кәсіби білігін көтермей, жемқорлықты тамырымен жою мүмкін емес. Осы үшін облыста мемлекеттік қызметкерлерді қайта даярлап, біліктілігін жетілдіру орталығы жұмысын бастады. Мұндағы оқу барысында олар жемқорлықпен күрес туралы заңнамалармен тереңірек танысуға мүмкіндік алды. Мәселен, қыркүйек айында ауылдар мен кенттердің жаңадан сайланған 202 әкімі үшкүндік курста оқып, өздеріне жүктелген міндеттер мен жауапкершіліктер туралы хабардар болды. Орталықта 2011 жылы – 1118, 2012 жылы – 1193, ал қазіргі кезге дейін 934 қызметкер білімін жетілдірді.
Жемқорлық деректері жөнінде тұрғындар тікелей хабарлай алатын сенім телефондары ұдайы БАҚ беттерінде жарияланып тұрады. Аудан-қала әкімдерінің азаматтарды қабылдау кестесі бекітілді. Бұған қоса, аймақтағы мектептер базасында азаматтардың антикоррупциялық санасы мен құқықтық сауаттылығын көтеруге арналған университеттер жұмыс істейді.
Жемқорлықтың алдын алуда тұрғындардың шенеуніктермен тікелей қарым-қатынасын шектеу әрекеті маңызды рөлге ие. Осы мақсатта «бір терезе» жүйесі тиімділігін танытып отыр. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметті электронды форматқа көшіру ісінің де пайдасы шаш етектен.
Облыста 39 халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Олардың қызмет көрсету түрлері де жыл санап артып келеді. Мысалы, ХҚКО-лар 2012 жылы 113 қызмет көрсетсе, бүгінде олардың саны 145-ке жетіп отыр.
Былтырғы желтоқсан айында еліміздегі тұңғыш мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды. Орталықтың пайдасы сол, автокөлік құралдарын тіркеудегі қағазбастылықты азайтып, қажетті құжаттардың санын қысқартуға мүмкіндік берді. Осы уақытқа дейін орталық 26 мың адамға қызмет көрсетті.
Бұдан бөлек, мобильді орталықтар жұмыс істейді. Жыл басынан бері 13241 құжат үлестіріп үлгерді.
Алайда, қолға алынған шараларға қарамастан, қазіргі таңда мемлекеттік қызметкерлер тарапынан жемқорлық заң бұзушылықтар тіркеліп отыр. Үстіміздегі жылдың осы мерзіміне дейін Тәртіптік кеңестің ұсынысымен 56 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұл – өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 15 пайызға артық көрсеткіш. Сонымен қатар, оның ішінде, жемқорлық әрекетпен айыпты болған екі тұлға бар.
Қаржылық бақылау органдары 2011 жылдан бері 595 лауазымды тұлғаны тәртіптік жауапкершілікке тартты. 3 іс процессуалды шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына тапсырылды.
Аталған мәселелер жөнінде баяндаған Бауыржан Түйтеұлы жемқорлықпен күресті күшейте беру жөнінде айтты.
– Келтірілген мәліметтердің барлығы біздің әлі де пәрменді жұмыстарды күшейте беру қажеттігін көрсетеді. Бізге партия ішінде де, мемлекеттік қызмет жүйесінде де атқаратын шаруалар жеткілікті, – деді облыс әкімі сөзін аяқтай келе.
Жиын барысында республикалық Кеңестің Сарапшы комиссиясының жетекшісі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Өмірхан Өксікбаев баяндама жасады.
Мәжіліс қорытындысында облыстағы жемқорлықпен күрестің тиімділігін арттыра беруге бағдарланған ұсыныстар мен шешімдер қабылданды.