3 қазан күні облыстық әкімдікте облыстық мәслихаттың бюджет және қаржы жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті. Аталмыш комиссияның төрағасы Жомарт Таласбеков ашып жүргізген жиынға облыстық мәслихат хатшысы Нұрлан Дулатбеков, комиссия мүшелері мен облыстық департамент және басқарма өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде қаралған Қарағанды облысы даму бағдарламасының 2012 жылғы орындалысы туралы баяндама жасаған облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Арман Ахметова аймақты дамыту үшін бастау алған жобаларды жіпке тізді. Оның айтуынша, даму бағдарламасымен 5 бағыт, 48 мақсатты өлшем мен 99 нәтижелі көрсеткіш қамтылуы тиіс болатын. Соның ішінде, экономика, әлеуметтік сфера, инфрақұрылым, ауылды жерлерді дамыту, экология және мемлекеттік қызмет көрсету бойынша 2012 жылғы 38 мақсатты өлшем және 88 нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізілген. Дегенмен, машинақұрылысы, металлургиялық өндіріс, шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерінің өнімдерін шығару, ауыл шаруашылығының жалпы өнімдерінің көлемі бойынша көзделген көрсеткіштер толықтай игерілмеген. Өлім көрсеткіші мен жол-көлік апаттарының көрсеткіштері көбейген. Жалпы, 2012 жылы облыстың даму бағдарламасына барлық қаржыландыру көздері арқылы 137,4 млрд. теңге бағытталған.
Жиын барысында, халық қалаулылары бірнеше шешілуі тиісті мәселелер бойынша тиісті мекемелер өкілдеріне сауалдар жолдады. Бұл тұрғыда, бұқараның спортқа бет бұруы да назардан тыс қалмады. Негізінен, облысымыз бойынша 43 спорттық мектептер 6-18 жас аралығындағы жасөспірімдерге тегін қызмет жасауда. Бұл мекемелерде жалпы саны 27310 балаға 952 жаттықтырушы тәлім-тәрбие береді. Еліміз бойынша, спортпен шұғылданатындардың пайыздық көрсеткіші – 21% екенін ескерсек, біздің облыс осы көрсеткіші бойынша бірінші орында – 27,9%-бен. Мысалға, Куряновка кенті мен өзге де қала және қала маңайы бағытындағы қоғамдық көліктердің қатынауындағы қолайсыздықтарды және Теміртау қаласында кезектегі 6000-нан астам бүлдіршінді балабақшаға орналастыру мәселесін де облыстық мәслихат депутаттары сынға алды. Мемлекеттік-жеке меншік серіктестігі арқылы салынуы тиіс балабақшалар құрылысы турасында нақты жауап болмады. Әзірге, жол қатынасын реттеу бойынша келер жылы 135 жаңа автобус сатылып алынатыны ғана айтылды.
Комиссия мүшелерін алаңдатқан мәселелердің қатарында – «Қазақмыс» корпорациясының әлеуметтік нысандарын мемлекет еншісіне беру мен Жезқазған, Сәтбаев қалаларының ауыз сумен қамтылу, Теміртау қаласының экологиялық жағдайы, ауылдық елді мекендерде шағын кәсіпкерліктің үлесін арттыру да болды. Осы тұрғыда, «Қазақмыс» корпорациясының нысандарына және агроөнеркәсіптік кешенге қатысты берілген жауаптар депутаттардың көңілінен шықпай, құзырлы органдардан жазбаша жауаптар алынатын болды. Медиация заңының жүзеге асырылуы барысындағы шараларды да сынға алған комиссия мүшелері, шалғай елдімекендердегі құқық қорғау органдарының жұмысына жағдай жасалуы керегін меңзеді. Ашылуы тиіс учаскелік пункттерді бизнес нысандарының ғимаратына орналастырып, мемлекет бюджетін үнемдеуге болатынын айтты. Учаске инспекторларына қызметтік автокөлік беру керектігін де ескертті. Мәселе кеңінен талқыланып, келер жылы ауылдық жерлердегі 120 учаскелік инспекторға қызметтік автокөлік беру жоспарда бары айтылды. Ал, облысымыз бойынша мұндай инспекторлар саны 370-ке жуық.
Жиын соңында, күн тәртібіне сай, тұрақты комиссияның ұсынысы қабылданды.