Өткен сенбі күні облыс әкімі Бауыржан Әбдішев санитарлық тазалық, абаттандыру мен көгалдандыру бойынша жарияланған күзгі екіайлық аясында ұйымдастырылған жалпыоблыстық сенбілікке қатысты.
Санитарлық тұрғыдан тазалауды қажет ететін аумақтардың барлығы бюджеттік мекемелер мен меншіктің барлық түріндегі кәсіпорындарға бекітілген болатын. Ауылдық жерлерде өткен сенбілік барысында тұрғындарға шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтар қолғабысын тигізді.
Ортақ игілікті мақсат еткен халықтық шараға 6490 мекеме мен оқу орындары қатысып, жалпы 122 мың адам жұмылдырылды. Сонымен қатар, сенбілікке 551 техника қатыстырылды. Сондай-ақ, серпінді өткен сенбілік кезінде 14 663 гектар аумақ күл-қоқыстан тазартылып, рұқсат етілмеген аумақтағы 229 қалдық үйіндісі шығарылды. Сыртқы жарықтандырудың 573 нүктесі жөнделді. Сенбілікте көпқабатты үйлердің 113 жертөлесі құрғатылып, тұрмыстық қатты қалдықтарды тастайтын 281 қоқыс контейнері орнатылды. Қала тазалығын сақтауға ат салысқан көпшілік 8154 ағаш көшеттерін отырғызды.